Жетісуда Ауған ардагерлеріне 46 млн теңге беріледі

Облыста барлығы 307 Ауған соғысының ардагері тұрады. Олардың әрқайсысына 150 мың теңгелік бір реттік көмек қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

​Жәрдемақының жалпы сомасы 46 млн теңгені құрайды. Қаржы 15-ші ақпанға дейін түседі. Бүгінде өңірдегі ауған ардагерлері қоғамдық көлікте тегін жүруді сұрап отыр. Осы мәселе бойынша арнайы ұсыныс тастаған. Қазір осы мәселе бойынша облыс әкімдігі жұмыс істеп жатыр.

​Тарихтағы қасіретті беттердің бірі – Ауған соғысының ардагерлерінің даңқты жолы – ұмыт қалмас өнеге, ерлікке толы шежіре. Оны бөлек қарауға болмайды. Олардың еселі еңбегі мен жанқиярлығы ұрпақ санасында мәңгілікке өшпес сәуле болып қалады. Бүгінде ардагерлеріміз қоғамдық көлікте тегін жүруге ұсыныс білдірген, бұл мәселе қарастырылып жатыр. Студенттер мен зейнеткерлерге қоғамдық көліктің ақысы жеңілдетілген. Алдағы уақытта ардагерлерге де кеңейтілген мүмкіндіктер ұсынылса дейміз, - дейді Ауған соғысының ардагері Алтынбек Болатбеков.

​Айта кетейік, биыл өңірде Екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан 3 ардагер бар. Олардың әрқайсысына 2 млн теңгеден 6 млн теңге қарастырылған. Сонымен қатар жылына бір рет санаторий-курорттық тегін еммен қамтылады, оған қоса коммуналдық шығындарға жұмсалатын шығындар өтеледі.

​Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшылығы олардың қажырлы еңбегін ескеріп, әлеуметтік қолдауды күшейтіп отыр. Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілгендерге – жалпы саны 3 218 адамға біржолғы әлеуметтік көмек төлеуге 393,8 млн.теңге бөлінген. Алдағы уақытта қаржы жеке шоттарына түсетін болады. Облыс орталығында мамыр айында арнайы үлкен концерт ұйымдастырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы