Жетісуда неге қылмыс көп жасалады?

Өңірде мал ұрлығы мен жол көлік оқиғасы үдеп барады. Жоғалған малын іздеген тұрғын көп. Ал жол апатынан бір жыл ішінде 120 адам дүниеден озған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жүзге жуық мал ұрлығы анықталды

Жетісудың экономикасы көтерілгенімен, әлеуметтік деңгейі құжаттағыдай емес. Себебі соңғы жылдары мал ұрлығы көбейген. Әлеуметтанушылар оны халықтың күн көрісі күннен күнге нашарлап бара жатқанынан көріп отыр. Олай ойлауға қазір облыс шеңберінде дүние мүлікке қатысты қылмыс түрлерінің жылдағыдан едәуір көп екені де сеп. Өңір аумағында қылмыспен күресте бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде мал ұрлығы ең өзекті мәселеге айналған. Қараңыз, бір жыл ішінде 2686 (бұл соңғы 10 айдағы көрсеткіш) қылмыс тіркелсе, соның 3 пайызы мал ұрлығына қатысты. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыста барлығы 2 743 123 мал басы есепке алынған. Оның ішінде, жылқы саны – 214 019, ірі қара саны – 590 445, ұсақ малдар саны – 1 936 264, түйе саны 2 395 басты құрайды. Олардың дені жайылымда жүреді. Сондықтан ұры-қарыға оңай олжа.

Өрісте ұрлап кететін жағдайларға етіміз үйреніп қалды. Тіпті қорадан шығып кеткен малдан көз жазып қалған сәттер де қаншама. Құзырлы органдарға айтсақ, заң аясында тіркеп алады, бірақ таппайды. Себебі ұрылар ұзақта емес, сол ауыл ішінде ғана екені белгілі. Қанша ізкесу жасағанымен, ізін суытып үлгереді. Ауылдың бәрінде мал бар, малсыз өмір сүре алмайды. Ал енді оны айдың-күннің аманында кісі қолына беріп, қарап тұру ауыр нәрсе. Кейбір жағдайы төмен отбасылар бар. Олар да малын өрістен келмей қалды деп талай іздеді. Артынан қараса, терісі өзеннің жағасында жатады. Бір түнде әккілер сойып, етін Алматыға апарып сатып келеді. Ешқандай құжаты жоқ, бәлелер қалай өткізеді. Соны түсінсем бұйырмасын. Үш тарап арасында сыбайластық жатқандай, - дейді Ескелді ауданының тұрғыны Ажарбек Тілеубек.

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан осы күнге дейін 80 мал ұрлығы анықталған. Оның дені әлі ашылмаған. Көбі тіртіп сақшыларының құрығынан оңай құтылып кетеді. Оған себеп көп жағдайды жағымсыз оқиғалар өрісте немесе бейнебақылау камерасынан тыс аумақта болады. Соңынан қанша ізкесті дегенмен де айлакерлер топпен қимылдайды. Бірінің артын бірі жауып отырады. Мәселенки, ұрланған малдың етін сатып алушылар нарықтағы бағадан төмен алады. Бұл ұры үшін де, кәсіпкер үшін де тиімді. Екі жақ та ұтылмайды.

Осы күні облыс көлемінде қаңтар айынан бастап 80 мал ұрлығы дерегі тіркеліп, оның ішінде полиция қызметкерлері 46 қылмысты ашты. Осы ретте мал ұрлығына қатысы бар 25 күдікті тұлға үстінен қылмыстық іс сотқа жолданды. Соның ішінде 20-дан астам жәбірленушіге ұрланған малдары қайтарылған. Одан бөлек екі тарап, яки күдіктімен жәбірленуші татуласуына байланысты қылмыстық қудалау тоқтатылған. Бүгінде 12 қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ұрланған 259 бас малдың 153-і табылып, мал иелеріне қайтарылды. Мал ұрлығы салдарынан 88 млн 618 мың теңге келтірілген материалдық шығынның, 22 млн 608 мың теңгесі қайтарылды. Өкінішке қарай, полиция қызметкерлері 22 дерек мал ұрлығына қатысты күдікті тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр, - дейді облыстық ПД КПБ бастығының орынбасары, полиция майоры Мади Бағдат.

Жетісуда жалақы аз, күнкөріс қиын

Қылмыстың көп болуы – тұрмыстың төмендігінің белгісі. Жетісу басқа өңірлермен салыстырғанда айлығы аз облыстар қатарына кіреді. Мұнда орташа айлық көлемі – 150-200 мың шамасында. Дегенмен облыс әкімдігі бұл сандарды жоғары көрсетуі мүмкін. Алайда оған халықтың басым бөлігі сенбейді. Мәселен, жетісулықтардың 7%-дан астамы аз жалақы алады. Бұл ресми ақпарат. Осыдан-ақ түсіне беріңіз. Биыл өңір аумағында жұмыссыздар саны да артқан. Жастардың басым бөлігі жұмыссыз жүр. Сол себепті олар жеңіл ақша табудың жолын іздейді. Бірі ұрлыққа үйір келсе, бірі алаяқтыққа саналы түрде барады.

Жетісуда тек маусымдық жұмыстар ғана бар. Ал жыл 12 ай табыс әкелетін жұмыс түрлері аз. Оны дамытудың ешқандай жоспары құрылмаған. Қант қызылшасы, жүгері шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қыстай бос жатады. Оған жалданып істейтін жұмысшылар да қайда барарын білмейді. Ал бос адам деген аш адам, ал аш адам ойына келгенін істейді. "Өңірде 100 мың теңгеге өмір сүруге болады" деген жалған әңгіме, себебі азық-түліктің бағасы салыстырмалы түрде мегаполистермен бірдей. Ал бізде шағын бизнеске әлі нақты көңіл бөлінбей жатыр. Мемлекеттен алатын жеңіл несиеге екінің бірі қол жеткізе бермейді. Үлкен қожалықтарда да бар-жоғы 50-60 адам ғана еңбек етеді. Сіз бұл көрсеткішпен бәрінің жағдайы жақсы деп тон піше алмайсыз, - дейді әлеуметтанушы Қайсар Рысбек.

Жалпы әңгіменің төркіні мал ұрлығынан басталды ғой, сол майлы мәселені шешу үшін өңірде түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Бірі нәтижелі болса, бірі нәтижесіз. Бүгінде Мемлекет басшысының талаптарын орындау мақсатында мал ұрлығымен күрестің бағдарламасы құрылған. Бұл бағдарлама мал ұрлығының алдын алуға жол ашып, жәбірленушілердің материалдық шығынын толықтай қайтаруға күш салады. Сондай-ақ, халықтың құқық қорғау органдарына сенімін арттырып, облыстағы қылмыс деңгейін төмендетуді жеделдетеді.

Жыл сайын көктемде диқандарды үгіттеп, жақсылықты үйіп-төгетіндер күзде теріс айнала салады. Жоспарлау, зерттеу арқылы алдағы кезде қай саланың табысты болуын болжау мүлде жоқ. Биыл қызылшашылардың өнім өткізе алмай қиналатыны жайлы былтыр бірнеше рет жазып, дабыл қақтық, қыңқ еткен жан болмады. Ақыры айтқанымыз келді. Мұның шыжығы әлі алда. Қагаттық алаңдарда тау-тау болып жатқан үйінділердің жағдайы қалай болып жатқанын болжау қиын. Соңында іріді-шіріді, қанттылығы төмендеді деп шаруаларды шырылдатады. Заманында 13 мың гектарды бірнеше шаруашылық өсіріп, ың-шыңсыз өткізіп, күзде ауылдағылар бір байып қалатын. Қазір тұтас облыс осы көлемді игере алмай жатыр. Ең қызығы, осыдан біраз бұрын Мемлекет басшысының алдында есеп берген Ауыл шаруашылығы министрі "1 млн 200 мың тонна қызылша жинадық" деп соғып отыр. Ол кезде Жамбыл облысының қызылшашылары тәтті түбірді өткізе алмай тентіреп, жетісулықтар егілген көлемнің жартысын да жинамаған еді. Соған қарағанда, мемлекеттік деңгейдегілердің өздері нақты жағдайды білмейтін болып тұр. Осылайша жергілікті жерден басталған жалғандық жалғаса береді, - дейді журналист Болат Абаған.

Мысалы, былтыр өңірде 116 мал ұрлығы оқиғасы тіркелген. Сол істі анықтау барысында мал иелерінің немқұрайлығы да істі ушықтырып жіберген екен. Малын қараусыз қалдырған тұрғындар 2-3 күн өткеннен кейін малын іздеп, құзырлы органдарға қоңырау шалады. Өкінішке қарай, ол уақыт ішінде ұры ізін суытып үлгереді, тіпті қылмысты ашатын детальдар да жоғалып кетеді.

Жалпы жыл басынан мал ұрлығын болдырмау мақсатында облыс көлемінде «Мал ұрлығы» жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілді. «Мал ұрлығы» ЖПІШ өткізу кезінде 19 дерек мал ұрлығы, оның ішінде бұрын болған 17 қылмыс ашылып, оның үшеуі «өткен жылдар» санатынан. 2 қылмыс тәулік ішінде ашылды. 2 қылмыстық топ құрықталды. Әлі де мал ұрлығының 70%-дан астамы күзетілмеген орындардан еркін қол жеткізу жолымен, меншік иелерінің, ауыл шаруашылығы басшыларының тарапынан мүлікті үнемдеуге немқұрайлық себебінен жасалуда. Яғни мал иесі малдарын үнемі бақылауда ұстауы қажет деп есептейміз. Полиция қызметкерлері көбінесе малдар иесіз жайылып жүргенін анықтап жатады. Мал ұрлығы бойынша хабарласқан әрбір бесінші жағдай расталмайды. Соған қарамастан, ішкі істер органдары ұрланған емес, жоғалған малды кешенді шаралар ұйымдастырып іздеуге мәжбүр, - дейді полиция майоры Мади Бағдат.

Оның айтуынша, жұмылдырған жеке құрам бір тәуліктен және одан жоғары таулы жерлерде мал іздестіру шараларын жүргізеді. Нәтижесінде малдың жоғалғаны анықталып, тиісінше қылмыстық істер қылмыс оқиғасының болмауына байланысты тоқтатылады. Жыл басынан мал ұрлығы бойынша 36 қылмыстық іс тоқтатылған.

Бүгінде облыс аумағында қараусыз жайылып жүрген малдарға арналған 84 айыппұл тұрағы бар. Алакөл және Көксу аудандарында – 16-дан, Ақсуда – 15, Панфиловта – 13, Ескелдіде – 11, Сарқанда – 5, Текеліде – 4, Қараталда – 3, Кербұлақта 1 мал қорадан және Талдықорған қаласының аумағында, яғни «Еркін» және «Көктал» ауылдарында мұндай мал қоралар жоқ.

Жетісу осыдан бірнеше жылғы қарқынның жетегімен әупірімдеп көшке ілесіп келеді. Көтеріңкі көрсеткіш жолында желпілдеп сөйлеп, жарымжан цифрларды тізбектеп, жоғарыға жақсы атты көріну, көзбояушылыққа салыну Кеңес Одағы кезіндегіні он орап кетеді. Былтырғы жүгерінің шірігені анау, биылғы қызылшаның жағдайы мынау. Масқара, деген осы да. Облыста өнеркәсіп өлмеші жағдайда, ауыл шаруашылығы шатқаяқтап тұр. Оңып тұрған сала жоқ. Соның салдарынан жұрттың күнкөрісі де нашарлау үстінде. Ал басшылардың баяндамаларында бәрі керемет. Брежнев көкеміздің кезінде айтылатындай, бір аяғымызбен коммунизмде тұрмыз. Осылай талтайып тұра берсек, бұтымыз айырылары анық, - дейді журналист Болат Абаған.

Жолдың да озығы бар, тозығы бар

Қылмыс көбейген сайын әлеуметтің даму деңгейі де құлдырай береді. Мәселен, Алматыға қатынап істейтін тұрғындар саны көп. Олар Талдықорғандағы орташа жалақыға жан баға алмаған соң, амалсыз Алматыдан қатынап істейді. Кейбірі жанға жайлы жұмыс орнын таппаған соң үлкен қалаға баруға мәжбүр. Сондықтан Талдықорған-Алматы тас жолымен қатынайтындардың қарасы көп. Екі облыс бөлінгеннен кейін жұмысы Қонаев қаласына ауысқандар да бар. Бүгінде сол екі шаһардың арасында жол көлік апаты жиілеп барады. Үйіне асыққандар жылдамдықты да асырады. Былтырғыдан қарағанда биыл қаза тапқандар саны көп. Айтудың өзі ауыр. Сол бағытта жылдамдықтан шамадан тыс асырып оқыс оқиғаға тап болғандар көбейген.

