Жетісуда қылмыс саны артқан

Жалпы бір жыл шеңберінде облыс соттары 1191 қылмыстық іс қараған. Бұл 2023 жылғы деректермен салыстырғанда 17%-ға көп. Мыңға жуық адам сотталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот орындаушыларына шағымданушы көп

Есеп бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артқанымен, қылмыс түрлері азаймай тұр. Мәселен, алаяқтық, мал ұрлығы, есірткі оқиғалары, тұрмыстағы зорлық-зомбылық, қасақана кісі өлтіру, жасөспірімдер арасындағы буллинг секілді жағымсыз жайттар күннен-күнге артып барады. Әлеуметтанушылар мұның бірден бір себебі – халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуі екенін айтып отыр. Кісінің затын қолды ету, ажырасу оқиғалары, жастардың жаман заттарға әуес болуы соны меңзейді. Қазір құқық қорғау органдары белсене жұмыс істеп жатыр.

Жетісу аграрлы өңір, мұндағы халықтың дені мал және егін шаруашылығымен айналысады. Ал егін шаруасымен айналысатын топ қыс бойы қалың ұйқыда жатады. Яки көктемге дейін қолы бос. Одан кейін өңірде 2-3 қана үлкен кәсіпорын бар. Қалғаны 9-10 адам ғана жұмыс істейтін шағын зауыттар. Ойлай беріңіз... Қазір облыста мыңдаған жас жұмыссыз ретінде тіркелген, тіркелмегені қаншама. Жұмыссыз жүрген адам не істейді? Өмір сүру үшін жеңіл ақша табуға тырысады. Ойын-сауыққа үйір келеді. Амалсыздан айлакерлікке барады. Оның үстіне өңірдегі орташа жалақы мөлшері 120-130 мың көлемінде ғана. Біз әлеуметтік сауал жүргізе отырып соны анықтадық. Жетісулықтардың дені қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Себебі көбінің алып отырған айлығы шайлығынан аспайды. Тиісінше, қылмыс түрі де артады, - дейді әлеуметтанушы Асқар Оразбаев.

Өткен жылы облыстық сотта 1428 адамға қатысты мыңнан астам қылмыстық іс қаралған. Соның 55%-ына сот үкімі шығып, жалпы саны 276-сы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Бұл ретте жазалау тәжірибесі 31,3%-ды құрап отыр, былтыр бұл көрсеткіш 27,7%-ға жеткен еді. Сонымен қатар сотталғандар арасынан 2 адам ақталып, 37-сіне жеке қаулы шығарылған. Қысқартылған тәртіпте қаралатын істер саны азайған. Мәселен, алдыңғы жылы – 85 іс болса, өткен жылы – 93 іс жылдам шешілген. Сондай-ақ татуластыру тәртібімен қаралған істер де аз. Былтыр – 13 іс болса, 2023 жылы – 23 іс қана екеуара шешілген. Екі жақты келісімге келтіру оңай емес. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Шалқар Талданбаевтың айтуынша, апелляциялық инстанцияға келіп түскен істер саны 15%-ға артып отыр.

Өткен жылы қайта қаралған істердің ішінде бірінші сатыдағы соттың бір үкімі жойылды. Сонымен қатар 61 адамға қатысты 44 үкім қылмыстық заңнаманы дұрыс қолданбауға байланысты өзгертілді. Алдыңғы жылы 39 адамға қатысты 31 үкім жаңартылған еді. Ал 193 адамға қатысты 138 үкім қайта қаралғанымен, бұрынғы шешімінде қалды. 2023 жылы 198 тұлғаға қатысты апелляциялық жұмыстардың 139-ы өзгеріссіз болды. Осылайша, күшін жойған істер саны 50%-ға азайды, ал өзгертілген үкімдер саны 30%-ға көбейді, - дейді Ш.Талданбаев.

Оның айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылар да аз емес. Мысалы, бірінші сатыдағы соттарға осы бағытта 9 459 іс келіп түскен. Былтыр осы уақытта 8 459 іс қаралған екен. Яки 10,5%-ға артқаны байқалады. Оның ішінде 8 706 адамға қатысты 8 700 іс тұлғалық мәні бойынша сарапталған. Оның ішінде 1 595 іс тоқтатылды. 2023 жылы дәл осындай 7 639 іс 9 313 адамға қатысты болған. Оның 1 525-нің мәні жойылды. Осылайша, өткен жылы барлығы 5 105 адамға әкімшілік жаза қолданылған. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда әжептеуір көп. Сондай-ақ 140 еурохаттама толтырылған, бұл ӘҚБтК-нің 610-бабы бойынша қаралған 1 870 істің 7,4%-ын құрайды.

Азаматтық істер бойынша да қаралған мәселелер аз емес. Саралап айтар болсақ, соттарға 19 365 талап арыз бен 832 іс түскен. Былтыр осы ретте 16 584 талап арыз бен 770 іс қаралған екен. Демек, 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2 062 іске көп. Осы ретте аяқталған істер саны 2 488-ге артқан. Мәселенки, 2023 жылы – 13 295 іс болса, былтыр – 15 783 іске нүкте қойылған.

Шешім шығарумен аяқталған істер саны да көбейген. 2023 жылы – 8160 іс, өткен жылы – 9 598 іс қайта қаралмаған. Оның ішінде жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен – 5 277 іс нәтижелі болды.

Азаматтық істер бойынша апелляциялық инстанцияда 67 шешімнің күші жойылды, сондай-ақ 36 сот шешімі өзгерді. Бізге былтыр 1 331 әкімшілік талап түсті. Оның ішінде басым бөлігі тұрғын үй даулары мен жер дауларына қатысты. Мәселен, баспана рәсімдеу негізінде 482 талап талқыланды. Ал жер мәселесі бойынша 284 талап қарастырылды. Сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымданушылар да бар. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы тек 1 іс тіркелді. Түскен талаптардың 96,8%-ы қаралды. Олардың 41,2%-ы шешім шығарумен аяқталды. Қанағаттандырылған талаптардың үлесі – 84,4%, - дейді азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Диляра Исбаирова.

Бүгінде 328 талап арыз қайтарылған. Атап айтсақ, 122 дау медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасуға байланысты болса, 205 іс талапкердің талап арызын кері қайтарып алуына байланысты тоқтатылған. 26 процессуалдық мәжбүрлеу шарасы ретінде ақшалай өндіріп алу туралы сот актілері шыққан.

Есірткіге еліккендерді қайтеміз?

Судьялардың мәліметіне сүйенсек, қазір жастар тарапынан нашақорлыққа қатыста қылмыстар жиі анықталып жатыр. Мәселен, өткен жылы облыс көлемінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты 145 құқықбұзушылық тіркелген. Өкінішке қарай, 156 дерек нақтыланған еді. Бұған қарап, іс барысында есірткі тасымалдау қызметіне жалданған жастардың көбейгенін байқауға болады. Олардың көпшілігі жұмыссыз ретінде тіркелген. ҚР ҚК 297-бабының 1-3-бөлігі бойынша 43 өткізу фактісі белгілі болған. Аса ірі мөлшерде сақтаудың 12 фактісі нақтыланған.

2023 жылмен салыстырғанда аса ірі мөлшерде есірткі сақтаудың 7 фактіге аз. Бірақ бұл қуанатын жағдай емес. Бәрі ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады. Заңсыз жарнаманың 5 фактісі, 1 контрабанда фактісі анықталды. ҚР ҚК 300-бабы 1-бөлігі бойынша заңсыз өсірудің 10 фактісі, ҚР ҚК 303-бабының 1-бөлігі есірткі құралдарымен жұмыс істеу қағидаларын бұзудың 1 фактісі тіркелді. Есірткі қолданып, теріс қылықтарын көрсеткендер де құрықталды. Барлығы 73 жағдай анықталды. ҚК 296-бабы 1-бөлігі бойынша 3 факт, ҚК 296-бабы 2-бөлігі бойынша 54 факт, ҚК-ның 296-бабы 3-бөлігі бойынша 16 факт нақтыланды. Біз жастар тарапынан көп қиындық көріп отырмыз. Жеңіл ақша табуға ұмтылған кәмелетке толмаған балалар ұрынып қалып жатыр, - дейді облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Эмиль Шарменов.

Шындығына келгенде, бүгінде есірткі тұтынушылар саны көбейіп келеді. Өткен жылдың 11 айының қорытыңдысы бойынша 700 кг-ға тарта зат тәркіленген. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 447,5 кг-ға көп. Мәселен, марихуана 235 кг, гашиш 4 кг, синтетика 66 кг, қарасора тұқымдас өсімдік 385 кг тәркіленіпті. Сондай-ақ ҚР БП ҚСжАЕКБ Е-5 карточкасында қалған жоқ. Кейбір тұрғындар үй жағдайында арнайы өсімдіктер өсіріп, ескірткі затын қолмен жасап шығарып, сатқан. Көбіне олар тасымалдаушылар арқылы қылмыс әрекетін жасырып отырған.

Өткен жылы полиция қызметкерлері жіті зерттеу нәтижесінде синтетика өндірісі бойынша екі ірі нарколабораторияны анықтады. Оның бірі бұрынғы Алматы облысының территориясында табылды. Ол жерден 55 кг синтетика, 700 литрден астам прекурсорлар, сондай-ақ зертханалық жабдықтары тәркіленіпті. Жедел қимыл іс-әрекеттерінің нәтижесінде "бетбелгі" әдісімен интернет-ресурстар арқылы синтетикалық есірткіні таратуға маманданған екі қылмыстық топ құрықталған. Ең өкініштісі, сол топтардың құрамында 5 адамның кәмелетке толмаған бала екені белгілі болды. Барлығы 14 қатысушы тұтқынға түсті, олардың қолында жалпы жарты келіден астам синтетика болған. Өздері пайдаланып қана қоймай, жастар арасында үгіт-насихат жүргізген.

Үздіксіз ізденістер нәтижесінде есірткінің заңсыз айналымы үшін 73 азамат ұсталды. Олардың ішінде 2 шетел азаматы да бар. 35 тұрғын синтетиканың таралуына байланысты жауапқа тартылды. Сотқа 93 қылмыстық іс жіберілді, соның ішінде 78 адам темір торға қамалды. 15 азамат жабайы қарасораны жою бойынша шаралар қолданбау фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 25 жүргізуші есірткі тұтынып көлік жүргізген. Кейбір тұлғалар есірткі тасымалдап жүргенін білмейтінін айтады. Бірақ тексеріс барысында бәрі анықталды, - дейді Э. Шарменов.

Айта кетейік, бүгінде өңір көлемінде 230 нашақор есепте тұр. Оның басым бөлігі ер азаматтар. Оған қоса 23 қыз-келіншек те есірткіге әуестігі байқалып отыр. Нақтылап айтсақ, каннабис тобы – 125, апиын тобы – 51, психоактивті заттар – 7, басқа стимуляторлар – 47 адам. Ең өкініштісі, есепте тұрғандардың орташа жас мөлшері 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар саналады. Олар жыл сайын стационар жағдайында ем қабылдайды. Емделуге 65-і ерікті түрде барса, 3-еуі мәжбүрлеп жатқызылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы