Жетісуда ескірген электр жүйелері жаңарады
Талдықорған қаласы бойынша апат қаупін сейілту жұмыстары жалғасуда. Осы тұста электр жүйелерін жетілдіріп, жаңартуға бригадалары жұмылдырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыс орталығы бойынша 275 трансформатор мен 650 шақырымға тарта электр желілері қызмет көрсетсе, олардың жартысынан көбі жандандырылған. Сондай-ақ соңғы 3 күнде №189 қосалқы трансформатор станциясында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Ретке келтіру жұмыстары арнайы бригадалардың жіті бақылауымен және көмегімен жүзеге асады. Бағаналар қатаң тексеріледі.
Электр жүйелерінің жаңартылғаны дұрыс. Өйткені жылдар бойы тозығы жеткен сымдар мен бағаналар әп-сәтте апаттық жағдай туғызуы мүмкін. Кенеттен үзілген электр желілері тек жарықтың өшуіне ғана емес, адамдардың өміріне де қауіп төндіреді. Қатты жел соққанда не жаңбыр жауған кезде ескі жүйелердің сыр беріп, ұшқын шашып жататынын талай рет байқадық. Мұның алдын алу үшін дер кезінде жаңарту жұмыстарын жүргізу керек. Жаңғыртылған инфрақұрылым – қауіпсіздік кепілі, - деді қала тұрғыны Бейсембай Қожаұлы.
Сала мамандарының айтуынша, қарқынды жөндеу мен жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен орындалып, қауіпсіздікті арттыру шаралары мен жетілдіру жұмыстары қатар жүріп жатыр.
Тұрғындарға қолайсыздық тудырмау үшін қаладағы электр жүйелерін жаңарту шаралары электр қуатының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ақаулардың, түрлі апаттың алдын алуға бағытталған. Жұмыс барысында тозған желілер ауыстырылып, заманауи трансформаторлар мен қауіпсіздік жүйелері орнатылады. Бұл енгізулер мен өгерістердің жұмысы қаладағы электр жүйелері толық жанданғанша үздіксіз жүріп отырады, - дейді қалалық электр жүйелерінің бас инженері Талғат Есенов.
Ақмарал Қайрат