Жетісуда қаржы пирамидасына алданғандар көп

Облыста 7 қаржы пирамидасы анықталды. Оған қаржы салғандардың шығын көлемі есептеліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алаяқтар агрессивті жарнамамен жұмыс істейді

Тақырыпты тарқатпас бұрын жолаушы келіншектің хикаясынан сыр тартсақ. Талдықорғаннан Алматыға бет алған келіншек арзан алтын сатамын деп айтқан танысына ағайын-туысынан жинап 1,5 млн ақша береді. «1 айда жеткізіп беремін» деген танысы 3 айдан кейін ізім-ғайым жоқ болады. Ал келіншек қайтсін, күйеуіне айтпай банктен 1,5 млн несие алып, туған-туысына қайтарып береді. Мәселені айтып, құзырлы органға жүгінсе, олар алаяқты кепілдікпен босатады. Ұйқамақта отырған айлакер қаржыны қайтаруға құлықсыз.

Жолдасыма айтпай несие алып, енді соны жауып жүрмін. Сот алдындағы тергеу жұмыстары жүріп жатыр дейді. Оған сеніп отырған жоқпын. Өңірдегі журналистерге айтып мәселені қайта бір көтергім келеді. Шымкенттен алтын алып, арзанға сатып жүрген екен. Жарнамасын көріп сеніп қалдым. Жақындарыма айтып, өзім қолма-қол ақша бердім. Арада ешқандай келісімхат болған жоқ, - дейді кейіпкеріміз.

Алаяқтар көп жағдайда Instagram, TikTok сияқты әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып отыр. Олар танымал блогерлер арқылы сенім ұялатып, жоғары өмір сүру деңгейін көрсету арқылы қарапайым азаматтарды тартады. Сонымен қатар, халықты өз таныстарын тартуға итермелейді. Бұл схема тез тарайды, бірақ соңында көп адам зардап шегеді.

Қаржы қауіпсіздігі жөніндегі тәуелсіз сарапшы Эльмира Өтегенованың айтуынша, көбіне эмоциналды адамдар алданып қалады.

Пирамидалар – қаржылық сауатсыздықтың кесірінен өріс алып отыр. Халық тез байып кетуге әуес. Қаржы пирамидалары – экономика емес, эмоциямен ойнайтын психологиялық құрал, - дейді Э.Өтегенова.

Бүгінде алаяқтықтың алдын алу мақсатында жауапты департамент тарапынан ауқымды ақпараттық-түсіндіру шаралары қолға алынған. Яки облыстағы 13 колледж бен Жетісу университетінде 7 мың студентке қаржы қауіпсіздігі туралы дәрістер оқылыпты. Одан бөлек, “Байқа пирамида!” Telegram-боты іске қосылып, азаматтарға күдікті жобаларды өз бетінше тексеруге мүмкіндік берілген. Тіпті мешіттерде, базарларда, ХҚКО және кинотеатрларда аудио-видео ескертулер көрсетіліп жатыр. 

Сондай-ақ қоғам белсенділері, дін өкілдері, блогерлер және “Жас ұрпақ” ұйымы тартылған. Дегенмен бұдан айтарлықтай нәтиже жоқ. Себебі алданған адамдардың саны жылдан жылға артып келеді.

Қаржы пирамидасына қатысу – тек материалдық емес, рухани тұрғыдан да зиян. Исламда біреудің ақысын алдау арқылы пайда табу – ауыр күнә. Біз мешіттерде осыны түсіндіріп келеміз. Қаржылық пирамидалар халықты алдау үшін түрлі айла-тәсілдер мен психологиялық әдістерді қолданады. Көп жағдайда азаматтар қаржы, құқық немесе инвестиция салаларынан хабарсыз болғандықтан, оңай олжаға сеніп, өз қаражатын қауіпке тігеді, дейді Жетісу облысының Дін істері басқармасының маманы Мұратхан Айдарұлы.

Бақсаңыз, қаржы пирамидалары аз уақытта мол табыс табуға уәде береді. «Айына 30-50% табыс», «бір салым – өмірлік пассив табыс» деген секілді ұсыныстар қарапайым адамдарды қызықтырып, ақылға қонымсыз пайдаға үміттендіреді. 

Жобаға қатысып, пайда көріп жатырмыз деген таныстар, көршілер немесе туыстар адамдарды сендіріп, олар да осы жүйеге кіруге көнеді. Осылайша, пирамида ауызша жарнама арқылы кеңейіп отырады. Оған бір дәлел – Талдықорған қаласының тұрғыны Әсемгүл Нұртаева.

Бір танысым «сен де байып кет» деп, WhatsApp-тағы бір топқа шақырды. Мен 500 мың теңге салдым. Алғашқы айда 150 мың теңге қайтты. Одан кейін төлемдер тоқтап қалды. Байланысқа шыққан адам ұшты-күйлі жоғалды. Үйдегі алтындарымды сатып, ақша салған едім – бар үмітім күйреді, дейді келіншек.

132 мың адамды арбаған жарнама

“Тез байып кеткіңіз келе ме? Онда бізге қосылыңыз!” Осындай ұрандармен жұртты арбап, жалған үміт сыйлайтын қаржы пирамидалары Жетісу жұртшылығына да үлкен зиянын тигізуде. Соңғы үш жылда өңірде жеті қаржы пирамидасының заңсыз әрекеті әшкереленіп, олардың торына мыңдаған адам түсіп қалған. Ал салымшылардың дені — мұғалімдер, үй шаруасындағы әйелдер мен тарихи Отанына оралған қандастар. Экономист-сарапшы Ғалымбек Мұрабектің айтуынша, өңірде әлеуметтік деңгейі төмен отбасыларынан шыққан тұлғалар осындай қадамға жиі барады екен

Заңды бизнестің орташа маржиналдылығы 10-30% аралығында. Бірақ бұл пайда тұрақты еңбек пен нарықты жақсы түсінуді талап етеді. Ал қаржы пирамидалары ешқандай нақты өндіріссіз, тек кейінгі қатысушылардың ақшасы арқылы алғашқы салымшыларға төлем жасайды. Бұл – тұрақсыз әрі заңсыз модель. Мәселен, салымшылардың алибиіне назар салсаңыз, көбі әлеуметтік деңгейі төмен тұлғалар. Олар қолда бар азын-аулақ қаржыны көбейтуді ғана ойламайды, ситуацияға қарай әрекет етеді, - дейді Ғ.Мұрабек.

Оның айтуынша, қаржы пирамидаларының басты қаруы — жалған уәде. Олар салымшыға ай сайын 30%-ға дейін кіріс береміз деп сендіреді. Бірақ бұл — экономика заңдылығына қайшы. Оны сауатты адам бірден аңғаруы қажет. Алайда алаяқтарға жоғары білімді азаматтар да арбалып қалып жатыр. Мәселен 132 мың адамды арбаған пирамида жарнамасы күні бүгінге дейін миллиондаған қаржы әкелген. Оны құзырлы органдағылар да жасырып отырған жоқ.

Интернет кеңістігінде қаржы пирамидаларының таралуы жыл санап артып келеді. 2025 жылдың өзінде Жетісу облысы бойынша 165 құқыққа қайшы материал бұғатталып, үш Instagram парақшасы мен бір WhatsApp чаты жойылған. Бұл аккаунттардың жалпы аудиториясы – 132 мың жазылушы. Бұлардың арасында «Asar Baspana» атты пирамида ерекше көзге түседі. Ұйымдастырушылар ел ішінде жылжымайтын мүлік пен көлікке арзан салым салу арқылы байып кетуді ұсынған. Бастапқыда төлемдер жүргізіліп, халықтың сенімі артқан. Бірақ бұл – классикалық қаржы пирамидасының схемасы, дейді Жетісу облысы бойынша тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Мирас Құрбанов.

Мамандардың сөзіне сенсек, пирамидаларға алдану – психологиялық фактор. Адамдар жеңіл жолмен байып кетемін деген жалған иллюзияға сеніп, бар ақшасын салады. Бірақ қаржылық тәуекелдер мен заңды бизнестің шынайы табиғаты ескерілмейді.

Пирамидалар адам психологиясының әлсіз тұстарына әсер етеді. «Бәрі қатысып жатыр екен, мен де қалмайын» деген ұжымдық үрей, «табыстан қалып қоймайын» деген ашкөздік – басты себептердің бірі. Тұрғындардың алдануының басты себебі – қаржылық сауаттың төмендігі мен тез пайдаға деген үміт. Сондықтан әрбір азамат инвестиция жасамас бұрын, компанияның заңдылығын тексеріп, тәуекелдерге баға беруі керек. Күдікті жобалар жайлы бірден құқық қорғау органдарына хабарлаған жөн, - дейді психолог Айгүл Төлеуқызы

Жетісу өңіріндегі жағдай көрсеткендей, қаржы пирамидаларына алдану – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның мәселесі. Мұндай қылмыстық схемалардан қорғанудың жалғыз жолы – қаржылық сауаттылықты арттыру, ақпаратты тексеру, уәделерге сын көзбен қарау және заңды құралдарға сену. Алаяқтықты тоқтатудың басты шарты – әр азаматтың саналы шешім қабылдауы. Тез байып кету – қиял, ал тер төгіп жеткен табыс – тұрақты әрі заңды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы