Жетісуда алты мыңға жуық ағаш отырғызылды
Жетісуда "Жаңару күні" игі дәстүрмен бұлақ көзін ашып, жасыл желек егу рәсімдерімен бастау алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде "Көктем" саябағы ерекше серпінге ие болып, оның аумағында жапырақты және қылқан жапырақты ағаштардың 200 түбі отырғызылды. Табиғат жанашырлары мұны қаланың көркеюіне жасалған маңызды қадам деп бағалады. Жас көшеттер алдағы уақытта саялы ағашқа айналып, қала тұрғындарына тынығатын жайлы орын болмақ.
Қаламызда көгалдандыру жұмыстарының жүргізіліп жатқаны көңіл қуантады. Наурыз мерекесінде ағаш отырғызу – тамаша дәстүр. Бұл тек мерекелік шара ғана емес, қоршаған ортаға қамқорлық көрсетудің нақты қадамы. Егер әр азамат табиғатты аялауға атсалысып, оны таза ұстауға жауапкершілікпен қараса, қаламыз жайлы және жасыл мекенге айналар еді. Мұндай шаралар жалғасып, халық та оған белсенді қатысса екен деймін,- дейді қала тұрғыны Тұмар Сейітова.
Облыс орталығы Талдықорғанда Көктем мерекесінің құрметіне орай табиғатты көгалдандыруға бағытталған кең ауқымды экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Жаңарған табиғат, көгерген ағаштар, сылдырап аққан бұлақ – мерекенің символы іспетті. Наурыз мейрамында осындай игі істердің жүзеге асуы халықтың қоршаған ортаға деген жанашырлығын танытып, келер ұрпаққа экологиялық мәдениетті дәріптеудің үлгісін көрсетті.
Наурызнама онкүндігінің алтыншы күні ағаш отырғызуға арналып отыр. Осы арқылы біз ұрпақты табиғатты аялауға, айналасын көгалдандыруға, Жер-Анаға мейіріммен қарауға үйретеміз. Бүгінгі акция бір реттік шара емес. Біз облыс көлемінде көгалдандыру жұмыстарын жыл бойы жүргіземіз. Биыл өңірде 120 мың ағаш отырғызу жоспарланған, соның 5 мыңға жуығы Наурыз күндері отырғызылады,- дейді Бейбіт Исабаев.