Жетісуда есірткі қылмысы өршіп тұр
Соңғы 6 айда есірткінің заңсыз айналымына қатысты 100-ге тарта қылмыс анықталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,4%-ға жоғары, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жеңіл ақша – ауыр қылмыстың басы
Өңірде есірткімен күрес күшейген сайын қылмыс та артып келеді. Құзырлы органдар жасөспірімдердің бұл іске бейім келетінін айтуда. Не себепті? Бұған облыстың әлеуметтік күйі әсер ете ме? Жеңіл ақшаға жастар неге құмар? Бүгін сол сұраққа жауап іздеп көреміз.
Әуелі статистикаға иек артсақ. Ең өкініштісі сол, жылдан жылға нашақорлыққа бейіл жандардың қатары көбейіп келеді. Былтыр осы кезеңде 82 жағдай болса, бүгінде 93 қылмыстық іс қозғалған. Тіпті, есірткінің өсіріп, оның жарнамасымен айналысқандар да бар. Олар көбіне облыс орталығынан бөлек, жақын аудандарда орналасқан.
Тәртіп сақшылары арнайы прафилактикалық шаралар жүргізгенімен, бұл әрекеттердің амалсыз жасалған әлсіз қадам екені байқалатындай. Оны бізге Жетісу облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Ельдар Әбдікенов былайша түсіндірді.
Қылмыстың өршуіне жеңіл ақша жатыр. Артық құмарлық ақыры жарға апарып соғарын жастар аңғармайды. Өкінішке қарай, қылмыс көлемі өткен жылдан да асып кетті. 50 есірткі қылмысы тіркелді. 25 факт – есірткіні заңсыз тарату (ҚР ҚК 297-бап), 9 факт – аса ірі көлемде сақтау (ҚР ҚК 296-бап), 2 факт – трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысу, 2 факт – есірткі насихаты мен жарнамасы, 10 факт – есірткі құрамды өсімдіктерді заңсыз өсіру, 2 факт – есірткімен жұмыс істеу тәртібін бұзу бойынша анықталды. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр, - дейді ол.
Жалпы есірткіні тасымалдау жұмыстары көбіне әлеуметтік желі арқылы жүреді. Сондықтан тәртіп сақшылары істі толық аша алмайды. Дегенмен, бүгінде есірткіге қатысты 43 теріс қылық тіркеліп, 6 айда 66 азамат ұсталған. Олардың ішінде 7-еуі закладчик, яки есірткіні жасырын қалдырушылар болса, 3-еуі кәмелетке толмаған жасөспірім. Оларды тергеу барысында көбіне жеңіл ақшаға қызығып барғанын айтқан. Ата-аналары қылмыс жасап жүрген балаларының жағымсыз әрекетінқадағаламаған. Мәселен, талдықорғандық көпбалалы ата-ана Гүлнәз Арманқызы баласының мінез-құлқы өзгергенін байқап, психологқа қаратқан екен.
Былтыр ұлым аяқ-асты тұйықталып кетті. Боқтан өзгеге ашуланатын болды. Сабақтан соң көпке дейін үйге келмейді. Бір күні сөмкесінен күмәнді иісі шықты. Әкесімен отырып ашық сөйлестік. Басында жалтарды, кейін көз жасын тыя алмай, бәрін мойындады. Досының үгіттеуімен «бір рет қана байқап көрдім» деп отыр. Сол күні-ақ психологқа апардық. Қазір баламмен күнде сөйлесеміз. Сәл де болса сенім орнаттық. Бұрын тек «сабақ оқыдың ба?” деп сұрайтын едік, енді “жаныңда не мазалайды?» деп сұрайтын болдық. Баланы аңдумен емес, тыңдаумен бақылау керек екен. Мен барлық ата-аналарға айтарым – балаңыздың мінезіндегі ұсақ өзгерістерге мән беріңіз. Кеш қалмаңыз. Есірткі деген – тек нашақордың емес, күтпеген кез келген үйдің трагедиясына айналуы мүмкін, -дейді көпбалалы ана.
Иә, баланың ішкі жан дүниесіне үңілу – махаббат пен сенім арқылы ғана жүзеге асады.
80 кг жуық есірткі тәркіленген
Кішкентай өңір үшін ескірткінің мұнша көп келі тәркіленуі көңілге күмән ұялатады. Жарты жылда 78 кг 121,51 гр есірткі анықталуы алаңдатарлық жайт. Бұл былтырғыдан 14 кг-ға аз болса да, кейбір түрлерінде өсім байқалады. Мәселенки, марихуана – 37,8 кг, гашиш – 4,8 кг болса, синтетикалық есірткі – 15,3 кг тіркелген. Өткен жылы Қарасора тұқымды өсімдік болмаса, биыл оның 20,2 кг табылып отыр. Жауапты мамандар қолдан келген амалдың бәрін жасап жатқанын айтып отыр.
“Қарасора-2025” аясында 27 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 16 есірткі қылмысы тіркелді. Нақылап айтсақ, 3 – тарату, 3 – ірі көлемде сақтау, 1 – жарнама,9 – өсімдікті заңсыз өсіру, 11 теріс қылық анықталды. 25,2 кг есірткі тәркіленді, оның ішінде: марихуана – 402 гр, гашиш – 4,4 кг, синтетика – 232 гр, қарасора тұқымды өсімдік – 20,2 кг. Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК 420-бабы бойынша 4 адам жабайы сораны жоймағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, дейді Жетісу облысы ПД есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұржан Сейсенбеков.
Осы жұмыстарға облыс әкімдігі 30,4 млн теңге бөлген. Оған тікұшақпен барлау, 39 мобильді топ, 127 қызметкер, 49 көлік жұмылдырған екен. Алакөл мен Қараталда тәулік бойы қызмет ететін посттар ашу жұмыстары жүргізіліпті.
Жетісу өңірінде соңғы жылдары есірткіге байланысты құқықбұзушылықтар мен психоәлеуметтік тәуелділікке душар болған жастардың саны көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Әсіресе 17 жасқа толмаған жасөспірімдердің есірткі айналымына араласуы — бұл дабыл қағарлық жағдай. Себебі бұл — тек құқық бұзушылық емес, ең алдымен психологиялық күйзеліс пен рухани бос кеңістіктің белгісі. Жасөспірімдер үшін есірткі – бос кеңістікті толтырудың, ішкі жанайқайын басудың жалған жолы. Бұл терең психологиялық мәселе.
Көп жағдайда балаларды есірткіге итермелейтін орта – отбасыдағы эмоционалды суықтық, түсінбеушілік пен бақылаусыздық. Ата-аналар баланың ішкі күйін, өзгерген көңіл күйін, қарым-қатынастағы тұйықтықты байқамай жатады. Ал құрдастармен арадағы беделін сақтағысы келген жасөспірім «көңіл үшін» немесе «батылдық» таныту мақсатында психобелсенді заттарды пайдаланып көреді. Кейін бұл тәжірибе тәуелділікке ұласып, өмірлік жолды күйретеді. Осы сәтте оларды дұрыс бағытқа бұру — педагогтар мен психологтардың, ең бастысы — ата-ананың міндеті, - дейді психолог Алуа Қанатова.
Өңірдегі психологиялық орталықта профилактикалық кеңестер, психоэмоционалды түзету сабақтары, ата-аналармен жеке жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі. Өкінішке қарай, көп жағдайда ата-аналар кеш келеді – бала әбден тәуелділікке түскен кезде ғана жүгінеді. Сондықтан ерте анықтау мен алдын алу қиын. Мектеп психологтарына жүктелетін жауапкершілік те үлкен. Олар әр баланың мінез-құлқындағы өзгерісті дер кезінде байқап, тиісті көмек көрсетсе – бұл бір тағдырды құтқарғанмен тең.
Қазіргі таңда есірткі бизнесі интернетке ауысқан. Мыслаы Telegram желісінде – 1458 есірткі сайты бұғатталған. Сондай-ақ 172 банктік шот бұғатталып, 23,6 млн теңге көлеміндегі заңсыз ақша айналымына тосқауыл қойылыпты.
Бүгінде бала өсіру бұрынғыдай емес. Ақпарат көп, тәрбие аз. Телефон – қалтада, «интернет – тәрбиеші». Баламыз мектепке кетіп бара жатқанда не ойлап барады, кіммен араласады, қайда барып жүр – бәрі беймәлім. Қазір ата-ана тек киіндіріп, тамақ берумен шектеліп қалды. Бірақ баланың ішкі жан дүниесімен сөйлеспесек, одан алыстап қаламыз. Сосын оларды сырт орта баурап әкетеді. Әсіресе есірткі деген бәле – қас-қағым сәтте баланы торына түсіріп алады, - дейді қала тұрғыны Жанасыл Ермек.
Шынында, есірткі ел ертеңіне қатер. Онымен күресу – ұрпақ амандығына бағытталған іс. Жетісу өңірі бұл жолдаайқын ұстаным мен батыл қадам көрсетіп отыр. Ал бұл күрес жалғасуы тиіс – санада да, заңда да, өмірде де.