Жетісуда ит пен мысыққа 178 млн теңге бөлінген

Облыс орталығында иесіз иттер қаптап жүр. Қала әкімдігі маңайдағы саяжайлар мен ауылдардан келген үй жануарларын толықтай құрықтай алмауда. Тұрғындар наразы деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

6 мыңға жуық қаңғыбас ит пен мысық ауланған

Жаз бастала қаңғыбас ит пен мысықтан көз ашпайтын қала тұрғындары тағы да жергілікті билікке шағымданды. Бала ойнайтын аулада қоқыс жағалаған қабаған иттер адамдарға тұра ұмтылған кездер де болған. Баласы үшін шыр-пыр болған ата-ана иттерді атуды сұрап отыр. Қала әкімдігі бұл іске облыстық ветеринария басқармасы жауапты екенін алға тартады Аталған басқарма мамандары қаншама итті атса да азаяр емес. Кейбір үй жануарлары үйден босап шығып, қала ішіне кіріп кететінін айтуда. Мойнында қарғыбауы бар үй жануарларын бас-көзсіз атуға болмайды. Заң бойынша арнайы питомниктерге қамау міндет. Ал өңірде ит пен мысықты ұстайтын арнайы орындар жоқ.

Қазіргі таңда өңір көлемінде типтік питомниктер, яки үй жануарларды ұстауға арналған арнайы баспаналар болмай тұр. Дегенмен әрбір аудан мен қалаларда уақытша ұстау пунктері ашылған. Біз сол жерлерге уақытша қамап иесін анықтаймыз. Өңір аумағында сондай қоршаулардың жалпы саны 200-ден асады. Айта кетейік, осы мақсатта Жетісуда 4 гектар жер қарастырылған еді. Сол бөлінген учаскелердің жобалық-сметалық құжаттамасы ізірленіп жатыр. Алдағы уақытта қаңғыбас иттерді қамайтын заманауи орындар пайда болады, - дейді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Асхат Бәзілов.

Оның айтуынша, мемлекет бекіткен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң шеңберінде өңірде 5 бюджеттік бағдарлама жүзеге асады. Сол мақсатта 178 млн көлемінде қаржы қарастырылған. Бұл соммаға үй жануарларына арнайы екпе егу, яки вакцинациялау, жансыздандыру, құрықтау, бірдейлендіру, сондай-ақ стерильдеу секілді жұмыстар кіреді. Оған бөлінген қаржының 100 млн-ға жуығы жұмсалады.

Қазір Жетісуда бұралқы иттен келетін індет арта бастаған. Дәрігерлер алаңдауда. Әсіресе балалар тез жұқтыратын көрінеді. Кинлологтар арнайы ауруға қарсы вакцинация салуды тұрғындарға міндеттеп отыр.

Көбі байқамауы мүмкін паразитарлық аурудың негізгі таратушысы үй жануарлары. Сол арқылы адамға жұғады. Бүгінде оның 90 пайызы ит пен мысықтан келетіні анықталып отыр. Өңірде сондай сырқаттармен шалдыққан емделушілердің арасында 15 жасқа дейінгі оқушылар бар. Сондай сырқаттың өршуіне жол бермеу үшін ұлттық сараптама орталығының өңірлік филиалдары жыл сайын дезинфекциялау жұмыстарымен айналысуы шарт. Әсіресе тері аурулары тез өршиді. Қазір баяғыдай емес, ит пен мысықты арнайы тексеруден өткізіп отыруы қажет. Кішкентай баллардың аузы-мұрнын иіскеп, айналшықтап ойнайды. Оған ата-ана аса мән бермейді. Сондай жағдайды спиртпен немесе арнайы антисептикпен қол-аяғын, бет-ауызын жуып, үйге бірақ кіргізу қажет. Ата-аналар осыған мұқият болуы қажет,- дейді өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкері Әсел Бөлегенова.

Мамандардың айутынша, күннің аптап ыстығында тері аурулары ерекше қозады. Облыста қаңғыбас иттердің артуы аталған сырқат түрінің дамуына негізгі фактор болып отыр. Сондықтан департамент қызметкерлері бұралқы ит пен мысықтан алысырақ жүруді ескертеді. Балалардың тіпті қасына жолатуға болмайды. Себебі олардың келетін ауру түрі көбейіп барады.

Қала тұрғындары қаңғыған иттен қауіптенеді

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметіне сүйенсек, соңғы алты айда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның аясында 6 мыңға жуық қаңғыбас ит құрықталған. Оған қоса 22 мысық ауланыпты. Соның бар болғаны 40-ы өз иелеріне қайтарылған. Оларға ескерту берілген. 700-ден астам итке екпе егіліп, стерилизациялау қызметі көрсетілген. Ал 5104-ін ізгілік жолмен жансыздандыру шарасы қабылданыпты. Дегенмен бқралқы иттерден жапа шеккен тұрығндардың саны азаймай тұр. Әсіресе қала маңайындағы елді мекендерде жиі ит қабу немесе құтырма аурулары кездеседі.

Таңғы серуенге шыққанда Жастар саябағының айналасында иттер қаптап жүреді. Әрине қасымызда адамдар бірге жүгіріп жүргеннен кейін алыстан үреді де қояды. Ал жалғыз жүрсен тұра ұмтылады. Мені қауып ала жаздаған кездерде болды. Қолымдағы таяқпен ұрып әрең құтылдым. Мұны жауапты мамандарға айтып, әкімнің әлеуметтік парақшасына жазып жібергенбіз. Тіпті, «Taldykorganec.insta_» және «Taldykorganec.7282» инстограмм әлеуметтік желілеріне де шықты. Оқушы балаларды қауып ала жаздаған оқиғаларда тіркелген. Көбіне саябаққа жақын «Заря» ықшамауданындағы жер үйлерден келеді. Кейбіреуі ұстатпай қашып кетеді,- дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Еңлік Талғатқызы.

Құтырма дегенмен шығады, өңірде абырой болғанда адамдар арасында мұндай жағдай тіркелмеген. Дегенмен, мал шаруашылығына ерекше ден қойған Кербұлақ, Ақсу, Қаратл аудандарында жабайы аңдар мен малдар арасында оннан астам құтырма ауруы анықталған. Бүгінгі таңда оның 6-ауы зертханалық жолмен дәлелденіп отыр. Мамандар дезинфекциялау жұмыстары қолға алып, шаруашылықтарда арнайы санитариялық ашарлар қабылданды.

Өңірде мал шаруашылығымен айналысатын мыңдаған қожалықтар бар. Жылда тексеру барысында 2 мыңға тарта малдардың жарақат жағдайы тіркеліп отырады. Мәселен, қаңтар айынан осы кезеңге дейін 800-ге жуық тұрғын үй және жабайы жануарлардан алған жарақатына байланысты дәрегерлерге қаралған екен. Оның басым бөлігі иттен келген сырқаттар. Нақтылап айтсақ, 645-і иттен алған жарақаттар болып отыр. Қалғаны бұралқы иттерден келген қауіп-қатер. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда зардап шеккендар саны аз. Өткен жылы 820 адам жарақат алған болатын,- дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Күнбасова.

Әрине, жарақат алғандардың дені қалалық жерлерде тіркелген. Мысалы Талдықорған қаласымен Текелі қаласында зардап шеккен тұрғындардың саны өзге аудандарға қарағанда көп. Одан кейін Кербұлақ ауданы тұр. Мұнда ит қапқан оқиғалар жиі кездеседі.

Бүгінде жоғары аталған жағымсыз жағдайлардың алдын алу үшін аталған басқарма қызметкерлері үй жануарларын вакцинациялауды, қаңғыбас иттер мен мысықтарды бақылауды үдететінін жеткізді. Сонымен қатар, тұрғындар арасында жануарлармен қауіпсіз өзара іс-қимыл бойынша оқыту іс-шаралары да қолға алынбақ.

Оқушылар үшін алаңдаймыз, кейбір балалар қатты шошып қалады. Сосын ата-анасынсыз көшеге шыға алмайды. Біздің практикамызда сондай балалар кездесті. Қаңғыбас иттер көбіне ала ішінде қоқыс жағалап жүреді. Әсіресе таңертең оқитын бастауыш сыныптарға алдын ала ескертеміз. Жер үйде тұратын оқушыларды ата-аналар өзі мектепке әкеліп салуы қажет. Себебі қауіпсіздік шаралары қолға алынбаса, қала ішіндегі жүрген қаңғыбас иттер қауып алуы мүмкін. Сондай жағдайда баланың тілі де шықпай қалады. Шок алып қалады. Ондай оқиғалар біздің практикада кездесіп тұрады,- дейді бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Қаппарова.

Қазір өңірде құтырудың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Жауапты мамандар тұрғындарға барынша сақтық шараларын сақтап, ит пен мысыққа қатты жақындамауын әрі емдеп отыруын ескертеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы