Жетісуда жас робототехниктер байқауы өтті

Мектеп оқушылары арасында алғаш рет «РобоЖУ-2024» облыстық робототехника олимпиадасы өтті. Ауыл балалары заманауи техниканы жетік меңгергенін дәлелдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жетісуда жастарды ғылымға баулу үшін түрлі жоба қолға аланып жатыр. Әсіресе, ауыл балаларын IT саласында бағын сынап, роботтар құрауды үйрету маңызды болып отыр. Осы ретте І.Жансүгіров атындағы Жетісу университтінің бастамасымен қызықты іс-шара ұйымдастырылды.

Олимпиадаға қала мен ауылдан келген 50-ден астам оқушы қатысты. Олар өздері ойлап тапқан темір құрылғымен сынға түсті. Үш аталым бойынша роботтардың күшін тексерді.

Бұған мұрындық болған Техникалық ғылымдар жоғары мектебінің робототехника және мехатроника зертханасы. Біз осындай білікті жастардың қабілетін шыңдап қана қоймай, жаңа идея тууына жәрдемдесеміз. Заман ағымына ілескен жас робототехниктер таңғалдырып отыр. Ауылда жатып-ақ құрылғыны ойлап тапқан болашақ ғалымдардың еңбегі зор, - дейді декан Ерлан Сүлейменұлы.

Роботтар LEGO Mindstorms EV3, Arduino және Raspberry Pi микроконтроллер базасында құрастырылған және толық автономды болуы тиісті. Әрі өлшемдері де есептеледі. Мәселен ұзындығы – 25 см, ені– 25 см болуы қажет, ал биіктігі мен салмағына шектеу жоқ.

Олимпиада барысында роботтар арнайы шеңберден бір-бірін итеріп шығуы шарт. Сондай-ақ рингтың сыртына шықпай, ішіндегі орналасқан кегляларды шеңберден итеріп жіберу міндеттеледі. Сызықтан сыртқа шықса, ұпай берілмейді. Екі мүмкіндікті тиімді пайдаланған абзал.

Маған робототехника саласы ұнайды. Осы бағытта жұмыс істеуді армандаймын. Санамда түрлі идея бар, соның бәрін жүзеге асыруға бар күш жігерімді саламын, - дейді қатысушы Алтынбек Енсепов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы