Жетісуда медицина деңгейі төмен
Оған бірден бір себеп – кадр тапшылығы болса, екінші жағынан соның салдарынан тәжірибесіз мамандардың жұмысқа келуі. Жетісулықтар ақылы емделгенді жөн санайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дәрігерлер ауылдан қашады
Бұл тақырыпқа қайыра оралуға мәжбүрміз. Себебі денсаулығына алаңдаған халықтың жанайқайы бізді де алаңдатып отыр. Жалпы Жетісуда тәжірибелі дәрігерлер баршылық, дегенмен олар ауылдық жерлерге барғысы келмейді. Тіпті кейбірін ақшамен де қызықтыра алмайсыз. Неге десеңіз, бала-шағасы дұрыс мектепте оқығанын қалайды. Қазір өңірде ауылдарға барған мамандарға 5-10 млн теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Бірақ оған құлықты мамандар саны көп емес. Ауылдық жерде жұмыс істеу үшін соған сай жағдай қарастырылуы керек. Аудандық ауруханаларда медициналық апараттар әлі толық дамыды деп айтуға келмейді.
Жұмыс тәжірибемді ауылдан бастауға қарсымын. Себебі өзіңіз дипломды қолына кеше алған тәжірибесіз мамансыз, барып бірден іске кірісуге болмайды. Ол үшін өз салаңдағы дәрігерлермен бірлесе отырып жұмыс істеу керек. Сонда тәжірибе жинақтайсыз. Мен, мәселен, балалар дәрігерімін. Кішкентайлармен жұмыс істеу өте қиын. Ауылдық жерге барып, халықты өтірік емдеуге болмайды. Бір жыл, екі жыл тәжірибе жинақтаған соң ары қарай басқа этапқа өтсе болады. Оның үстіне ауылдық жерде ешқандай жағдай жасалмаған. Кейбір ауылдар бар, емдейтін апараты да жоқ. Бар болғанның өзінде ескі. Сондықтан бұл мәселені дұрыстап қарау керек, - дейді балалар дәрігері, жас маман Айтолқын Ибрашева.
Шынымен жас мамандардың талабы зор, қаланың ауруханасымен ауылдың ауруханасын салыстыруға келмейді. Мәселен, облыста шалғай орналасқан елді мекендердің көбі кеңес заманында қаланған кешенде отыр. Ішіне кірсеңіз, емен еденді қоңыр түске бояп қойған, көк есігі шиқылдап ашылады. Соңғы екі жылда 50-ге жуық құралмалы медициналық ғимараттар ашылды дегенімізбен де әлі жүздеген ауыл заманауи модульді ауруханаларды күтіп отыр. Оны салды дегеннің өзінде маманды сонда апару тіпті қиынға түседі. Бұл сауалдар Жетісу облысына арнайы іс-сапармен келген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға да қойылған еді.
Дәрігер жетіспеушілігі мәселесі біздің бақылауымызда. Қазір мамандарды өңір-өңірлерге тарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасына сай денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы бойынша ұлттық жоба қолға алынды. Осы ретте өткен жылдан бері Жетісу жерінде 59 нысан салыну жоспары бекітілді. Осы жылдың аяғына дейін оның 30-ы халық игілігіне беріледі. Мен бірнеше нысанды аралап көрдім, тұрғындардың тілегін тыңдадым. Соңғы үш жылда 60-тан астам нысан жергілікті бюджет есебінен салынған екен. Бұл жақсы көрсеткіш. Өкінішке қарай, кадр тапшылығы республика бойынша орын алған өте күрделі мәселе. Біз грантпен оқу бітірген мамандарды ауылдық жерлерден тәжірибеден өткізуді ойластырып көреміз, - деді министр.
Жалпы ресми мәліметке сүйенсек, елімізде 4 мыңнан астам дәрігер жетіспейді деп көрсетілген. Алайда нақты зерттейтін болсақ, бұл саннан да жоғары болуы мүмкін. Оны еліміздің бас дәрігері де жасырып отырған жоқ.
Тәжірибесіз кадрлар қажет емес
Республика бойынша осы жылы 11 мыңға тарта медицина маманы оқып шыққан екен. Соның Жетісу өңіріне жіберілгендерінің тек 30%-ы ғана жергілікті жерде қызмет етіп жатыр. Қалғаны облысқа келуді жөн санамаған. Бүгінде ел аумағында медицина саласы бойынша 70 мыңға тарта дәрігер білім алып жатыр. Оның 52%-ы ақылы түрде оқуға түскен екен. Қазір салада оқып жатқан бала санының көптігі ұстаздар мен мамандарға, одан бөлек профессорлық құрамға шамадан тыс жүктеме болып отыр. Мәселен, бір Талдықорғанның өзінде 3 медицина колледжі бар. Ол жерден жылына жүздеген маман оқып шығады.
Үйге дәрігер шақырсақ, жап-жас қыздар не жігіттер келеді. Олардың айтатыны екі-үш нәрсе, қай жерің ауырады, соған сай ине салып кетеді. Кейбірі артық антибиотик салады. Одан оңайлықпен жазылмайсың. Қазір тұмау қатты жүріп жатыр. Шақырсақ, асықпай келеді де қызуымызды өлшеп, дәрі беріп кетеді. Одан сауығып кетпейсің. Жастар ғой, істі білмейді. Кешелі бері жолдасым екеуіміз осындағы ақылы орындарда емделіп жатырмыз. Бүгін жақсы болып қалдым. Мемлекеттік мекемелерге емделгеннен қорқып қалдық. Бәріне топырақ шашпаймын, бірақ оқымаған, қолында дипломы бар мамандар көбейіп барады. Ине салғанына мәз, ал адамды емдеуге келгенде істері орашолақ. Сондықтан болар, өңірдегі медицина саласының деңгейі төмендеп барады, - дейді өңір тұрғыны Жансая Тауысхан.
Тұмау дегеннен шығады. Қазір өңір аумағында эпидемиологиялық маусымның 40-43 апта аралығында жіті респираторлық вирустық инфекцияның 15 333 жағдайы тіркелген. Бұл жерде сырқаттанғандардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл 10 223 жағдайды құрап отыр. Зертханалық расталған тұмау жұқпасының 1 жағдайы ересектер арасында анықталған. Өткен жылы эпидемиялық маусымда тұмаудың 129 жағдайы тіркелген еді. Биылғы эпидемиялық маусымда облыста тұмауға қарсы иммундау 18 қыркүйектен басталды. 2024-2025 жылдары эпидмаусымда барлығы 83 000 доза жергілікті бюджет есебінен және 200 доза жұмыс берушілердің есебінен сатып алынған. Оның ішінде денсаулық сақтау басқармасына 80 мыңы, Кербұлақ, Көксу аудандық орталық ауруханаларына 3 мыңы тиесілі. Бұл облыстың жалпы халық санының 12%-ын құрап отыр.
Ауырып жатқан балалардың саны артып барады. Осы күні тұмауға қарсы жергілікті бюджет есебінен жоспарланған 82 143 адамның 75 096-сы егілді. Дегенмен тұмаумен сырқаттанғандардың саны азаймай тұр. Тұрғындар барынша сақтық шараларын ұстауы шарт. Қоғамдық орындарда бетперде тағып, халық тығыз орналасқан ортадан жырақта жүргені жөн. Отбасында бір адам тұмау жұқтырса, жазылғанша қасына жақындамаған абзал. Тұмаудың алдын алуда жеке бас гигиенасын сақтаудың да пайдасы мол, қолды жиі сабынмен жуу қажет. Түшкірген және жөтелген кезде ауызды немесе мұрынды бет орамалмен жабу маңызды, - дейді облыстық СЭБД басшысы Асхат Сакенұлы.
Иә, қазір денсаулықты күткен абзал. Себебі «ауырмайтын жол ізде» дегендей, сырқаттана қалсаңыз, дәрігерге жүгінесіз. Олар жазып берген дәрі-дәрмек қымбат. Оны қалтаңыз көтерсе жақсы. Жетісулық кейбір тұрғындар қазіргі дәрігерлерге сенбей, тұмауды үй жағдайында емдеп алады екен. Бұл да мамандарға сенімсіздіктің бір белгісі.
Алдағы уақытта Денсаулық сақтау министрлігі жас дәрігерлерді грантқа түскен педагогикалық мамандық иелері секілді 3-4 жыл ауылдық жерлерде жұмыс істеуді міндеттесе, жоғарыда көтерілген мәселенің шешімі табылып қалар еді. Себебі ақша берсе де ауылға баруға қарсы жастар көп. Олар қаладан алысқа ұзағысы келмейді.
Қазір сырқаттар түрленіп келеді. Оған қажетті мамандарды мұнда шақырып келтіре алмаймыз. Бізде терапевт, хирург, балалр дәрігері секілді күнделікті ем-домыңды жазып беретін мамандар жетіспейді. Тіпті аудан орталықтарында да жоқ. Қаншама дәрігерді зейнетке жібермей ұстап отырмыз. УЗИ жасайтын мамандар да жоқтың қасы. Сырттан шақырғанмен келгісі келмейді. Қаншама ақша да ұсындық, оған оңайлықпен көнбейді. Қазір ауыл-ауылдарда тұрғын үйлер салынып жатыр. Сонда барып тұратын дәрігер де тапшы. Барлық жағдайды жасап берсе де, баруға құлықсыз, - дейді Достық ауылының әкімі Ермек Ізтілеу.
Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2 жүзге жуық маманның керектігін айтып отыр. Келер жылы өңірге тағы да жүздеген маман шақыртылады. Ал жас мамандарға мүмкіндік берген де жақсы шығар, бірақ бәрі сауатты ма, соны да ескерейік.