Биыл жол бойында тәртіп сақшыларының күзеті күшейтілгеніне қарамастан өңір аумағында 596 жол-көлік оқиғасы болған. Былтыр 401 болған еді. Биыл өкінішке қарай, 120 адам қайтыс болды, былтырдан жоғары. Одан қалды 876 адам жарақат алған, бұл да өткен жылмен салыстырғанда көп. Мәселен, жолдың ең апатты аймағы саналатын «Алматы-Өскемен» автожолында жол көлік оқиғалары жиі тіркеледі. Жыл басынан онда 95 жол-көлік оқиғасы тіркелген, былтыр 90 болған. Соның салдарынан 58 адам қаза тауып, 175 адам жарақат алған. Жоғары жылдамдықты шектен асыру себебінен 224 оқиға орын алды, салдарынан 56 адам қаза тапты және 447 адам жарақат алды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілердің немесе жол қозғалысына қатысушылардың қозғалыс ережелерін бұзуынан 34 оқиға орын алды, салдарынан 10 адам қайтыс болып, 25-і түрлі жарақат алды, - дейді облыстық ПД жергілікті полиция қызмет басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайсар Махмұтов.

Негізінде жол көлік оқиғасы халық көп шоғырланған аймақтарда жиі болып тұрады. Мәселен, облыс орталығында былтырғыдан қарағанда өскен. Одан бөлек Панфилов ауданы мен Көксу ауданында оқыс оқиғалар жылдағыдан артқан. ЖКО салдарынан қаза тапқандардың саны, былтырмен салыстырғанда Алакөл ауданында 11-ден 16-ға дейін және Кербұлақ ауданында 8-ден 16-ға дейін өскен. Аталған аудандарда адам өлімімен ЖКО өсуінің тағы бір себебі, ҚАПББ бастықтарымен осы аумақта қызмет атқаратын Патрульдік полиция батальон қызметкерлері және оның басшылары дұрыс шаралар қабыдамауынан орын алып отыр. Өліммен аяқталған ЖКО-ның әрбір дерегі бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп, кінәлі тұлғалар мен олардың басшылары қатаң тәртіптік жауапқа тартылған.

Қала ішінде камера көбейген сайын жол көлік оқиғасы да көбейіп келеді. Әсіре таксистер көп ереже бұзады. Асыққан жүргізуші жаяу жүргінші жолында қанмаша адамды қағып кетті. Оған себеп – Яндекс платформасында жылдам тапсырыс орындау. Сол арқылы көп ақша табады. Тұрмыс қысқан жүргізуші қайтсін, жылдамдықты асырады. Кейбірі сол платформамен бала-шағасын асырап отыр. Оларға да кінә таға алмайсыз. Қаншама баланы бір көлікпен асырап отырған жігіттер бар. Бірақ жол қателікті кешірмейді. Әйтеуір тәртіп сақшылары қолдарына камерасын ұстап алып, ұялы телефонмен сөйлесіп келе ме, соны аңдып жүреді. Қала ішінде көлік көбейіп келеді. Олардың бәрі жол ережесін біледі деп ойламаймын, - дейді қала тұрғыны Әнуар Алмасбеков.

Қызметтегі салғырттығы үшін 25 департамент өкілі тәртіптік жауаптылыққа тартылған. Одан бөлек автожолдарға 859 тексеру жүргізіліп, 859 нұсқама берілген. Соның аясында 213 лауазымды тұлғаға автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша талаптарды орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК 631-бабы бойынша 7 863 960 теңге сомасына әкімшілік айыппұл салынған.

Айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде 3 қызметтік автокөлікте «Ekin-Patrol» автоматты тіркеу жүйесі қосылған жылдамдық өлшегіштер орнатылып, қызметте қолданылып жүр. Аталған қондырғының көмегімен жылдамдықты асырудың 15 304 дерегі анықталып, жүрізушілерге 266 млн 377 мың теңге айыппұл салынған.

Өкінішке қарай, өңірде қылмыс түрі көбейіп келеді. Әрине, тәртіп сақшылары бәрінінің бірдей алдын алуға қауқарсыз. Халықтың ішкі айқайына, амалсыз барған қадамына, айлакерлігіне сырттан қарап баға беруге болады. Бұл әлеуметтің мәдени деңгейі ғана емес, қалтасы да жұқарғанын көрсетеді. Шындығы сол...

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы