Жетісуда жасөспірімдерді заңсыз діни сабақтарға тартқандар әшкереленді

Жетісу облысында "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері ҰҚКД және прокуратура өкілдерімен бірлесіп, жасөспірімдерді тіркелмеген діни ағымға тарту әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеру барысында жатақхана ретінде пайдаланылған бөлмелерден шетелдік діни кітаптар мен оқу материалдары табылды. Ұйымдастырушылардың бұған дейін өздерін қайырымдылық қоры немесе балалар пансионаты ретінде көрсетіп, жасырын сабақтар өткізгені анықталды.

Айта кетейік, биыл наурыз айында Талдықорған қалалық сотының шешімімен осындай жалған қайырымдылық ұйымдары мәжбүрлі түрде таратылған болатын.

Тексеру нәтижесінде:

  • кәмелетке толмағандарды заңсыз діни сабақтарға тартқан ұйымдастырушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды;
  • тұрғын үйде тіркеусіз тұрған төрт «ұстазға» қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды;
  • жасөспірімдердің ата-аналары балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылды;
  • ата-анасы басқа өңірде тұратын бір жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

Қазіргі уақытта аталған тұлғалардың әрекеттеріне қатысты тексеру жалғасуда. Нәтижесінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

Полиция жасөспірімдерді заңсыз діни сабақтарға тарту – заңды өрескел бұзу екенін және ол үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы