Кеше 2026, 14:33 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Жетісуда мал ұрлағандар көлігінен айырылды: Сот мүлкін тәркіледі

Жетісу облысында мал ұрыларының мүлкі мемлекет кірісіне тәркіленді.

Жетісу облысында мал ұрлығы үшін сотталғандар тек жаза алып қоймай, қылмысқа пайдаланған көліктерінен айырылды. Прокуратура мұндай шаралар қатаңдатылатынын ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жетісу облысының прокуратурасы мал ұрлығына қатысты істер бойынша мемлекеттік айыптауды қолдау кезінде қылмыс құралдарын тәркілеу мәселесіне ерекше назар аударады. Сот практикасы көрсеткендей, ұрланған малды тасымалдау үшін пайдаланылған автокөлікті алып қою түріндегі құқықтық салдар қылмыстық жолмен табылған табыс көлемінен бірнеше есе асып түседі.
 
Мәселен, Қаратал аудандық сотының үкімімен үш адам екі бас ұсақ малды ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Шығын сомасы 140 мың теңгені құрағанына қарамастан, сотталғандар үшін материалдық шығын айтарлықтай жоғарыболды.

Сот прокурордың уәждеріне сүйене отырып, кінәлілерге 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және қылмыс құралы ретінде автокөлікті мемлекет пайдасына тәркіледі. Осылайша, бір реттік заңсыз пайда табу әрекеті бағалы мүліктен айырылуға және соттылыққа әкеп соқты, - деп хабарлады облыстық прокуратура.

Осындай сот практикасы Панфилов ауданында да қолданылды. Онда жергілікті тұрғын мал ұрлағаны үшін 5 жылға шартты түрде сотталып, оның көлігі қайтарымсыз негізде мемлекет меншігіне алынды.
 
Облыс прокуратурасы мал ұрлығы үшін мүлкін тәркілеумен бірге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық қарастырылғанын ескертеді.