Жетісуда субсидия беруде қателіктер көп
Жетісуда ауыл шаруашылығы саласында субсидия беру кезінде қателік көп кездеседі. Мәселен, шағын және орта бизнес өкілдерінің техника алуға сұранысын басқарма бірнеше рет кері қайтарған. Тек антикордың араласуымен ғана мәселе шешілген, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Бизнес өкілдері антикорды жағалауға мәжбүр
Аграрлы өңірдің алдына қойған мақсаты – ауыл шаруашылығы саласында алға шығу. Қазір бос жатқан жерлерді игеруге күш салып жатыр. Әрине бұл тұста шағын және орта бизнес өкілдеріне салмақтың көбірек түсетіні белгілі. Сол себепті Мемлекет басшысы Жолдауында ауыл шаруашылығы негізгі салалардың бірі болып қала беретініне тоқталып, мемлекеттік органдарға субсидия бөлуге бақылауды күшейту тапсырған еді. Соған орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті көптеген шикілікті байқаған. Мониторинг барысында «таңдамалы әдіс» бойынша субсидияларды төлеу фактілері, сондай-ақ өтініштерді қарау мерзімінің жаппай бұзылуы анықталды. Тіпті, осындай фактілер субсидиялаудың басқа салаларында да кездеседі.
Біздің ұсыныстарымыз бойынша барлық өтініштер қаралып, 1,6 млрд теңгеге кәсіпкерлерден түскен 782 өтініш қанағаттандырылды.Осылайша олардың заңды құқықтарын қалпына келтіру шаралары қолға алынды. Дәл осы бөлімде жеке істерді шешу шаралары жүргізілуде, олардың болуы жекелеген лауазымды тұлғалардың Президент тапсырмаларының маңыздылығын түсінбейтінін, ал басшылар тарапынан бақылаудың мүлдем жоқтығын көрсетеді. Сайып келгенде, мемлекеттік қолдау көрмеген кәсіпкер шығынға батады, - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Мақсат Жебегенов.
Мысалы қараңыз, шағын және орта бизнес өкілдері өз бизнесін қолдау үшін ауылшаруашылық техникасын сатып алуға мемлекеттік қолдауға үміттеніп, инвестициялық субсидия алуға өтініш берген. Алайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы құжаттар пакетінің толық ұсынылмағанын алға тартып, субсидия беруден бірнеше рет бас тартқан. Негізі құжаттардың бәрі заңды түрде болған. Аталған департамент қызметкерлерінің мәліметінше құжаттың толықтығы Мемлекеттік ақпараттық жүйені зерделеу арқылы расталды. Кәсіпкер ақпараттық жүйеге заңнамада белгіленген құжаттардың толық тізбесін қосады. Тек, антикордың араласуымыздан кейін кәсіпкерге инвестициялық субсидиялар берілген.
Қазір өңірде ауылшаруашылығы техинкаларының дені ескірген. Олардың жамап-жасқап жұмыс істете алмайсын. Солай істегеннің өзінде уақыттан ұтылып қаласын, өнім күтіп тұрмайды. Соған орай мемлекеттен қолдау күтеміз. Мен техникаға субцидия алу үшін қаншама уақыт күттім. Құжаттан шикілік шыға береді, немесе кейін қайтарады. Бір станоктың өзі 15 млн тұрады. Оған біздің қаражатымыз жетпейді, лизингке иек сүйейміз. Жұмысқа мұндай көзқарас, әсіресе, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау саласында дұрыс емес, - дейді кәсіпкер Арман Отарбаев.
Мемлекеттік сатып алу ісінде кедергі көп
Мемлекеттік сатып алу ісінде де сыбайлас жемқорлық меңдеп тұр. Бұл салада кәсіпкерлер де әкімшілік кедергілерге жиі ұшырайды. Кейбір жағдайларда мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде негізсіз біліктілік талаптарын қояды, ал басқаларында келісім-шарттар мүлдем жасалмайды.
Әкімдіктің белгісіз себептермен мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазымен шарт жасаспаған фактісі анықталды. Бұл кәсіпкердің бір ай бойы зиянды қалдықтарды шығару жұмыстарын жүргізіп, шығынға ұшырағанына қарамастан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін ғана мәселе шешіліп, кәсіпкермен келісім-шарт жасалып, қаражат төленді. Тағы бір жағдайда кәсіпкер өз нысанының орталық су құбырынан су арнасынан ажыратылғанына байланысты бізге хабарласты. Деректерді қашықтан жіберу құрылғысының жоқтығына сілтеме жасалды. Сонымен бірге су арнасы кәсіпкердің бір қабатты үй түріндегі нысаны Ұлттық экономика министрінің бұйрығына бағынбайтынын ескермеді, өйткені соңғысы көп пәтерлі тұрғын үйлерге қатысты.Су шаруашылығы басқармасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тиісті түсініктемелер берді, кәсіпкер қолданыстағы шарт негізінде орталық су құбырына қосылған, - дейді Мақсат Жебегенов.
Оның айтуынша, кәсіпкерлердің әкімшілік іс жүргізу орбитасына заңсыз тартылуын Мемлекет басшысының тапсырмасын орындамаумен де теңестіруге болады.
Іріктеп жүргізілген мониторинг кезінде полиция қызметкерлерінің шағын кәсіпкерлік субъектісіне орта кәсіпкерлік субъектісі ретінде айыппұл салу арқылы әкімшілік жауапкершілікке тарту фактісін анықтаған. Осыны сезген департамент қызметкерлері полицияға ұсыныс жіберіп, кәсіпкерге 17 мың теңге қайтарып берген.
Анықталғандай, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті кәсіпкерді штатта нақты мамандарсыз сараптау қызметін жүргізгені үшін негізсіз әкімшілік жауапкершілікке тартып, 1,2 млн теңге көлемінде айыппұл салған. Уәкілетті мемлекеттік орган аталған ЖШС тіркелген сәттен бастап, ал бұл 2022 жылдан бастап құрылыс қызметі саласында инженерлік-сараптамалық қызмет көрсетпегенін, атап айтқанда, сараптамалық қорытынды бермегенін ескермеген, - дейді департамент қызметкерлері.
Қазір, осы мәселе бойынша сот процестері жүріп жатыр. Антикор «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, кәсіпкердің заңды мүддесін қорғауға күш салмақ.
Жалпы елімізде барлық өңір бойынша Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы жүзеге асырылуда. Талдау көрсеткендей, біздің Жетісу өңірі үшін ауыл шаруашылығы, фискалдық сала, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология, медицина, жол және инфрақұрылым, кәсіпкерлік салаларында жемқорлық жиі кездеседі. Мысалы, жер қатынастары бойынша пайдаланылмай жатқан 43 977,5 гектар жер мемлекет қорына қайтарылды. Салық саласында 32 шағын және орта бизнес субъектілерінің құқығы қорғалған. Кеден органы Алакөл және «Нұр Жолы» ТП-да жүк ағыны процесін оңтайландыруға және ашықтығына ықпал еткен ұйымдастырушылық және әкімшілік шараларды қабылдады. Білім саласында бюджет қаражатын ұрлау фактілері анықталған.
Қазір өңірде субцидия мәселесі ушығып тұр. Құжатын алып жүгірген кәсіпкерлер, бос жатқан жерлерді игеруге әрекеттенген ауыл тұрғындары өте көп. Тек ауылшаруашылығы басқармасы адаммен жөнді сөйлеспейді. Біздегі кәсіпкерлер палатасына да реформа керек. Бәрі элоктронды дегенімізбен қаптаған құжаттар мезі етеді. Сондықтан кейбір кәсіпкер антикорды жағалауға мәжбүр. Біз аграрлы өңірміз, сондықтан осы салаға облыс тарапынан көбірек көңіл бөліну керек, - дейді кәсіпкер Алтай Арманұлы.