Жетісуда жабайы сауда көбейген
Облыс орталығында сенбілік базар күні жүздеген заңсыз сауда иесі анықталады. Мәселен, Талдықорғанда осы іске қатысты тұлғалар атына 1091 хаттама толтырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімнің сөзін тыңдамайды
Талдықорған қаласының «Біржансал» көшесінің орталық базарға жалғасқан тұсы арбатқа ұласады. Сол арбаттың бойында жабайы сауда жәрмеңкесі орналасқан. Әсіресе демалыс күндері қара халық түрлі азық-түлік сатып, түнгі саудаға да шығады. Мұнда күнделікті тұтынатын тауарлар бағасы дүкендермен салыстырғанда әжептеуір арзан. Сондықтан тұрғын біткен арбатты жағалайды. Осыдан бір жыл бұрын қала әкімі Ернат Бәзіл жабайы сауданы жою мәселесін көтеріп, саудагерлермен жеке кездескен еді. Сауда нүктелерін аралап, тұрғындардың тілегін де тыңдаған. Ондағы мақсаты – заңсыз сауда жасаған қала тұрғындарының ісіне шектеу қою және қала көшелерін ретке келтіру болған. Алайда қала басшысының бұл ісі жүзеге аспады. Ашынған халық жергілікті биліктің сөзін құлағына асқан жоқ.
Қаладағы жабайы сауда мәселесі бізге дейін де көтерілген. Мұнда біз халықты кінәлағымыз келіп отырған жоқ. Дегенмен, жабайы сауда бұлай жалғаса берсе қала халқының бәрі зардап шегеді. Сондықтан қайткенде де бір шешімін тауып, жабайы сауданың алдын алуға міндеттіміз. Жабайы сауда жасауға шыққан тұрғындардың тілегі тыңдалады, олардың бұл қадамға бару әрекетін де саралап, шешім шығарамыз. Қаланың орталығында мұндай ашық сауда жасау шаһар тазалығына кері әсер береді. Тұрғындар барынша біздің де бағытымызды түсінгені абзал, - дейдіқала әкімі Ернат Бәзіл.
Қараңыз, орталық базардың маңындағы көшелердің айналасы – толған жабайы сауда нүктесіне айналған. Мәселенки, Гауһар ана көшесі мен ақын Сара көшесінің қиылысы, Қабанбай батыр мен Шевченко көшелерінде де әртүрлі тауар сатып тұрғандардың қарасы азайған емес. Олар өзі тар көшелердің екі жағын шағын дүнгіршектерге толтырып тастаған. Бірі – арба сүйресе, бірі – үстелін жайып жайма базарға ұластырған. Ары-бері өткен көлік кептеліске тұрады. Екі бағытқа арналған көше жолымен көліктер бір-біріне жол беріп өтеді. Сосын жүргізушілер көлігін қояр орын таппай дал болады. Көлік қоятын автотұрақтар сауда орындарына айналған.
Мен де диплом жоқ, қала әкімдігі жұмыс тауып береміз дейді, оған ыңғайым келмейді. Дипломсыз 70-80 мыңдық жұмысқа бес бала-шағамды асырай алмаймын. Сондықтан мені де түсінгендері абзал. Күздің қара суығында таңнан кешке дейін сауда жасау оңай емес. Балалар аш қалмасын деп осындай әрекет етуге барамыз. Оған не құжат керек. Шағын кәсіп ретінде мемлекетте қолдау танытқаны жөн. Тәртіп сақшылары қайта-қайта келіп тексереді. Бұлары дұрыс емес, қара халық еріккеннен көше жайлап азық-түлік сатпайды. Бізге халық тарапынан сұраныс бар, себебі біз үлкен сауда орталықтары секілді ойымызға келген бағаны қоспаймыз. Халық жеміс-жидекті бізден алады, - дейді сатушы Жандарбек Әсембек.
Бүгінде қала ішіндегі заңсыз сауданы жою бойынша жұмыстар күшейтілген. Қала әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қалалық полиция өкілдері мен әкімдік қызметкерлері бірлесіп, рейдттік шараларды тұрақты түрде апта сайын жүргізіп келеді. Кезекті рейдтік шара 21 қараша күні өтіп, белгіленбеген орындарда сауда жасауға тиым салынған. Оларға заң аясында іс-шаралар да қолданылған.
Бәрі де бала-шағаның қамы
Біз осы ретте көше бойын жайлаған саудагерлермен тілдесіп көрдік. Бәрінің айтатыны бір уәж. Ол – бала-шағаны асырау. Бірінің – жеке кәсіпкер ретінде құжаты болса, бірін де – ол да жоқ. Араларында кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтар заң аясында еңбек етіп жатқанын айтып, құзырлы органдардың әрекетіне қарсылық білдірді. Ал кейбірі басқа жерге ауысуға уәде берді. Дегенмен заң бәріне ортақ, жабайы сауда жасауға ешкімнің де құқы жоқ. Тәртіп сақшылары тексерісті тоқтатпайды.
Қала орталығында орналасқан заңсыз сауда мәселесі көп жылдан бері өзекті мәселеге айналып келеді. Өкінішке қарай, жабайы сауда орындарын бір уақытта жойып жіберуге келмейді. Дегенмен бірлесе атқарған жұмыстар біртіндеп өз нәтижесін беріп жатыр. Соңғы уақытта кезең-кезеңімен атқарылған жұмыстар жабайы сауда нүктелерін азайытты. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, заңның аясында тиісті шаралар жасалынатын болады. Тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз. Кейбірі бізбен келісімге келсе, кейбірі өз позициясында қалып жатыр. Бірақ ешкім заңнна аттап кете алмайды, - дейді қалалық полиция басқармасының өкілдері.
Жалпы «таяқтың екі ұшы бар» дегендей, нарық заманында шағын бизнеске икемді жұрттың жолын кесуге де болмайды. Алайда бәрі заңның шеңберінде болуы қажет. Құжаты түгел саудагерлерге құзырлы органдардың тісі батпайды. Жеке кәсіпкерлер кейде құжат жағынан ақсап жатады. Мемлекет басшысы бизнес өкілдеріне кемшілікке бой алдырмай, бәсекелестік арқылы сапаны жақсартуды ескерткен еді. Сондықтан қарапайым нормаларды сақтаған жөн.
Қазір жергілікті билік тарапынан арнайы топ құрылып, апта сайын тексеру жүргізіп отырады. Оның ішінде әртүрлі сала мамандары да болады. Әуелі заңсыз әрекет еткен тұлға ауызша ескерту беріледі. Санитарлық талапқа сай болмаса айыппұл салуға құқылы. Себебі мерзімі өткен азық-түліктер қоғамды улауы мүмкін. Одан қалды әрбір тауарды сақтау шарттары бар. Оны да бағамдамаған сатушы қылмысқа тартылады. Оқыс жағдай орын алғанда заңнан ешкім құтылып кетпейді.
Айналайындар-ау, сендерге айтуға оңай. Менің осы арбатта саудамен айналысып жүргеніме бірнеше жыл болды. Құжатым түгел, осы аумаққа ешкімді жолатпаймын. Мәселен мына мен тұрған жер «Қарағаш» сауда орталығына жатады. Иесімен келісімге келіп, азық-түлігімді саудалап отырмын. Оны қайта-қайта тексергеннен не ұтады. Бала-шағамды мына әкімдер асырайма. Алматыға барып азық-түлік әкеліп, осында үстіне баға қосып сатамыз. Қазір күн салқын, азық-түлік бұзылып кетеді деген әңгіме жоқ. Жазда қиын еді, қазір жеңілдей түсті. Күніне 10-15 мың теңге пайда түседі. Оны несіне жасырайын. Үйде екі студент бар. Ақылы оқиды. Оларды өзім оқытып отырмын. Жолдасым да жалдамалы жұмысшы. Міне, қыс келеді, құрылыс жұмысы тоқтайды, үйде жатады, - дейді сатушы Жәмилә Қанатбекқызы.
