Жетісуда ауыз су мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Жетісулықтар алдағы уақытта таза ауыз суға толықтай қол жеткізеді. Бүгінде орталықтандырылған сумен қамту деңгейі 92 пайызға жеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қайтарылған актив Ұмтылдың үмітін оятты

Қаратал ауданындағы Ұмтыл ауылын білесіз бе? Аядай ғана елді мекен әлі орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылмаған. Тұрғын саны екі жүзге де жетпейді. 34 үй бар. Халықтың бір тілегі – су мәселесі. Ал шағын ауылға миллиондаған қаржы жұмсап таза су жеткізу қаншалықты тиімді? Қалай ойлайсыз? Болашағы жоқ ауыл деп бөле жаруға бола ма? Бұған облыс әкімдігі не дейді? Бұл салада өңір көлемінде қандай жұмыстар жүріп жатыр? Мақаламызды осы түйткілдерді мәтақамдап тұрып жеткіземіз.

Мәселен, Асылбек қария бала күннен бері осы ауылда ғұмыр кешіп келеді. Қорасында ірілі-ұсақты малын бағып, қарашаңырақтан алысқа ұзауға батпай отыр. Қаратал өзеніне малын суғарады, құдықтан суын алып ішеді. Қартайған шақта құдықты тарту оңай емес. Сол сәтте ауыл балалары көмекке келеді. Бүгінде ауылда орталықтандырылған ауыз су желісі жүріп жатыр. Көп ұзамай таза суға тұрғындардың қолы жетеді. Мұны естіген қария мәз.

Қыста малды құдықтағы сумен суғарамыз. Оңай емес дегенмен күнделікті тірлігіміз сол болған соң оған қиналып жатқанымыз жоқ. Биыл орталықтандырылған ауыз су келеді. Үй-үйге су тартылып, халық бір жырғап қалатын болды. Аядай ғана ауыл, 180 адам тұрады. Облыс орталығынан аса алыста жатқан жоқ. Газ тартылып, су келер болса қарапайым халыққа үлкен көмек болғалы тұр, - дейді А.Жанаманов.

Жалпы, Жетісу тұрғындары толықтай таза ауыз су ішуге жақын тұр. Өңірде сумен қамту деңгейі 92 пайызға жетпек. Таза ауыз су – тіршіліктің негізі ғана емес, адам өмірінің сапасын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Осы орайда Жетісу облысында елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағытта 2025 жылы айтарлықтай ілгерілеу бар.

Бүгінде облыстағы 356 елді мекеннің ішінен 327-сі, яғни 91,3 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Қалалық 6 елді мекеннің барлығы және ауылдық 321 елді мекен таза суға қосылған. Ал 24 ауыл орталықтандырылмаған сумен, 7 елді мекен тасымалданатын сумен қамтамасыз етілуде.

Ұмтыл ауылының су құбырын қайта жаңғырту және салу жүргізу мақсатында жалпы құны 291 млн теңге құрайтын қаражат бөлінді. Сараптама қорытындысы 04.09.2023 жыл. № ОЭ-0037/23. Жалпы жоба құны 309 млн теңгені құрайды. Игерілген сомасы 70,1 млн теңге. Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып жатыр. Балпық ауылдық округіне қарасты Ұмтыл ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және салу жобасы 70%-ға аяқталды. Қажетті материалдар 80%-ы сатып алынды. Жалпы жоба бойынша су желілерінің ұзындығы 5 916 м, - дейді Қаратал ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Уалиев.

Мемлекеттің қолдауымен іске асып жатқан бұл бастамалар – ауыл мен қала айырмашылығын азайтып, әрбір азаматтың игілігіне бағытталған. Таза су – өмір кепілі. Ал оны халыққа жеткізу – ел болашағына деген жауапкершілік.

Шалғайдағы ауылдың шынайы қуанышы

Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мақсатында биыл 18 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 13-і жаңа, 5-еуі ауыспалы жоба. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Көксу ауданындағы Көксу станциясында және Талдықорған қаласында үш жобаның құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар, Алакөл ауданының Қоңыр ауылында орталықтандырылған сумен қамту жүйесі іске қосылмақ. Қоңыр ауылындағы құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталып, тұрғындар таза суға қол жеткізетін болады.

Ақсу ауданының Қопалы және Панфилов ауданының Жиделі ауылдарына кіші блок-модульдер (КБМ) орнатылып, ауыз су тапшылығын шешу көзделіп отыр. Атқарылып жатқан ауқымды жобалардың нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін облыстағы 331 елді мекен немесе 92,4 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Бұл – өңір үшін маңызды әлеуметтік көрсеткіш және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудың нақты қадамы, - дейді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.

Соңғы үш жылда облыста 420 шақырымнан астам су құбыры желісі жаңғыртылып, 24 ауылдың тұрғындары тұтынатын ауыз судың сапасы жақсарған. Бұл – өңір басшылығының ауыл инфрақұрылымына деген айрықша назарын, судың тек тұрмыстық қажеттілік емес, адам денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін аса маңызды ресурс екенін сезінуінің айғағы.

Мәселен, Қаратал ауданындағы ең шеткері орналасқан Көпбірлік ауылы – бұл игілікті жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырған елді мекендердің бірі. Бұрынғы орталықтандырылған су жүйесінде судың құрамындағы тұз мөлшері рұқсат етілген шектен бірнеше есе жоғары болған. Жылдар бойы сапасыз су ішуге мәжбүр болған тұрғындардың мәселесі облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен шешімін тапты.

Бұрын тұзды суды ішуге тура келетін, денсаулыққа зияны барын білсек те, амалсыз тұтынатын едік. Қазір таза, сапалы ауыз суға қол жеткізіп отырмыз. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен жеңіс. Онымен қоса, жолымыз жөнделді. Бұрын Үштөбеге бару – бір машақат еді, қазір 1,5 сағатта жетеміз, - дейді ауыл тұрғыны Ертіс Болатбеков.

Текелі ақыры таза суға қол жеткізді

Ал ұзақ жылдар бойы ауыз су мәселесінен жапа шеккен Текелі қаласының халқы да, ақыры, бұл күрмеулі түйінді артта қалдырды. Бұрын қалаға ауыз су Шажа мен Қора өзенінен жеткізіліп, ескі сүзгі стансасынан өткен соң тұтынуға жіберілетін. Алайда көктем мен жазда жауын-шашын мен еріген қар салдарынан судың сапасы нашарлап, тұрғындар жиі шағымданатын.

2024 жылы бұл мәселені шешу үшін кешенді жұмыс басталды: сүзгі стансасы жаңартылып, екі үлкен су резервуары (3000 м³), 16,5 шақырым жаңа су желісі, сондай-ақ 392 ысырма (су ағынын реттейтін құрылғы) орнатылды. Бұл су жүйесін толық өшірмей, қажет жағдайда тек бір бөлігін ғана ажыратуға мүмкіндік береді.

 

Жоба аясындағы барлық құрылыс-жөндеу жұмыстары 2025 жылдың мамырына дейін толық аяқталады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде тұрғындар таза, тұрақты қысымды ауыз суға қол жеткізді. Ішкі жүйелерді ауыстырудың екінші кезеңі басталды, оған 400 млн теңге бөлінген.

Таза су таптырмайды

Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылында ауыз су мәселесі соңғы жылдары бірнеше кезеңмен шешіліп келеді. 2008 жылдан бастап 2023 жылға дейін төрт кезеңдік жаңғырту жұмысы жүргізілді. Қазіргі кезде бесінші кезең қолға алынып, 178 шақырымнан астам су желісін тарту жоспарланған. Оның 22 шақырымы төселіп, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Су жүйесінің толық жаңартылуы арқылы ауыл тұрғындары көптен бері зардап шегіп келе жатқан су сапасы мәселесін артта қалдырмақ.

Су – тек қажеттілік емес, өмір сапасының көрсеткіші. Мәселен, Алакөл ауданындағы Лепсі ауылында да ауыз су мәселесі күн тәртібінде тұр. Республикалық бюджеттен 800 млн теңге бөлініп, жыл соңына дейін ауыл орталық су жүйесіне қосылады. Бұл ауылдың тіршілігіне тың серпін беретіні сөзсіз. Сол сияқты Бибақан ауылында да су жүйесі жаңартылып, тұрғындар таза ауыз суға қол жеткізді. Бұған дейін ел тұрғындары аулаларға орнатылған сорғы арқылы ғана су алатын. Әсіресе жаз мезгілінде бақша суаруға жетпей, ауыз суды үнемдеуге тура келетін.

Қазір суымыз таза, қысымы жақсы. Ең бастысы – сенім мен тұрақтылық пайда болды. Бұл – ауылымыздың дамып келе жатқанының белгісі, - дейді Бибақан ауылының тұрғыны Қапиза Хамитова.

Жетісу облысында ауыз су мәселесі келер жылы аяқталады деген сенім мол. Бұл тек тұрмыстық қолайлықты арттырумен шектелмейді – халық денсаулығының жақсаруы, ауыл өмірінің жандануы, өңірлік теңсіздіктің азаюы сынды үлкен өзгерістерге жол ашады. Таза су – бұл жай ғана ресурс емес, елге деген қамқорлықтың көрінісі. Мәселен, тау мен көл арасына орналасқан 56 ауылдың бүгінде 48-і немесе 85,7 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл – шалғайдағы елді мекендердің тұрмыс сапасын арттыру жолында жасалып жатқан маңызды қадам, - дейді ауыл тұрғыны Алмат Есенбеков.

Туризмді дамытуды таза судан бастаңыз

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, биылғы су жүйесін жаңғырту жұмыстарының бірі – Лепсі ауылынан бастау алады. Бұл елді мекендегі сумен қамту желісі осыдан 40 жыл бұрын, 1980 жылдары салынғанымен, қазір мүлде жарамсыз күйге түскен. Содан бері тұрғындар тіршілік нәрін уақытша, қолдан жасалған көздерден алып келген.

Лепсі ауылын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мердігер анықталды. Жобада 49,4 шақырым жаңа су желісі, екі сорғы станциясы, екі резервуар, трансформаторлық қосалқы станция және дизельді электр станциясын салу жоспарланған. Ауданның климаттық жағдайын ескере отырып, құрылыс-монтаж жұмыстары сәуір айында басталады, - делінген басқарманың ресми хабарламасында.

Бұл жобаның іске асуы тек Лепсі халқы үшін ғана емес, жалпы ауданның инфрақұрылымдық дамуы үшін де маңызды жаңалық. Ауылдың тіршілік деңгейін жаңа сатыға көтеретін тірек жоба болары сөзсіз.

Алакөл ауданында су тарту жұмыстары өткен жылы да жалғасқан. Бибақан ауылында орталық су жүйесі іске қосылып, тұрғындар алғаш рет таза әрі үздіксіз ауыз суға қол жеткізді. Бұған дейін сорғыдан немесе құдықтан алынған судың сапасы мен көлемі ауыл халқын қанағаттандырмаған еді.

Теректі, Көктұма және Екпінді ауылдарында су жүйесі жаңғыртылды. Ең күрделі нүктелердің бірі саналатын Тоқжайлау ауылында құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, қазір жүйені сынақтан өткізу және пайдалануға беру кезеңі жүріп жатыр. Жақында Теректі ауылында жаңғыртудың екінші кезеңі басталмақ. Бұл жүйе толық іске қосылғанда, ауылдағы тіршілік жаңа қарқын алады. Бұл – тек инфрақұрылым жетістігі ғана емес, әлеуметтік әділдіктің, ауыл өмірін жаңғырту мен дамытуға деген мемлекеттің нақты ықыласының көрінісі.

Алакөл секілді шекаралық, шалғай аудандарда ауыз су мәселесін шешу – оңай шаруа емес. Алайда бүгінгі күнде бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. Қолға алынған жобалар – болашақ ұрпақ үшін сапалы өмірдің негізі, бүгінгі халық үшін – тыныс кеңейтетін жақсылық.

Жетісу жұрты тіршілік нәрін лайықты деңгейде тұтынуға толық лайық. Ендігі міндет – әр жобаны уақытылы әрі сапалы аяқтап, ел үмітін ақтау.

Бұған Үкімет не дейді?

Жақында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет кеңесінде еліміздің су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығын жаңа жағдайларға бейімдеу мәселелері талқыланды. Сонда Жетісу облыстарының ахуалы сараланған еді.. Себебі Жетісу ауыз суды тиімді пайдаланып отырған өңірлердің қатарына енеді.

Облыс басшысы Бейбіт Исабаевтың айтуынша, облыстағы су қоймаларының орташа толу деңгейі – 70 пайыз. Ауыл шаруашылығына қажетті егіндік су толық қамтамасыз етілуде. Жоспарланған 1 млрд текше метр судың 250 миллионы шаруаларға берілген, ал қалған көлемі маусым соңына дейін жеткізілмек.

Су тапшылығының алдын алу үшін өңірде жүйелі жұмыстар қолға алынған. Су үнемдеу технологиялары мен әдістері кеңінен қолданылуда. Сонымен қатар сегіз жаңа су қоймасын салу жоспарланса, бір бөгеттің құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалды, - дейді Б.Исабаев.

Айта кету керек, бұл бастамалардың бірқатары Ислам даму банкі арқылы қаржыландырылып отыр. Бұған қоса, екі жоба республикалық, тағы екеуі жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы