Жетісуда пробация есебіндегі азамат жеке кәсіп ашты
Жетісу облысының Қаратал ауданында пробация есебіндегі азамат 1,5 млн теңге қайтарымсыз грант алып, жеке ісін ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Көпбалалы әрі жалғызбасты әкенің жеке бизнесін бастауына аудан әкімдігі мен жергілікті прокуратура мұрындық болған.
Үштөбелік азамат, бес баланың әкесі, пробация бақылауындағы Бекзат Өтежанов тағдырдың қиындығымен күресе жүріп, ол отбасының тіршілігі үшін өзінің жекеменшік шиномонтаж орталығын ашуды көптен бері ойлағанын айтады. Оның бұл арманының орындалуына мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз гранттың үлкен көмегі тиген.
Бұған дейін де автокөлік дөңгелектерін жөндеумен 12 жыл айналыстым. Бірақ ол кезде ғимаратты жалға алып жұмыс істедім. Әрине, өзіңнің жеке орталығың болғанға не жетсін. Кейін мемлекеттен грант берілетінін естіп, құжат тапсырдым. Сөйтіп 1,5 млн теңге көлемінде грант алдым. Ағайын-туыстарымның көмегімен Үштөбе қаласында лайықты ғимарат салдық, гранттың қаражатына дөңгелек жөндеуге керекті арнайы құрал-жабдықтар сатып алдым. Жаңадан ашылғаннан кейін әзірге келушілер көп емес, бірақ өңірде автокөлік көп болғандықтан, бірте-бірте клиенттер қатары да көбейеді деп ойлаймын, сол кезде жаныма бір адамды жұмысқа алсам деген жоспарым бар, - дейді Б. Өтежанов.
Қаратал аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, жалпы ауданда жыл басынан бері 58 адам қайтарымсыз грант алуға өтініш беріп, соның 18-іне оң шешім шығарылып, олар мемлекет қолдауына ие болған.