Жетісуда жаңа стадиондар салынады
Жетісу спорт тақырыбына келгенде ауыр атлетикамен айналысатын зілтеміршілерімен және волейболшы қыздарымен мақтанады. Десе де мұнда жүйелі түрде дене шынықтырумен айналысатын халықтың үлесі облыстың жалпы халқының 37,6 пайызын құрайды екен, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Қазір өңірде спорт саласына ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе алыстағы ауылдарда спорт үйірмелері көбірек ашылып, одан бөлек жаңа стадиондардың іргесі қалануда. Биылғы жоспарға көз салсақ, спортқа икемі бар ауылдың қарадомалақтары үшін үлкен мүмкіндіктер тумақ.
Жалпы, Жетісуда 1715 спорт нысаны бар, оның ішінде 5-еуі дене шынықтыру-сауықтыру кешені болса, 25-і балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. Жалпы оқушылар контингенті 22648 адамды құрайды. Мәселен, былтыр 9 спорт нысанының құрылысына 4,1 млрд теңге бөлінген, оның бүгінде 3,5 млрд теңгесі игерілді.
Енді қараңыз, Алакөл ауданына қарасты Достық, Лепсі ауылдарында және Текелі қаласында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, одан бөлек Панфилов ауданына қарасты бірнеше елді мекенде жаңа стадион салынбақ. Сондай-ақ Сарыөзекте күрес залы, Кербұлақ ауданына қарасты Басшы ауылында стадион және Сарқан қаласындағы стадион қайта жаңғыртылмақ. Барлық нысан 2023 жылдың жоспарында тұр.
Көпке белгілі, 2022 жылы жеке инвестор есебінен Ақсу ауданы, Ақсу ауылында 212,0 млн теңгеге 120 орындық спорт кешені пайдалануға берілген еді. Қазір сонда аудан жастары әртүрлі спорт түрлерімен айралысып, алды облыстағы бәсекелерде топ жарып жүр. Одан бөлек облыс орталығында 100 балаға лайықталған жасөспірімдер бокс мектебі ашылды. Қазір жас боксшыларымен республикалық турнирлерге дайындалып жатыр
Халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 1000 адамға шаққанда 51,3 пайызды құрап отыр. Дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың үлесі облыстың жалпы халқының 37,6 пайызын құрайды, - дейді облыстық спорт басқармасының мамандары.
Биыл 7,0 млрд теңгеге 11 спорт нысанын салу жоспарлануда. Өңірдегі шағын Бескөл, Үлкен Шағын, Пенжім секілді ауыл-аймақтарда 270 орындықты стадион бой көтермек. Сонымен қатар Талдықорған қаласындағы орталық стадионда қайта жаңғырту жұмыстары жүреді.
104,0 млн теңгеге Талдықорған қаласында волейбол және жабық хоккей бойынша дайын спорт кешені ашылмақ. Сондай-ақ Қаратал ауданына қарасты Қалпе ауылында спорт кешенін салу жоспарлануда.