Жетісуда отбасын қолдау орталығына 7197 азамат жүгінген

Өңірде шаңырағы шайқалып, түрлі кикілжіңге тап болған тұрғын көп. Мәселен, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы 4090 адамға психологиялық көмек көрсеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аталған орталықтың ашылғанына көп бола қойған жоқ. Деседе оған көмекке жүгінген азаматтар күннен күнге артып келеді. Орталықтың негізгі міндеті халықтың әлеуметтік осал топтарына тегін заңгерлік көмек көрсету, отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, жұмысқа бейімдеу және қаржылық сауаттылығын арттыру болып табылады.

Әлеуметтік орталық тұрмыстың тауқыметін тартқан, тағдыры қиын аналар үшін облыс аумағында тәжірибелі педагогтарды тарта отырып, курстарды оқытады. Мысалы, массаж, компьютерлік сауаттылық, тігінші, шаштараз, аспаздық сабақтарын оқытып, сертификат береді. Бүгінде 409 ана түрлі курстарда білім алып шыққан. Сондай-ақ, орталықта аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына арналған 2-11 сынып оқушыларына ағылшын тілі курсы, 1-4 сынып оқушыларына қазақ тілі, орыс тілі мен математика пәндерінен қосымша сабақтары оқытылады, - дейді Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығының Президенті Жанар Нұрмұханова.

Мекемеге жүгінген 9 көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасына «Харекет» қайырымдылық қоры баспана сыйлаған. Осы ретте «бір терезе» қағидаты бойынша жетісулықтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді біріктіріп, отбасылармен жеке жұмыс жүргізеді.

Біз әрбір жанның өтініш-тілегін орынтауға тырысамыз. Түрлі психологиялық сабақтар жүргіземіз. Соған сай білікті мамандар жұмыс істейді. Мекеме облыс орталығындағы барлық отбасына заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетеді, - дейді орталық қызметкері Мадина Белгібаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы