Жетісуда жалған бизнес ұсынып, 100 млн теңгеге алдаған "кәсіпкер" әйел сотталды
Жетісу облысында аса ірі көлемдегі алаяқтық жасаған әйелге қатысты сот үкімі шықты. Ол өзін табысты компания басшысы ретінде таныстырып, азаматтарға ұсақ мал жеткізуге байланысты тиімді бизнес жобаны ұсынған.
Жетісу облысында жалған бизнес ұсынып, 100 млн теңгеден астам қаржы жымқырған әйел 5 жылға сотталды.
Тергеу мәліметінше, күдікті өзін табысты компания басшысы ретінде таныстырып, азаматтарға ұсақ мал жеткізуге байланысты тиімді бизнес жобаны ұсынған. Осылайша ол екі азаматты алдап, жалған келісімшарттар мен құжаттар арқылы сеніміне кірген.
Нәтижесінде жәбірленушілер банк арқылы несие рәсімдеп, ірі көлемдегі қаражатты күдіктінің бақылауындағы есепшоттарға аударған. Алайда уәде етілген мал жеткізілмей, ақша жеке мақсатқа жұмсалған, - деп хабарлады Жетісу облысының Полиция департаменті.
Жалпы келтірілген шығын көлемі 100 млн теңгеден асып, аса ірі мөлшер деп танылды. Тергеу барысында келісімшарттардың жалған екені және көрсетілген мүліктің жоқтығы дәлелденді.
Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оны 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар оған осы мерзімге жеке ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды, - делінген хабарламада.
Полиция азаматтарды инвестициялық және бизнес ұсыныстарға қатысқанда мұқият болуға шақырды.