Жетісуда бірлік күні қайырымдылыққа ұласты
Талдықорғанда Қазақстан халықтарының бірлік күнінде тұрғындар қайырымдылық керуенін ұйымдастырып, Батыс Қазақстан облысына азық-түлікке толы жүк көлігін жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Таң атысымен Жастар саябағына жиналған қауым бір-біріне тәтті тілегін арнап, мерекелік көңіл күй сыйлады. «Береке – бірлікте» акциясы аясында жетісулықтар жиналып, су тасқынынан зардап шеккен халыққа жылу жинауға кірісті.
Біздің күшіміз расымен бірлікте, ел басына қиын-қыстау сәт туғанда жарасымдылығымызды көрсеткеніміз абзал. Қазір аудан-ауданнан келген жұртшылық жапатармағай көмек жинап, қайырымдылық керуеніне атсалысып жатыр. Бұл жерде ұлтқа бөліну жоқ, қайта жергілікті халық бір туды көкке көтеріп, ынтымағын биік ұстауда, - дейді облыстық ардагердер кеңесінің төрағасы Ермек Келімсейіт.
Игілікті ісшара барысында жергілікті халық атынан әрі кәсіпкерлердің қамқорлығымен Орал қаласына мың тонна цемент тиеген оныншы вагон жолға шықты. Ақсақалдар ақ батасын беріп, ел бірлігін тіледі.
Одан бөлек облыстық білім басқармасына қарасты мекемелер мен облысымыздың қолөнершілер қауымы өз қолөнер бұйымдарын мереке барысында сатып, сатылымнан түскен қаражатты су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек ретінде жолдайтын болып уәделесті.
Мен қолдан жасаған әшекей бұйымдарымды сатылымға әкелдім. Түскен қаржыны батыс пен солтүстікке теңдей бөліп жолдаймын. Себебі халық қиын жағдайда. Сондықтан бәріміз бірлесе осылай жәрдем жасағанымыз тиімді. Ел тыныштығы осындай игілікті істермен жарасым табады, - дейді қолөнер шебері Әсет Асқарұлы.
Жетісу өңірі әлі де қарғын судан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жолдауға ниетті. Халық әлі де әлеуметтік көмек жинап жатыр.