Жетісуда отандық тауардың көлемі қанша
Жергілікті өнімдер сауда сөрелеріне түсе ме? Талдықорғандағы ірі сауда желілері тауар таңдауда шетелдік өнімдер неге басымдық береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қоймалар жеткілікті ме?
Үлкен сауда орындары тауар таңдарда қандай критерийге сүйенеді? Дүкендерде отандық өнімдердің үлесі неге аз? Біз бүгін осы сауалдарға жауап іздеп көрмек ниеттеміз. Қазір облыста да интернет дүкендер қатты дамып келе жатыр. Тиісінше оларға заттарын қоятын қойма қажет. Бұл ретте облс тұрмақ, жалпы мемлекет көлемінде де азық-түлік пен жеміс-жидек сақтайтын қоймалардың тапшылығы анық білінеді. Былтыр облыс басшысы Бейбіт Исабаев Жаркент жеріне сапарында қойма мәселесін реттеуді тапсырған еді. Оған бірден бір себеп, ауданда жеміс-жидекті сақтайтын орындардың аздығы. Мәселен, былтыр Панфилов ауданына осы сала бойынша 1 млрд теңгеге жуық инвестиция салынған. Бұл жоба облыстағы ауқымды қоймалардың бірі ретінде қарастырылды.
Бұған дейін Жаркент алмасын өндіріске айналдыру үшін қысы-жазы сақтайтын арнайы қойманың керектігі бірнеше мәрте айтылған. Одан басқа да сан алуан жеміс-жидектер күз келе пісіп-жетіліп, шіріп кететінін айтып шаруалар шағымданған еді. Осы түйткілдің алдын алу үшін қойманың маңызы үлкен. Осы ретте жергілікті кәсіпкер Аюпжан Валиев басқаратын «Валиев» шаруа қожалығының 6 мың тонналық ірі көлемді заманауи қойманы іске қосқан. Қойма салудың өз әуре-сарсаңы бар. Оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру шарт.
Басында қойманың құрылыс жұмыстарына жергілікті жерден 10-нан астам адам тартылды. Жоба бір жылдың ішінде толық аяқталды. Құрылыс жұмыстары түбегейлі бітіп, қойма толық қуатымен іске қосылғанда біз 40 шақты адамға жұмыс орнын аштық. Бүгінде жеміс-жидектерімізді сонда сақтап, сатып отырмыз. Бұл тез бұзылатын жаздық жемістерді де сақтауға ыңғайлы қойма. Күн салқындағанда да да бірқалыпты температурада ұстап, тауардың бұзылуына жол бермейді, - дейді шаруашылық өкілі Анаят Тохтахунов.
Айта кетейік, бұл қоймада 12 үлкен тоңазытқыш камерасы орнатылған. Мұнда өнімдерді тек сақтап қана қоймай, оны өңдеуге де ден қойылады. Нақтылай кетсек, қойманың бір шетінен 871 шаршы метрден астам жерге цехтің орны белгіленген. Онда повидло өндіретін цех немесе жеміс сүрлеу комбинаты салынады. Бүгінде аталған екі жобаның қайсысы тиімді болатыны қарастырылу үстінде екен.
Жалпы, облыста жалпы сыйымдылығы 39,7 мың тонна болатын 31 қойма бар. Нақтылап айтар болсақ, 25,2 мың тоннаға 18 картоп қоймасы; 8,5 мың тоннаға 7 көкөніс қоймасы; 5,9 мың тоннаға 6 жеміс қоймасы дайын тұр. Оның 12-сі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Оның ішінде 11,8 мың тоннаға 5 картоп қоймасы, 4,3 мың тоннаға 3 көкөніс қоймасы, 5,4 мың тоннаға 4 жеміс қоймасы жұмыс істеп тұр.
Панфилов топырағы жеміс-жидек пен көкөніске бай өңірдің бірі. Жергіліктір егіншілер жиым-терім уақытында қолдағы өнімін өткізетін жер таппай сарсаңға салынады. Осы түйткілдің алдын алу үшін іске кірістік. Оның үстіне қойма ашу бізге де, шаруаларға да тиімді. Қоймада қазір алма, қырыққабат, бұрыш және басқа да жеміс, көкөністерді сақтауға болады. Көбіне алма Айдарлы ауылындағы «Жаркент-Фрукт» жеміс бағынан, ал бұрыш пен қырыққабат Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан сатып алынып жүр. Бұл экологиялық таза өнімдер көтерме және бөлшек саудаға шығарылады. Бұл қойма қай жағынан да тиімділігі орасан болып отыр, - дейді Тохтахунов.
Ал өңірде ірі интернет дүкендерінің қойма желісі жетерлік.
Біз тауарға тапсырыс бергенде бірден тұтынушыға жеткізуге тырысамыз. Өзімізде ұзақ сақтамаймыз. Өнімді мөлшерлеп қана аламыз. Тұтынушыдан қабылданған тапсырыс бірден сауда желілеріне жолданады. Олар бірден жауап береді. Біз жеткізу жағын мұқият қадағалаймыз. Осы күнге дейін тұтынушылардан арыз-шағым түскен емес. Уақытында жеткізіп отырамыз. Сондықтан қойманың қажеті шамалы. Кейбір сатушылардың жеке шағын қоймасы бар. Олар тауарды алдын ала алып, сақтап, сатады. Оған үстіне баға жүреді, - дейді сатушы Анар Асылекова.
Дүкендерде жергілікті өнімдердің көлемі қанша?
Облыстың дүкендерінде өңірде шығарылған тауарлар оның ішінде; сүт өнімдері, ұн өнімдері, құс еті, құс жұмыртқасы және жергілікті шаруа қожалықтарының көкөніс өнімдері бар. Сонымен қатар шетелге импорттайтын ұн өндіру және құс фабрикалары да келеді. Мәселен, «Ломман-Жетісу» ЖШС, «Көгер ЛТД» ЖШС – құс фабрикалары және «Турка» ЖШС, «Sardar Export» ЖШС – ұн өндірісімен айналысатын кәсіпорындарының өнімі жергілікті сауда дүкендерінде жиі кездеседі. Одан бөлек Еуразиялық Экономикалық Одақ өнімдері де табылады.
Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың 2 тетігі жұмыс істейді. Оның ішінде «тұрақтандыру қоры» және кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен кредит беру «айналым схемасы». Аталған тетіктерді іске асыру үшін бюджеттен 5,8 млрд.теңге бөлінді, оның ішінде «тұрақтандыру қорын» қалыптастыру үшін 1,1 млрд. теңге және «айналым схемасы» кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен несие беру үшін 4,7 млрд. теңге бөлінді. Бөлінген қаражатқа 23,6 мың тонна тауар жеткізуге шарттар жасалды. 8,6 мың тонна ӘМАТ-на интервенция жүргізілді, - дейді облыстық ауылшаруашылығы басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Оның айтуынша «тұрақтандыру қорында» 4 347 тонна ӘМАТ бар, оның ішінде қант, ұн, күріш, күнбағыс майы, мүйіз, қарақұмық жармасы, картоп және сәбіз. Тұрақтандыру қорының тауарларын жеткізушілер «АзияАгроФуд» АҚ, «Өскемен май зауыты» ЖШС (ШҚО) «Көксу қант зауыты» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындар.
Талдықорғанда әр аптаның соңында сенбілік базар жұмыс істейді. Мұнда жетісулықтардың бәрі жиналады. Қытайдың, Ресейдің, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстанның тауарлары мен қатар отандық тауарлар да сөреге шығады. Дегенмен шетелден келетін тауардың бағасы арзан. Қытайдан келген қияр, қызынақтың бағасы қалтаға салмақ салмайды. Жеміс-жидектердің барлығы дерлік тәжіктердікі. Әрі тәтті, әрі құны да аса қымбат емес. Қазір бағаны қадағалап жатқан ешкім жоқ секілді. Мысалы осы сенбіде қиярдың бағасы 450 теіге болса, келер сенбіде 480-нен сатты. Оның алдында 400 теңгеден берген еді. Тұрақтылық жоқ, - дейді қала тұрғыны Айман Асаубаева.
Өңірде осы тетік бойынша 17 тауар өндірушімен 10,0 мың тонна көлемінде 14 тауар атауын жеткізуге келісімшарттар қолданылады.
Көбіне халық Magnum және Small секілді сауда дүкендеріне барады. Мен де сол дүкендерді жағалайтын қазақтың бірімін. Қазір облысты жергілікті қант зауыттарының өнімімен қатар ресейлік қанттар да қатар тұр. Бағасы былтырғымен салыстырғанда әжептеуір төмен. Сосын Текелі қаласында өндірілетін қаймақ, сүт өнімдері біздің көңілімізден шығады. JLC өнімдерін де тұтынушылар көп алады. Бірақ дегенмен шетелдің өнімдері басым. Оның өз себебі бар шығар. Баға да қазір шарықтап тұр ғой. Халықтың қалтасына ауыр тиеді. Мәселен нанның өзі 200 теңгенің үстінде. Алада бәрі өзімізден өңдіріледі, - дейті қала тұрғыны, зейнеткер Алмагүл Әшімқызы.
Жалпы, бағаны тұрақтандырудың екі тетігі шеңберінде 14,4 мың тонна көлемінде 17 тауар атауын жеткізуге келісімшарттар қолданылады екен. Атап айстақ, 678 тонна күріш, 669 тонна 1 сұрыпты ұн, 64 тонна қарақұмық, 603 мың нан орамы, 21 тонна түтік кеспе, 8 352 тонна қант, 574 мың литр күнбағыс майы, 382 тонна сүт, 437 тонна қырыққабат, 520 тонна пияз, 679 тонна сәбіз, 1518 тонна картоп, 185 тонна сиыр еті және 6,6 миллион дана жұмыртқа.
Осылайша, бағаны тұрақтандыру тетіктері бойынша бүгінде облыс халқының барлық қажеттілігінің 6% шегінде жабатын қорлар қалыптастырылды.
Бүгінде өңір аумағында «Жетісу» ӘКК-нің 8 әлеуметтік сауда нүктесі, «Смолл», «Магнум» және «Тоймарт» сауда желілері, сондай-ақ «үй жанындағы» дүкендер арқылы келісімшартқа отырған тауарлардың үздіксіз тауарлық интервенциясы жүзеге асырылуда.