Жетісуда дәнді дақыл жинау науқаны қызу жүріп жатыр

Биылғы жылы Жетісу облысында 875 мың тонна астық, яғни масақты дәнді дақылдар, дәндік жүгері, күріш жиналады деп көзделуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, бүгінгі күні дәнді дақылдардың 233,3 мың гектары немесе 72% жиналды, гектар өнімділігі орта есеппен 17,6 центнерден айналуда. Жалпы 411 мың тонна астық бастырылды.

«Себілген 80,6 мың гектар майлы дақылдардың 2,2 мың гектары, соның ішінде 1,3 мың га мақсары, 0,5 мың га майбұршақ, 0,1 мың га, зығыр орылып, 2,4 мың тонна жиналды, орташа гектар өнімділігі - 10,9 центнер. Картоп алқабының 50,4% немесе 6 мың гектары қазылып, 122,6 мың тонна жиналды, әр гектардан 205,2 центнерден шықты. Көкөніс-бақша дақылдарын жинау жұмыстары аяқталуға жақын, 9,3 мың гектардың 7,8 мыңы алынып, 227,8 мың тонна жиналды, гектарына 291,4 центнерден шығым берді», - деді басқарма мамандары.

Ал қант қызылшасын жинау жұмыстары 10 қыркүйектен басталып, бүгінгі күні 210 гектар алқаптан 8,2 мың тонна тәтті түбір жиналды, өнімділігі 399,2 цн/га құрап отыр.

Егін орағына 993 комбайн жұмылдырылып, бір астық қабылдау пункті, 380 астық қоймасы мен 81 механикаландырылған қырман дайындалды. Күзгі дала жұмыстарына 7,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 1,9 мың тоннасын алды.

Жалпы биыл ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға 23,5 млрд.теңге қарастырылса, соның 10,3 млрд.теңгесі егін шаруашылығына бағытталды.

Еске салсақ, биыл Жетісу облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы алаңы 1,8 мың гектарға ұлғайтылып, 519 мың гектарды құрады. Өткен жылы дәнді дақылдар 847,3 мың тонна болса, биыл бұл көрсеткіш - 875,3 мың тонна болып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы