Жетісуда әлеуметтік салада 4 млн теңге негізсіз жұмсалған

Әлеуметтік салада мансап орталығы жобалары аясында жұмысын тоқтатқан тұлғаларға жалақыны негізсіз аудару фактілері тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жетісуда әлеуметтік салаларда туысқанын не танысын жұмысқа тартып, жалақы беретін әлеуметтік мекемелер анықталып отыр. Жұмысқа жаңадан келген қызметкерлеріне бір ай өтпей жатып, қосымша сыйақы берген оқиғалар да кездеседі. Оны бізге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Саян Ахметжанов айтып берді.

Биыл облыс көлемінде әлеуметтік салада мансап орталығы жобалары аясында жұмысын тоқтатқан тұлғаларға жалақыны аудару фактілері анықталып отыр. Одан бөлек бір ай жұмыс істеген адамдарды қосарлы қаржыландыру жағдайдары да белгілі болды. Сондай-ақ қысқа мерзімде жұмыс сынағынан өткен адамдарды жұмысқа қабылдау фактілері де тіркелді. Зерттеу барысында ұсыныстарды орындау мақсатында мемлекет бюджетіне негізсіз төленген 4 млн теңге қайтарылды, - дейді С. Ахметжанов.

Өңірде жұмыссыздар саны күннен күнге артып келе жатқаны белгілі. Осы ретте жұмыссыз ретінде тіркеліп, мемлекет тарапынан 6 айға дейін қаржы алып отыратын тұлғалар бар. Олар жұмыс табылғанша жәрдемақымен жан бағады.

Қазір әлеуметтік деңгейі төмен отбасылар бар. Оларға мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Мәселен, туысын жұмыссыз ретінде тіркеп, қаржы аударып отыратындар бар. Елді алдап, мемлекет қаржысын жымқыратын мемлекеттік қызметкерлер бар. Олар заңды белшесінен басып, қолындағы билікті артығымен пайдаланады. Ал қарапайым халық таныссыз жұмысқа тұра алмайды. Кейде жұмыссыз ретінде тіркелуге барсаң, қабылдамай қоятындар да бар, - дейді қала тұрғыны Айғаным Қанабаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы