Жетісуда төбелес кезінде 8-сынып оқушысы қаза тапты: Күдікті – сыныптасы
Сегізінші сынып оқушысы көз жұмды, ал күдікті ұсталды. Оқиғаға байланысты білім беру ұйымының қызметкерлеріне қатысты да тергеу басталды.
Жетісу облысының Сарқан ауданындағы Алмалы ауылында сегізінші сынып оқушысы қаза тапты. Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Жетісу облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында хабарлады.
Полицияның алдын ала мәліметінше, қайғылы оқиға сабақтан кейін болған. Сыныптастар арасында жанжал туындап, оның барысында жасөспірімдердің бірі дене жарақатын алып, кейін көз жұмған.
Күдікті ұсталды
Ведомство мәліметінше, қылмыс жасады деген күдікке ілінген оқушы ұсталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілген.
Сонымен қатар білім беру ұйымы қызметкерлеріне қатысты да қылмыстық іс қозғалған. Оларға балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, - деп жауап берді облыстық Полиция департаменті.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу барысы Жетісу облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етілмейді.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы маңында иттерге арналған панажай иесін өлтіріп кеткенін хабарладық. Владимир Тепляковтың қазасынан кейін «Твардовский дом» панасында 90 ит қалды. Полиция қылмысқа қатысты тергеуді жалғастырып жатыр.