Жетісуда шағын ауылдағы мектептер жабылуы мүмкін
Неге десеңіз, оқушы саны өте аз. Шалғай елді мекендегі бастауыш сыныпқа арналған білім мекемелерінде бар-жоғы 5-6 оқушы оқиды. Ал мамандардың дені ауданнан не маңайдағы ауыл-ауылдан қатынып жұмыс істеуге мәжбүр, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Жеті мектептің жағдайы мүшкіл
Бұл бір ғана Кербұлақ ауданының жайы. Жалпы, Жетісуда ауыл статусынан айырылуға жақын елді мекендер жетерлік. Тіпті, болашағы жоқ ауылдардың саны күрт өсуде. Себебі, жастардың дені қалаға жұмыс істеуге кетіп, туған жеріне қайтып келмейді. Ауылдағы әке-шешелері малдың қамымен алысқа ұзамай, қарашаңырақта қалып қояды. Сондай ауылдардың бірі Көксу ауылдық округіне қарасты Көктал елді мекені. Мұнда бар жоғы 300-ге жуық адам тұрады. Бір қабатты шағын үйде оқыған оқушылар жоғары сыныпты көрші ауылға барып жалғастырады. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Айдос Көкеннің айтуынша, балаларының болашағы үшін ата-аналарда түсіністікпен қарағаны жөн.
Көксу ауылдық округіне Көктал, Көксу, Беріктас, Қосағаш елді мекені кіреді. Ішінде халқының саны аз осы Көктал ауылы. Мұндағы бастауыш мектебінде 5 қызметкер жұмыс істейді, 6 бала оқиды. Оның төртеуі осы елді мекенде тұрса, бір маман көрші ауыдан қатынып қызмет көрсетеді. Ауылдың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналсатындықтан, оларды халқы тығыз орналасқан басқа ауылдарға көшіріп апару мүмкін емес. Сондықтан ата-аналар жағдайға илануы қажет, қатынап істейтін мамандарға да қиын, - дейді Айдос Көкен.
Негізі Көксу ауылдық округінде 1622 адам тұрады. Оған қарайтын Көктал ауылында 293 тұрғын, Көксу ауылында 803 тұрғын, Беріктас ауылында 464 тұрғын, Қосағаш ауылында 460 тұрғын бар. Көкталдағы мектеп 2006 жылдың 12 – ші қаңтарында Көктал Бастауыш мектебінің негізінде Көктал жалпы негізгі мектебі болып ашылған. Алғашында 51 оқушы оқиды, оларға 17 маман қызмет көрсетеді. 4 оқу сыныбы бар. Бертін келе бала саны күрт азайып, ауыл халқы да тіршілік қуып сыртқа көшіп кеткен..
Жалпы, Жетісу облысы 337 мектептің ішінде 32 бастауыш мектеп, яғни бұл мектептерде 1-4 сынып оқушылары ғана білім алады. Соның 11-і Кербұлақ ауданына қарасты. Аудандық білім басқармасының басшысы Тұрар Бақышұлы жеті мектептің жағдайы мүшкіл екенін жеткізді.
Бұл мектептердің көбі ескі ғимаратар мен үйлерде орналасқан. Оның үстіне оншақты ғана бала білім алады. Мұғалімдердің сағатын толтыруда оңай емес, қатынап жұмыс істеу оларға да тиімсіз. Алдағы уақытта бала саны азайса, біз амалсыздан мектепті жабуға құқылы боламыз. Ондай жағдайда сол ауылдағы оқушылардың тасымалдайтын арнайы автобус сұратамыз. Балалар білімсіз қалмайды, ата-аналардың алаңдауына еш себеп жоқ, - деді Тұрар Бақышұлы.
Жабылу мүмкін 7 мектептің жайына үңілейікші. Көктал бастауыш мектебін жоғарыда айттық. Шаған бастауыш мектебінде 8 бала, 4 маман; Қарлығаш бастауыш мектебінде 5 бала, 2 маман; Сарыбұлақ бастауыш мектебінде 6 бала, 7маман, оның 4-еуі ауданнан қатынайды;Сайлыкөл бастауыш мектебінде 8 бала, 4 маман; Қызылқұдық бастауыш мектебінде 9 бала, 5 маман; Желдіқара бастауыш мектебінде 6 бала, 5 маман, оның 2 екеуі Сарыөзекте қосымша қызмет көрсетеді; яки ешқайсының жағдайы оңып тұрған жоқ. Оның үстіне бұл мектептердің едені тозған, қабырғасы сөгілген.
Бастауыш мектептері стандартқа сай емес
Біз осы орайда облыстық білім басқармасына хабарласып, аталған мәселенін жәй-жапсарын сұрадық. Қараңыз, өңірдегі 32 бастауыш мектепте 5-тен 30 оқушыға дейін 488 оқушы білім алып отыр. Түстеп көрсетсек, 5-10 оқушы – 15 мектепте, 11-25 оқушы – 13 мектепте, 26-30 оқушы – 4 мектепте оқиды. Мұндай кішкентай білім ошақтары Ескелдіде – алтау, Ақсу, Панфилов, Сарқанда – төрт мектептен, Қараталда – екеу, Көксуда – біреу.
Ең бастысы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығыны сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының орындалмауы болып отыр. Жоғарыда аталған 32 мектеп бейімделген ғимаратта орналасқан, спорт және акт залдары, асханалары жоқ. Кабинеттер заман талабына сай жабдықталмаған, Бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтуда да қиындық тудырып отыр. 2022, 2023 жылдары бала саны азайып кетуіне байланысты Ақсу, Қаратал аудандарын 4 бастауыш мектепте оптимизация жұмыстары жүргізіліп, бастауыш сынып оқушылары, жоғарғы сыныптармен бірге тасымалданып, білім алуда, - дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Ал жоғарыда аталған 32 ауылдан тиісті жоғарғы сыныптары жоқ болғандықтан, 5-11 сыныптардан 758 бала негізгі мектептерге 21 автобуспен тасымалданып отыр. 2024 жылы 32 бастауыш мектептің ішіндегі бала саны аз мектептерді кезең-кезеңмен оптимизация жұмыстары жүзеге асырылады. Оптимизация жұмыстарын жүргізу нәтижесінде бюджет қаражаты үнемделеді, асхана, спорт және акт залдары жоқ мектептер мәселелелері шешіледі.
Әрине баламыздың білімсіз қалғанын қаламаймыз. Ауыл күннен күнге ыдырап барады. Кеңес өкіметі кезінде үлкен ұжымшардың бірі болған. Картоп егіп, жүгері өсіріп облыстың мерейін өсірген. Ал қазір малдан басқа ешқандай тірлік қалмады. Тіпті ауыл тұрғындары ауданда қатынап жұмыс істейді. Балалардың қатарынан қалғаны дұрыс емес. Мектеп жабылса осында істеп жүрген ауыл тұрғындары жұмыссыз қалғалы тұр. Ол да уайым. Көрші ауылға қатынап оқығаны дұрыс та шығар, бірақ алаңдайсыз. Қыс мезгілінде қиын, -дейді Көктал ауылының тұрғыны Самал Асқарова.
Өңірде мектебі жоқ отызға тарта шағын ауылдар бар. Оларға арнайы қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Талапқа сай, бастауыш сынып оқушыларына ыстық тамақ берілуі қажет. Алайда алыстағы ауылдардағы 5-6 оқушыға арнайы қызмет көрсетуге ешкім келіспейді. Тағы бір түйткіл, тасымалдайтын автобустардың ескіргені. Дені шіріп тұр, қайта-қайта жөндеуден өткен. Қазір бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа автобустар беріліп жатыр. Алдағы уақытта облыстық білім басқарамасы қоғамдық көліктерді толығымен жаңартуға ниетті.