Жетісуда 94 медициналық нысан бой көтереді
Өңірде денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды дамытуға басымдық бермек. Осы ретте 59 медициналық кешен ауылда тұрғызылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңірдегі алыс-жақын елді мекендерге шағын құрамалы медициналық нысандар көптеп салынуда. Алдағы уақытта «Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде 60-қа тарта нысанның іргесі қаланбақ. Атап айтсақ, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және медпункттар ашылады. Осы ретте нысандардың 27-сі заманауи блокты-модульді құрылыс болмақ.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, осы мақсатта 2022 жылдан бері өңірде 40-тан астам нысан салынған. Нақытлай кетсек, алдынғы жылы 12 ғимарат бйо көтерсе, былтыр 22 БМК медпункт іске қосылған.
Осы жылы денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат көлемі өткен жылмен салыстырғанда артты. Бүгінде оның көлемі, 92,3 млрд теңгеге жетті. Соған орай жаңа медициналық нысандар салынып, мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылмақ. «Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін соңғы екі жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдардың заманауи құралдармен жабдықталу деңгейі 93 пайызға жетіп отыр. Мұның бәрі өз кезегінде жергілікті жерлерде дұрыс диагностикалау мен сапалы емдеуге, сырқаттың алдын алуға жол ашады. Әрі саланың ілгерлеуіне сеп болмақ, - дейді басқарма басшысы Арман Жансеңгіров.
Айта кетейік, былтыр 3,1 млрд теңгеге 300 бірлік медициналық техника мен 29 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынған еді. Осы жылы тағы да сол мақсатта 4,7 млрд теңге бөлінеді. Бұл шалғай ауылдардағы жедел-жәрдем көлігінің жаңаруына жол ашады.