Оның айтуынша, жергілікті билік сауда жасайтын арнайы орындармен қамтамасыз етуі қажет. Сонда сатушылар жолды бөгемей, ісін домалата береді.
Заң бәріне ортақ
Жабайы садуаны зияны орасан. Алайда халық қашанда арзан тауарға жүгіреді. Оның ұтатын жерді де сол. Мерзімі өткен азық-түлікті саудалап жіберетіндер де бар. Сондай болған жағдайда оны дәлелдеу қиынға соғады. Одан бөлек адам организміне кері әсерін беруі ықтимал. Мұнда азық-түлік өнімдерін сату кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы тұрғындар ішінде жаппай жұқпалы аурулар мен тамақтан улану фактілеріне негіз болуы ғажап емес. Жетісу санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департементінің мамандары азық-түлік өнімдерін рұқсат етілмеген жерден сатып алу қауіпті екенін айтуда.
Базарлардың жанындағы, тұрғын үйлердің қаснда, дүкендердің аймағында орналасқан заңсыз сауда нүктелеріне тыйым салынады. Мұндай жағдай қаламызда да бар. Өкінішке қарай, тұрғындар осы жабайы сауда орындарының тұтынушысы атанып жүр. Арнайы сертификат берілмеген өнімді қолдан сатып алуды қою қажет. Жабайы сауда орындарында жеке тұлғалардан азық-түлік сатып ала отырып, азаматтар өздерін және жақындарын жағымсыз жайтқа итермелейді. Мұндай жерлерде сауданы медициналық куәландырудан және гигиеналық оқытудан өтпеген адамдар, көбіне жерден, жәшіктерден, көлік жүксалғыштарында ұйымдастырады. Ондай тауарлардың шығу уақыты, сапасы және қауіпсіздігі туралы қажетті құжаттар болмайды. Сондықтан тұрғындар барынша сақ болғаны абзал, - дейді облыстық санитарилық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Самат Ахметов
Оның айтуынша, сатылымға шыққан тауарды өндіру мен жеткізуден бөлек, қолмен сауда жасайтын адамдардың денсаулығын ешкім бақыламайды. Сол себепті мұндай өнімнің сапасы мен қауіпсіздігі үшін ешкім жауап бермейді. Тіпті жергілікті әкімдік те араласа алмайды.
Медицина мамандарының айтуынша, жалпы жабайы сауда орындарынан шығатын ауру түрлері көп. Ондағы сатылатын өнімдер тамақтан улану және жұқпалы аурулардың пайда болу ықтималдылығы жоғары. Мәселен, сальмонеллез, туберкулез, тағамдық токсикоинфекция, ботулизм секілді сырқаттарға адам еріксіз душар болуы мүмкін. Қоздырғыштар адамға көбінесе ластанған немесе термиялық өңделмеген өнімдер арқылы енеді екен. Сондықтан барынша рұқсат етілмеген сауда орындарында азық-түлік сатып алудан қашқаныңыз жөн.
Заң бәріне ортақ, құзырлы органдар көшедегі заңсыз сауда жасағандарға әуелі ескерту шарасын қабылдайды. Яки саудагерге ауызша түсіндірме жұмысы жүргізіледі. Алайда сатушы бұл ескерту жұмысына салғырт қарап, заңнның шеңберінен шықса ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 204-бабына сәйкес оларға бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Көп жағдайда тұрғындар жеке басының мәселесін ортаға салып, жағдайын түсіндіреді. Дегенмен заңның шеңберінен шығуға біз де қауқарсызбыз. Әркімнің жағдай әртүрлі, бүгінде қала ішінде мыңнан астам хаттама толтырылды. Бұл деген жабайы саудаға үйір халықтың көп екенін білдіреді, - дейді облыстық ПД Имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы полиция капитаны Қасқар Темірханов.
Біздің бір байқағанымыз, ескертуді қарапайым халық ескермейді. Кейде тәртіп сақшыларымен келісімге келуді ойлайды. Тіпті жауапты мамандардың тілін табатын саудагерлер де бар екен.
Жабайы сауданы тоқтату мүмкін емес
Кезінде Алматы облысы тұсында Талдықорғандағы арбат маңайын тазалау жұмыстары жүрген еді. Тіпті, сондағы облыс әкімдері Шалбай Құлмахановтан бастап, Серік Үмбетов, Аңсар Мұсаханов, Амандық Баталов секілді әкімдер де жабайы сауда жасауға бейіл халықты тоқтата алмады. Көшені қанша тазалағанымен артынан бәрібір саудагерлер үйіріліп алады. Тәртіп сақшылары да тексере-тексере жалыққандай. Әлеуметтік деңгейі төмен тұрғындармен алысқаннан пайда жоқ секілді. Тіпті қала басшысы Ернат Бәзіл айына 200 мың теңге беретін жұмысқа орналастыруды ойлағанда да, халық айтқанына қайтпады.
Жұмыс тауып беремін деген қаншама әкім болды. Бірақ үйдегі бала шағаны асырау үшін ол жұмысы жеткілікті табыс әкелмейді. Қазір бәрі қымбат. Талдықорғанда өмір сүру деңгейі жоғарылап барады. Бұрынғыдай 100-150 мың теңгеге 1 ай күнелте алмайсыз. Несие бар, оны төлеуін қажет. Айына 120 мың теңгеге азық-түлік аламыз. Сондықтан жергілікті билік те біздің жағдайымызды ұғынғаны абзал. Осындағы саудагерлер жиылып қаншама мәрте мәселені ортаға салдық. Ешкім шешу жолын іздемейді. Жақында зейнетақы көбейеді дейді, олай болса азық-түліктің бағасы да шарықтайды деген сөз. Балаларым әлі кішкентай, қолғабыс бола алмайды. Оларды жеткізу үшін анау Еркін ауылынан қатынап істеп жүрмін, - дейді саудагер Самал Қасымбекова.
Саудагерлердің де сөзінің жаны бар. Сұраныс бар жерде ғана сауда жүреді. Мысалы, халықтың басым бөлігі осы жабайы сауда нүктелерінен азық-түлік алады екен. Оны жасырып-жабарымыз жоқ. Себебі баға «Магнум», «Смолл», «Көкбазар» секілді үлкен сауда орталықтарына қарағанда әлдеқайда арзан. Сауда орталықтары ғимараттың ақысы үшін қосымша қаржы қосса, көшедегі сатушылар тек азық-түлікке ғана қосады. Мұны қала тұрғындары да айтып отыр.
Мен сенбілік базардан ғана сауда жасаймын. Үлкен сауда дүкендеріне анда-сонда бармасам, апталық керек-жарақ дүниені сенбілік базардан аламын. Ондағы баға қалтама қонымды. 10 кг картопты 1800 теңгеге алдым. Ал дүкенде бір кг-на 220 теңге сұрап тұр. Оның өзі кішкентай-кішкентай сұрыпталмаған картоп. Халықты қанауға болмайды. Күннен-күнге азық-түлік бағасы шарықтап бара жатыр. Былтыр бәрі басқаша еді, биыл тіпті өзгерді. Ал айлық бірқалып тұр. Менің екі ұлым, бір қызым бар. Бұрын айына 80 мыңға тауар алсақ, қазір 150 мыңды үшеуіне әзер жеткіземін. Олардың киім-кешегі, ары-бері жүріс-тұрысы бар. Бала болған соң қыдырғысы келеді. Солар үшін өмір сүріп отырмыз ғой, - дейді қала тұрғыны Жамал Таңжарыққызы.
Иә, өңірдің әлеуметтік деңгейі расымен біз ойланнан төмен. Бұл тек Жетісу облысына қатысты емес, бүкіл өңірде бар мәселе. Байлар байи түседі, айлығы шайлығына жетпейтін қара халық азар да безер болады. Бұл бұрыннан келе жатқан үрдіс. Өкінішке қарай, шындық осы...