Жетісуда оқушылар театры құрылды

Жетісу облысының әр ауданы мен қалаларында балалардың өнерін шыңдайтын шағын оқушылар театры құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жас таланттардың ішкі тынысын ашу үшін сахна мәдениетін меңгертіп, театр өнеріне баулу мақсатында өңірде алғаш рет "Театр – тәрбие бастауы" атты облыстық байқауы ұйымдастырылды. Бұл игілікті іске ұйытқы болған облыстық білім басқармасы. Облыс орталығы Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында өткен өнер бәйгесінде буллинг, зорлық-зомбылық, нашақорлыққа қарсы түрлі қойылым қойды.

Ауыл-ауылдардан келген жас дарындардың ізгілікке баулитын осындай іс-шараларының маңызы зор. Театр адамға адамгершілік сыйлайтын құнды құрал. Мұнда оқушылар шын өнердің алғашқы дәмін сезеді. Жеке шығармашылығын дамытуда да маңызы зор. Қатысқан әрбір оқушы ұлы өнердің қалай өмірге келетінін сезініп кетті деп ойлаймын. Балалардың қуанышы – біз үшін де маңызды дүние, - дейді халық әртісі Алмахан Кенжебекова.

Аталған байқауға 8 аудан, 2 қаладан үздік деп танылған 10 команда қатысқан. Жалпы алғанда жүзден астам оқушы өз өнерін көрсеткен. Олар берілген тақырыпқа сай, шағын қойылым қойған.

Мәселен, Ақсу ауданы "Қылмыс пен жаза", Алакөл ауданы "Тәуелділік торы", Ескелді ауданы "Нашақорлық қоғам дерті", Қаратал ауданы "Нашақорлық – құрдымға бастар жол", Кербұлақ ауданы "Нашақорлық және буллинг", Көксу ауданы "Нашақорлықтың алдын алу", Панфилов ауданы "Нашақорлық – құрдымға бастар жол", Сарқан ауданы "Ғасыр дерті", Талдықорған қаласы "Нашақорлық – құрдымға бастар жол",  атты қойылымдар қойылды.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдеге Сарқан ауданынан келген оқушылар лайық деп танылды. Жеңімпаздарға арнайы диплом және 500 мың теңге ақшалай сертификат табысталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы