Жетісуда қант қызылшасын сақтау қиынға соғуда
Жетісуда жиналған қант қызылшасы бұзылып, босап кетіп жатыр. Оны өңдеу мүмкін емес. Бүгінде Көксу зауыты 42600 тонна өңдеп, 9 пайыз ғана қант шығарған. Ол өте төмен нәтиже, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бактериоз бәрін бүлдіруде
Осы уақытқа дейін өнімін зауытқа өткізбеген шаруалар да бар. Кезегін күткен қожалықтардың әбігеріне облыстық ауыл шаруашылығы өз жауабын беріп отыр. Қазір Көксу зауытының шикізат сақтайтын қоймасы толып кетті. Оны ретке келтіріп, бір сұрыптап алу үшін бірнеше күн кідіре тұрады. Оның үстіне әкелген қант қызылшасының іске жарамай жатқан бөлігі де бар. Қазір зауыт басшылығы бұл мәселенің алдын алу жұмыстарын атқарып жатқанын мәлімдеп отыр. Қызылша өніміне әуес бактериоздар шикізатты бүлдіріп, таза өнім алуға кедергі келтіруде. Оған табиғаттың да әсері бар. Күз басталғалы Жетісуда жаңбыр толастар емес. Бұл шаруалар үшін үлкен зиян екенін ұмытпайық.
Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қант қызылшасын сақтау өте қиынға соғып тұрғанын айта кету керек. Біздің кәсіпорынға жиналған қант қызылшасы бұзылып, өкінішке қарай біртіндеп ағып кетіп жатыр. Оны өңдеп, таза өнім алу мүмкін емес. Бүгінгі таңда біз 40 мың тоннадан астам өнім өңдедік. Бұл дегеніңіз жалпы алғанда 9 пайыз ғана қант шығардық деген сөз. Нәтиже көңіл көншітпей отыр. Жауынның толассыз жауып тұрғаны да өздеріңізге мәлім. Оған тағы бір себеп зауытқа келіп жатқан шикізаттағы бактериоз бүкіл технологияны бүлдіріп, өнім шығаруда кедергі келтіріп жатыр. Біз қазір осы мәселені шешу үшін жоспарлар құрып жатырмыз. Зауытқа келген барлық шикізатты таза өңдеп шығару үшін біраз күш жұмсау қажет. Ол оңай шаруа емес, - дейді Көксу қант зауытының басшысы Алтынбек Абатов.
Оның айтуынша, қазірга уақытта зауыт қуаттылығын 2 есеге көтеру жағдайын ойластырып отыр. Ол үшін шет елдік компаниялармен келесімшарттар жасап, өзара жұмыс істеп жатыр. Ол жобаларды іске асырған жағдайда аталған өндіріс орны 400-450 мың тоннаға дейін қант қызылшасын қабылдап, өңдей алады. Бұл алқап көлемін арттыруға мүдделі облыс үшін үлкен көмек болмақ.
Жалпы осы ретте Көксу қант зауытының осы маусымдағы атқарған жұмысына баға бере кетсек. 2024 жылғы қант қызылшасын қабылдау және шаруашылықтармен есептесу жөніндегі жұмыстар мен іс-шараларды қорытындылай келе, өндіріс орны 138 мың тонна қант қызылшасын қабылдаған. Осы күнге дейін 110 шаруашылық қызылшасын өткізіп бітті. Оның ішінде 35 шаруа қожалықтарымен 10 күн арасында есептесіп, бүгінгі күнде 150 млн теңге есеп шоттарына аударылған. Биылғы жылы зауыт тарапынан шет елдік гибридті тұқымын, яки 9659 себу бірлігі 800 млн теңгеге сатып алынып, шаруа қожалықтарына таратылыпты. Бұл келер жылғы өнім көлеміне де әсер етер маңызды қадам болмақ.
Жаңбыр жауып кетті, тәтті түбірді қолмен тиеу оңай емес. Жинайтын арнайы техникасы жоқ біз секілді шағын шаруалар қолмен тереді. Қазір зауыт жабық тұр, өнімді қабылдап жатқан жоқ. Алаңды біраз тазалап алмақ екен. Соған алаңдап отырмыз. Биыл жалпы егін көлемі ойдағыдай шықты. Тек қызылшаның өзіне тән ауруы үдеп тұр. Биыл гибридті тұқым еккендер ғана таза шықты. Ал біз секілді бар тұқымды еккендер біраз қиналды. Келесі жылы шетелдік тұқымды себемін деп отырмын. Әйтпесе еңбек күшін көбірек қажет ететін арзан тұқымдар шығынға батырады, - дейді шаруа иесі Арсен Алтынбеков.
