Жетісуда тұңғыш рет "Мизам" әдебиет мектебі ашылды
Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен еліміздегі алғашқы бірегей жоба іске аспақ. Өңірдегі дарынды жастардың шабытын шыңдау мақсатында "Мизам" әдебиет мектебі ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған бұл мектеп талантты ұрпақты қолдап, дұрыс жол сілтеуді қалайды. Болашақ шәкірттер кәсіби шыңдалып қана қоймай, әдебиет сахнасында өзіндік қолтаңбасын қалдыруға мүмкіндік беретін өнер үйі.
"Мизам" мектебінің ерекшелігі – бұл көшпелі мектеп. Әр аудандағы талантты жастарды тартатын әдебиеттің қара шаңырағы болмақ. Өңірдің танымал қаламгерлері жаңашыл жастарды іздеп барып, әр аймақта бір апта бойы дәріс жүргізеді. Бұл әдебиет мектебінің өзегі 7 түрлі бағыт бойынша білім беріп қана қоймай, халқымыздың "Жеті қазына" ұғымына сай, жан-жақты дамыған, рухани білімі мен өнегесі тоғысқан тұлғаларды қалыптастыруды көздейді. Жас қаламгерлердің көкжиегін кеңейтіп, олардың бойына терең ілім мен ұлттық құндылықтарды дарытуға арналған. Бұл мектепке өңірдің 6-10-сынып оқушылары қатыса алады, - дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.
Әр ауданнан 20 оқушы қабылданса, облыстан 200 баланы оқытпақ.
Шеті мен шегі жоқ әдебиетті ұрпақ санасына дарыту – әр қазақ отбасының парызы. Мына мектеп жайлы естіп жатырмыз, өте ерекше бастама болғалы тұр. Мен үш бірдей баланың анасымын, ауылдық жерде тұрғандықтан, мұндай мүмкіндік тіпті қаланың өзінде қарастырылмаған. Балаларымыз қазақы өнердің мәнін ұғынып, сауатты сөйлеп, жазса дейміз... Қаламгерлердің шәкірті болуға таптырмас мүмкіндік қой, ойланбастан балаларымды осы әдеби мектепке беремін, - дейді қала тұрғыны Гүлнар Рысбекқызы.