Жетісуда инватакси қызметі жеткілікті ме?
Соңғы 6 айда бұл қызметке бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтардан 55 мыңға тарта өтініш түскен. Бұл әлі де өңірге инватаксилер қажет екенін аңғартады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оңалту құралдарына 13 064 адам мұқтаж
Мемлекет басшысы өңір-өңірде мүгедектігі бар азаматтарға арналған оңалту орталықтары мен қолдау жүйесін кеңейту керектігін тапсырған. Соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Бүгін, Жетісуда тағдырлы азаматтар қоғамның бір мүшесі екенін сезінуі үшін қандай жұмыстар жасалып жатқанын саралап көреміз. Бұл бағытта атқарылған шаралардың игілігін мүмкіндігі шектеулі жандар көріп жатыр ма? Оңалту орталықтарының қандай пайдасы бар? Көкейде жүрген сауалдардарға жауап іздеп көрсек.
Қоғаммен қатар даму әрине оңай емес. Өзім көбіне дизайнерлік жұмыстарға қызығамын. Біздің орталыққа бұл бағытта мүмкіндіктер көп. Мен сүрініп тұрған адаммын. "Асар" орталығында маркетолог, компьютерлік жабдықтарға, интернетке, тіпті орталықтың қажетті дизайнына жауаптымын. Оған қоса осы жердің логотипін жасап шықтым. Талдықорған маған үміт сыйлаған қала. Осында қаншама жанға маңызды мағлұматтар беріп келеміз. Емделуге асыққан жандарға жәрдем береміз. Әрине, мұндай орталықтар көп болса дейміз. Инвотакси қызметі одан әрі жандана түссе дейміз, - дейді "Асар" спорттық-оңалту орталығының смм-менеджері Азамат Оспанов.
Жалпы облыс көлемінде 25 317 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде I топ – 2 704 адам, II топ – 10 190 адам, III топ – 9 051 адам, 18 жасқа дейінгі балалар – 3 372 бала саналады. Олардың мүддесін қорғау және мәселелерін дер кезінде шешу мақсатында облыс, қала және аудан әкімдерінің жанынан мүгедектігі бар азаматтар жөніндегі штаттан тыс кеңесшілер тағайындалған. Қазіргі таңда мұндай кеңесшілердің жалпы саны 11-ге жетті: облыс деңгейінде – 1, қалада – 2, аудандарда – 8 қызмет көрсетеді.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалтуға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл әлеуметтік саланы дамытудағы мемлекеттік басымдықтардың бірі екенін көрсетеді: 2022 жылы – 3,8 млрд теңге, 2023 жылы – 4,1 млрд теңге, 2024 жылы – 4,7 млрд теңге, 2025 жылы – 5,1 млрд теңге жоспарланып отыр. 2025 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша облыста техникалық оңалту құралдарына мұқтаж 13 064 адам тіркелген. Олардың 77,3%-ы (10 090 адам) қажетті көмекті алып үлгерді. Бұл көрсеткіш республика бойынша орташа деңгейден жоғары, - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.
Оның айтуынша, 2024 жылдан бастап алғаш рет 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 6 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яки 23 592 теңге біржолғы ақшалай көмек тағайындалған. Бұл – балалардың қажеттілігін жеке ескеруге бағытталған жаңа әлеуметтік бастама.
Инватакси қызметі қолжетімді ме?
Тағдырлы жандарға инваткаси қызметі қолжетімді болғаны абзал. Қазір өңірде мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы өмір сүру жағдайын жасау мақсатында кешенді әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік қолдау бағыттары артып, инклюзивті қоғам құруға нақты қадамдар жасалуда. Оңалту қызметінен бастап, көлікпен қамту, арнайы орталықтар мен жазғы лагерьлерге дейінгі ауқымды бастамалар бүгінде нақты нәтижесін беруде.
Облыс аумағында мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыруда инватакси қызметі ерекше рөл атқарып отыр. 2023 жылы жергілікті бюджеттен 290 млн теңге бөлініп, 11 жаңа көлік сатып алынды. Сонымен қатар, “Samruk-Kazyna Trust” корпоративтік қоры демеушілік көмек ретінде 3 арнайы көлік табыстады. Нәтижесінде облыстағы инватакси көліктерінің саны 20-дан 32-ге дейін артты. 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін бұл қызметке бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтардан 53 684 өтініш түсіп, олардың қажеттіліктері кезең-кезеңімен қанағаттандырылуда, - дейді облыс әкімінің мүгедектігі бар азаматтар ісі жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Роза Ақжаркенова.
Оның айтуынша, 2023 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жүріп-тұру құралдарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету жолға қойылды. 2025 жылдың басынан бері 102 кресло-арба жөнделген. Бұл мақсатқа 8,2 млн теңге бөлінді.
Инватакси қызметі әлі дамыса деген ойымызды айтқым келеді. Себебі кейбір кезде күтіп қаламыз. Өңірдегі автобустар өте тар. Оларға отыру мүмкін емес, - дейді қала тұрғыны Алмас Керімбек.
Бүгінде облыста мүгедектігі бар азаматтарға арналған 13 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда 1 548 орын қарастырылса, 1 397 адам нақты қызмет алуда. Оған қоса, 2025 жылы бұл мақсатқа 6,9 млрд теңге қаржы бөлінген.
Мекеме алдындағы пандустар қадағалана ма?
Өңірде пандус қойылмаған мекемелер бар. Олар заң аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус қоюға міндетті. Мәселен, 2022–2024 жылдар аралығында 671 нысан бейімделіп, бұл 76% орындалу көрсеткішін көрсеткен екен.
Әрбір мекемеге пандус қойылуы міндетті саналады. Бізде көпқабатты үйлерде лифт жоқ. Сол қиын. Бірінші қабаттың өзіне пандус қойылмаған үйлер бар. Қазір кезекпен беріп жатқан пәтерлердің барлығында лифт қызметі жоқ. Ол мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қиын жағдай, - дейді қала тұрғыны Айгүл Санақбаева.
Жалпы мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік қолдау тек жәрдемақымен шектелмейді. Осыны ұмытпаған абзал. Мұндағы жүйелі жұмыс – инклюзивті қоғам құруға бағытталған нақты саясаттың көрінісі. Инватакси мен үйдегі оңалту қызметтері, балаларға арналған орталықтар мен жазғы лагерьлер, емдік иппотерапия мен спорттық бағдарлама – осының барлығы ерекше жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Осыдан екі жыл бұрын Талдықорғанда “Қамқорлық” қорының қолдауымен "Аутизм және менталды бұзылулары бар балаларға арналған орталық" ашылды. Қазіргі таңда бұл орталықта 125 балаға қызмет көрсетілуде. Орын тапшылығына байланысты 2025 жылдың екінші жартысында 40 орындық қосымша бөлімше ашу жоспарланып, оған 111 млн теңге бөлінген екен.
“Талдықорған қаласындағы “Асар” спорттық-оңалту кешені тірек-қимыл аппараты бұзылған жандарға арнап тиімді оңалту бағдарламаларын ұсынып келеді. Сонымен қатар, үй жағдайында көшпелі оңалту қызметі республика бойынша алғаш рет дәл осы кешенде іске қосылды. Бұл жоба шеңберінде 108 адам медициналық сауықтыру массажы мен емдік дене жаттығуларын өз үйлерінде тегін қабылдады. 2025 жылы бұл бастамаға жергілікті бюджеттен 139,3 млн теңге бөлініп, 240 азамат оңалту қызметтерімен қамтылды, - дейді Р.Ақжаркенова.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдан бастап Алакөл ауданындағы Ақши ауылында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған “Жансая” жазғы лагері жұмыс істей бастаған. Бірінші жылы 127 бала, 2024 жылы 142 бала демалыспен қамтылса, биыл бұл көрсеткіш 160 балаға жетеді деп жоспарлануда. Алдағы уақытта Балқаш көлі жағасында да осындай лагерь салу көзделуде. 2024 жылы Панфилов ауданы Жаркент қаласында орналасқан “Мерей” оңалту орталығының базасында иппотерапия бөлімі ашылып, жыл басынан бері 30 бала осы емдік терапияны қабылдады.
Мемлекеттік қолдаудың күшеюі, инфрақұрылымның қолжетімді болуы және көмек көрсету үлгілерінің әртүрлілігі – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттуына мүмкіндік береді. Олар да қоғамның бір мүшесі екенін ұмытпайық!