Жетісуда шатыры жоқ аялдамалар көп
Талдықорғанда Жастар-2, Бірлік, №9 шағын аудандарында аялдамалардың аты болғанымен, кешені жоқ. Тұрғындар қарлы, жаңбырлы күндері ашық аспанда автобус күтуге мәжбүр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тек жолбелгі ғана қойылған аялдамалар күннің суығы мен ыстығында халыққа қорған бола алмайды. Қар мен жаңбырдың астында қоғамдық көлікті күткен халық әкімдікке наразы. Себебі қанша жылдан бері аялдамалардың құрылысы жүрмеген.
Жастар-2 ықшам ауданында бір де бір аялдама жоқ. Жаңбырлы күні адамдар су-су болып тұрады. Қысты күні қарлы-боранда қалқан болар жер де жоқ. Оқушыларға обал, амал жоқ жаурап күтіп тұрады. Смарт аялдамаларды көбейтеміз дегендері дұрыс, бірақ ішіне маскүнемдер жатып алады. Сондықтан балалар кіруге қорқады. Ескі аялдамаларды қайта-қайта жаңартқанша аялдамасы жоқ жерлерге орнату қажет. Әйтпесе кейбір автобустар тоқтамай кетеді, - дейді қала тұрғыны Бақыткүл Хадыс.
Бүгінде облыс орталығында 282 аялдама бар. Оның 21-і смарт аялдама ретінде тіркелген. Алайда сол заманауи кешендердің дені бұзылып, тұрғындардың өтініш-арызынан кейін қайта жасақталған. Бүгінде қосымша жаңа 36 аялдама орнатылды. Тозығы жеткен кейбір кешендер жаңғырды.
Смарт аялдамалар қала әкімдігінің назарынан тыс қалған емес. Осы мәселені шешу үшін қала әкімі Ернат Бәзіл барлық смарт аялдамаларды 5 жылға сенімгерлік басқаруға берді. Осы күні қала аумағындағы смарт аялдамалардың қалпына келтіру жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталған болатын. Сол жұмыстар биыл толық аяқталады. Ал аялдама кешені жоқ жерлерге алдағы уақытта жаңа аялдамалар орнатылады, - дейді қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтімбаев.
Айта кетейік, жаңа аялдамалардың кескіндері ұлттық нақышпен безендіріледі.