Ақсу қант зауыты артта қалмаса игі
Қыруар қаржының нәтижесінде аяққа тұрған Ақсу қант зауыты әлі облыс әкімдігінің артқан сенімін толық ақтамады. Кезінде 300 мың тоннаға дейін қант өңдеген өндіріс орны бүгінде қазандықтарын қанша майлағанымен, сол нәтижеге жете алар емес. Ең бастысы тек тәтті түбірді өңдеп қана қоймай, қамыс қантты өңдеп жатыр. Бұл бағытқа атқарып жатқан жұмыстары оң баға беруге болады. Дегенмен жылдан жылға қызылшамен айналысатын шаруалар қаптап барады. Алакөл, Ақсу, Сарқан секілді аудандардың өнімдері алдымен Ақсу зауытына барады. Оның күш-қуаты алдағы уақытта сол шикізаттарды толық қабылдауға жетпеуі де мүмкін.
Осы маусымдағы жағдай бойынша орталық қызылша пунктіне 160 мың тонна қант қызылшасы қабылданды. Оның ішінде Жамбыл облысынан 15 мың тонна шикізат қабылданды. Күніне орта есеппен 6,5 – 7,5 мың тонна қант қызылшасын қабылдап жатырмыз. Барынша кезек күттірмей жылдам әрекет етудеміз. Қазіргі таңда 3 бұрғылау машинасы және «Grimme» электробум жұмыс істейді. Биыл мазут нысанына, химиялық су тазартуға, 3 бу қазандығына, турбогенераторға (6 МВт), диффузиялық аппаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. Қазіргі таңда 2024 жылғы өнім қант қызылшасын өңдейтін қант зауытын іске қосу үшін №4 және №3 қазандықтарда іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бізге Алакөл, Ақсу, Сарқан ауданының шаруалары өткізіп жатыр, - дейді Ақсу қант зауытының басшысы Самат Надирбаев
Алакөл дегеннен шығады, біз осы ретте арнайы аудан әкімдігіне, шаруаларға хабарласып биылғы қожалықтардың жайын анықтадық. Бүгінде алакөлдік диқандар күздің әр күнін босқа өткізбей, науқандық жұмыстармен қауырт айналысып жатыр екен. Мәселен, аталған ауданда онға тарта ауылдық округтің елді мекендерінен шыққан 15 шаруа қожалығы тәтті түбірді өсіруді қолға алған. Осы жылы жалпы сол аймақта 644 гектар алқапқа қызылша тұқымы себілген. Осы күні 131 гектардан 3964 тонна өнім жиналып, әр гектарынан 302 центрден айналдып отыр. Қазан айының көрсеткіші бойынша жалпы 3291 тонна шикізат Ақсу қант зауытына өткізілген. Жиын-терімді кеш бастаған екі шаруа қожалық іске енді кіріспек. Оның бірі – «Bolat group LTD» ЖШС-і болса, екіншісі «Самет Агро» шаруа қожалығы. Екеуі де жаңа технологияны енгізген серіктестіктер. Оны біз бұған дейін де жазғанбыз.
«Bolat group LTD» ЖШС биыл тамшылатып суару технологиясын пайдаланып отыр. Аатлған қожалық сол заманауи әдістің нәтижесінде 275 гектар егіс алқабына қызылша егіп, 5 гектар алқаптан 350 тонна өнім алып отыр. Қытайлық технологияны жетік меңгерген мамандармен бірлесі жұмыс істеп жатқан шаруашылық биылғы өніміне дән риза. Келер жылы алқап көлемін мың гектарға созбақ ниетте. Өнім көлемін барынша молайтуды көздеп отыр. Бұл ретте қызылша өсіруден мол тәжірибе жинақтаған Көлбай ауылындағы «Самет Агро» шаруа қожалығының да еңбегі зор. Олар тәтті түбірді 118 гектар алқапқа өсіріп, бүгінде 75 гектардан 1847 тонна өнім жинаған. Олар да келер жылы егіс көлемін ұлғайтып, жаңа әдістерді пайдаланып көрсек деп отыр, - дейді Алакөл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Айжан Мұрат.
Жалпы Алакөл ауданы биыл бұрын қызылша өндірісінде жетпеген нәтижеге қол жеткізбек ниетті. Себебі үлкен тәжірибесі мол шаруа қожалықтар шетелдік мамандармен өзара байланысқа түсіп, жаңа технологияны меңгеріп келеді. Сол арқылы түсім көлемі де артқан. Қазір жергілікті билік алажаздай күтіп-баптаған өнімді күздің қара суығына, жауын-шашынға ұрындырмай сапалы жинап алуды мақсат тұтып отыр. Бұл жұмыстарға 5 комбайн жұмылдырылған. Келер оның да саны артатын болады.
Қант қызылшасының жартысы ғана жиналды
Шаруа шатқаяқтамау үшін облыстық ауылшаруашылығы басқарамасы үнемі көмек қолын созып тұрмаса да, егін барысын үнемі қадағалап тұруы шарт. Мәселен биыл егін маусымында біршама қожалықтарға уақытында су жетпей, өсіп келе жатқан егінінің біраз бөлігін шірітіп алған еді. Бұл мәселе келер жылы да туындауы мүмкін. Қазір тәтті түбірге үлкен сенім артып отқан өңір үшін әрбір шағын деталь маңызды. Себебі Мемлекет басшысы қант саласын өзі қадағалап отыр. Мемлекет те барынша субсидияның шаруалардан аяп қалып жатқан жоқ. Қазір қызыл қырманның қызған шағында техниканың жетіспеушілігі де байқалады. Оны да есепке алған жөн. Осы күні облыста қант қызылшасын жинау және қайта өңдеу мәселесі күн тәртібінде тұрған тақырып болып отыр.
Биыл қант қызылшасын облыс бойынша 597 шаруа қожалығы 13 653 гектарға септі. Нақтылап айтар болсақ, Ақсу қант зауытына 193 шаруа қожалығы өнімін өткізеді. Олардың жалпы егіс алқабы 5765 га құрайды. Қараңыз, Ақсу ауданында жалпы 108 шаруа қожалығы тәтті түбір еккен. Олардың егіс алқабы 2200 га құрап отыр. Бұл ретте Алакөл ауданына 15 шаруа қожалығы да бар. Олардың егіс алқабы 644 га асады. Одан кейін Сарқан ауданына тиесілі 70 шаруа қожалығы жалпы ауданы 2921 га жерге егін еккен. Ал Көксу қант зауытына 404 шаруа қожалығы өнімін өткізеді. Олардың жалпы егіс алқабы 7888 га-ды құрайды. Мәселен, Ескелді ауданында қызылша егетін 126 шаруа қожалығы, 3063 га жерден өнім алады. Ал Қаратал ауданында 100 шаруа қожалығы, 1461 га жердің өнімін өткізді. Кербұлақ ауданында бар жоғы 10 шаруа қожалығы тіркелген. Олар 877 га алқапқа ғана егін еккен. Жергілікті Көксу ауданында 160 шаруа қожалығы бар, олар 2337 га алқаптығы өнімін өткізді. Ал облыс орталығы Талдықорған қаласында 8 шауруа қожалығы 150 га жерге егін еккен, - дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Оның айтуынша, биыл 615 мың тонна қызылша жиналады деп жоспарланып отыр. Нақтылап айтсақ, шикізаттың 256 мың тоннасын Ақсу қант зауыты қабылдауы шарт. Оған ақсулық шаруалар 82 мың тн, алакөлдік шаруалар 24 мың тонна, сарқандық шаруалар 150 мың тн өнім өткізеді деп күтілуде. Ал Көксу қант зауыты 359 мың тонна өнім қабылдамақ. Оған ескелділік шаруалар 168 мың тн, қараталдық шаруалар 55 мың тн, кербұлақтық шаруалар 31 мың тн, көксулық шаруалар 100 мың тн және Талдықорғанға қарасты шаруалар 5 мың тн өнім өткізбек. Өндірілген өнімнің 250 мың тоннасы Көксу қант зауытына, 365 мың тоннасы Ақсу қант зауытына өткізу жоспарланған.
Жалпы, бүгінде 13,7 мың гектардың 6,5 мың гектары немесе 47,4% қазылып, 303,5 мың тонна өнім алынған. Жалпы 1 гектарға шаққанда өнімділігі 464,0 центнерді құрап отыр. Жиналмаған қызылшаның көлемі 7,2 мың гектарға жеткен. Бұл дегеніміз 232 шаруа қожалығы өнімін толық өткізіп болғанын айғақтайды. Көпке мәлім, өңірде қант қызылшасын жинау жұмыстары 15 қыркүйектен басталған де. Осы күнге дейін 45 пайыз алқаптың ғана өнімі жиналған. Бұл көрсеткіш көңіл көншітпей тұр.
Екі зауыттың қабылдау бағыты әртүрлі. Көксуға кезекті тұрған жүк көліктерінің қарасы қалың. Ақсу да олай емес. Қазір бірнеше күнге қабылдау уақытын кейінге шегерді. Оған дейін тоқтаусыз штаттық режимде жұмыс істеді. Екеуі де күнделікті 10-12 мың тонна өнім қабылдауға қауқарлы. Қазір шаруалардың жаппай қант қызылшасын жинауына байланысты, оған қоса Көксу қант зауытының толып кетуіне байланысты уақытша 10 күнге тоқтату жөнінде шешім қабылданған. Сол арқылы аталған қант зауыты біраз алаңды босата алады. Одан кейін кейінгі өнімді қабылдап, жинауға мүмкіндік ашылмақ. Ал екінші қабылдау пункт Ақсу қант зауыты жұмысын тоқтатпады. Жиналған қант қызылшалары уақыт өткізіп, тұрып қалмауы үшін Ақсу қант зауытына жіберіледі. Ескелді, Қаратал, Көксу, Кербұлақ ауданынан алынған қант қызылшаларын да сол жаққа өткізеді, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Шампиков.
Аз алқаптан көп өнім алу мүмкіндігі бар ма?
Үкімет шаруалар көмек ретінде бөлген субсидия қожалықтардың есеп-отына түскен. Ең бастысы Көксу қант зауытына осыған дейін өткізілген шикізаттың қаржысы да иесіне берілді. Сондай-ақ өнімді зауытқа жеткізудегі жол шығынына бөлінген қосымша қаражат та шаруашылықтарға беріледі. Әзірге бұл бағытта ешқандай мәселе жоқ. Көксулық шаруалар Ақсу қант зауытына барып өткізетін болса қосымша жол шығынан қаржы беріледі. Енді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының өкілдері ауа райы қолайлы болып, қалған өнім уақытында қар астында қалмай жиналғанын күтіп отыр.
Биыл өнім көлемі жақсы болады деп ойлаймын. Жаз да жауын жақсы жауды, оның үстіне судан тапшылық көрмедік. Бізбен бірге екекен шаруалар өнмін өткізіп, келер жылға дайындықты бастап кетті. Көбі алқаптың көлемін ұлғайтып, жаңа техника кіргізуді көздеп отыр. Ерінбеген адамға үлкен еңбек. Қаржысы да көңілге жағады. Оның үстіне ауылдағы біраз азаматтарды жұмыспен қамтығу үлкен мүмкіндік туады. Бізге тамшылатып суару технологиясын меігеру қажет. Мәселен алакөлдік шаруалар мың гектар жерге дейін егін екпек ниетте. Олар тіпті 3 есе артқ өніп аламыз деп отыр. Біз сол өзара тәжірибе алмассақ жақсы болар еді. Шетелдің тұқымдарды пайдалану белсенді жүзеге асып келеді. Келер жылы гибридті тұқым егуді жоспарлап отырмыз, - дейі шаруа иесі Жанасыл Керімбайұлы.
Облыста көп ұзамай 2 мың гектар алқаптағы майлы дақылдар мен 600 гектарға жуық жердегі жүгеріні жинау жұмыстары аяқталады. Қазір жауын-шашынға байланысты бөгеліп тұр.
Біздің бір байқағанымыз, өңірде қызылша кәсібімен айналысуға ниетті шаруалардың саны жылдан жылға артып келеді. Тәжірибесі мол, қалтасы қалың қожалықтар қытайлық технологияны пайдаланып, аз алқаптан көп өнім алып отыр. Бұл әдісті шағын шаруаларда үйреніп алсақ деген өтінішін жеткізуде. Сол үшін жыл сайын қожалықтар арасында тәжірибе алмасу кездесулері өтіп тұрады. Алдағы уақытта облыста барлық шаруаны тамшылатып суару әдісіне бейімдеу жұмыстары жүреді. Одан бөлек қосымша жаңа техникалар сатып алынбақ. Лизинг арқылы да бірнеше техника облысқа кіреді.
Енді кәсібін бастаған шағын шаруаларға міндетті түрде тәжірибе алмасу сағаттарын өткізу керек. Мәселен мен биыл егіннің біраз бөлігін шірітіп алдым. Алқапты суару жұмыстарына кеш кіріскен екенмін. Егіннің басы су ішіп біткенше, аяғы қурап кетті. Мұндай жайттар болмау үшін ертерек қимылдауым керек еді. Биыл шығынсыз аяқтасақ деп отырмын. Келер жылы жаңа техника әкелемін, - дейді шаруа иесі Алмас Пернебек.
2023 жылға дейін жетісулық алқапты 1 млн гектарға дейін жеткізу мақсаты тұр. Оған облыс әкімдігі осы қалыппен жүрсе жете ала ма? Қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?