Жетісуда 363 млн теңге тиімсіз жұмсалған

Жетісуда мемлекеттік сатып алу ісіне байланысты қажетсіз қолданылған қаржының 13 фактісі тіркелді. Оған жұмсалған сома көлемі – 363 миллион теңге. Қазір өңірлік антикор осы мәселе бойынша нақты шешімдер қабылдауда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кәсіпкерлердің құқығы қорғалады

Жетісу облысында былтыр сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жүйелі жүріп, бірнеше лауазымды тұлға істі болған еді. Әр саладаға былықтарды ашып көрсетіп, осы күнге дейін заңды белшесінен басқан үлкен кәсіпорындарды да жауапқа тартқан болатын. Әкімшілік практикада осы жылы 6 адам әкімшілік жауапкершілік арқалаған. Олардан өндірілген қаржы көлемі 1 107 600 теңге. Дегенмен департамент қызметкерлері жауапқа тартылған тұлғаларға барлық соманы толық көлемде өтеуге міндеттеген. Осы ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Саян Ахметжанов ешбір адам айыппұлдан жалтарып кете алмайтынын жеткізді.

Өңірдегі антикор қызметі барынша шынайы, бүкпесіз халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Біз атқарылған жұмыстарымызды ашық баяндауға бейілміз. Бүгінде құрылыс саласы, баспана мәселесі, экология, фискалдық, кәсіпкерлік, әлеуметтік салалары жіті тексеріп жатырмыз. Ең өзекті деген жол және инфрақұрылым жүйелерінде де шикіліктер кездеседі. Одан бөлек проблемалық құрылыс нысандары, апаттық және тозығы жеткен үйлер, агроөнеркәсіптік кешен секілді 9 негізгі тараптағы түйткілдер анықталды, - дейді Саян Ахметжанов.

Мәселен, өңір аумағында әртүрлі салада қызмет ететін 500 адам банкрот деп танылған. Өкінішке қарай, бұл азаматтардың дені кәсіпке қатыса бар азаматтар. Мемлекет ұсынған заңды ұқса да, ұқпаса да халық жеке банкроттығын мойындап, Мемлекеттік кірістер департаментіне арнайы хат жолдаған. Мұны ел ішіндегі департамент қызметкерлері жарыса жазуда. Оған бір мысал, Жетісу облысындағы жағдай. Бақсаңыз, бір жыл шеңберінде 3 800-ден астам өтініш келіп түскен. Дегенменде оның 80 пайызы өтінішін қайтып алған. Неге десеңіз, тұрғындар арасында қаржылық біліктіліктің болмауы. Нақтылай кетсек, екінші дәрежелі банктер, микроқаржылық және коллекторлық ұйымдардың алдындағы қарыз көлемі 651 млн тенгеден асып жығылған.

Қазір өңірлік кәсіпкерлік саласы мемлекеттік органның ерекше бақылауында отыр. Департамент мәліметіне сүйенсек, «Бизнеске жол» жобасы аясында жыл басынан бері 10 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Тіпті олардың қаржыландыру мәселелері шешіліп, шарттары ұзартылған.

Біздегі ең қиын мәселе субцидия саласы ғой. Жыл сайын кездесетін бір кедергі. Ол – ұсынылған құжаттың дұрыс еместігін айтып, кері қайтарады. Көп жағдайда шағын және орта кәсіп иелері мемлекет тарапынан қожалықтарына қолдау күтеді. Ауылшаруашылық техникаларының қымбат екені белгілі, сол үшін инвестициялық субсидия алуға өтініш береміз. Алайда соған жауапты басқарма өкілдері құжат пакетінің толық еместігін айтып, өтінішімізді жиі кері қайтарады. Ал шынында құжаттарымыз заңды болған екен. Бұл іске антикор араласып шешті. Біздің құжаттың толықтығы Мемлекеттік ақпараттық жүйені зерделеу арқылы анықталған, - дейді шаруа иесі Абылбек Әбдіжаппаров.

Мысалға былтыр осы түйткіл шеңберінде департаментке 800-ге жуық өтініш келіп түскен екен. Ал сома көлемі 1,5 миллиардтан асады. Кәсіпкерлердің өкінішке қарай, заңды құқықтарын талап етуге сауаты жетпейді. Сөйтіп, шығынға батады.

Осы тұста тағы бір жайтқа назар аударғым келеді. Облыс бойынша тәуекел картасында тұрған проблемалық құрылыс объектілері бар. Атап айтсақ облыс орталығында ел ішіне танымал коттедж қалашығы. Жүргізілген зерттеулер бойынша стандартты 2-ші және 3-ші коттедждің құрылысы талапқа сай емес. Оған қоса аланың суару желілерін қайта жаңарту қажет. Алакөл көлінің қоршау бөгетін салу да маңызды. Осы мәселелер біздің тараптан үнемі қадағаланып отырады, - дейді Саян Қылышұлы.

336 лауазымды тұлғаға 40,4 млн теңге айыппұл салынған

Қараңыз, жол саласы бойынша сертификатталмаған және сапасыз материалдарды қолдану тәуекелдері толығымен жойылған. Бұл ретте ішкі мемлекеттік аудит департаменті жергілікті атқарушы органның 2,6 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алуы шартын тоқтатқан. Мәселен, былтыр аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде 13 миллион теңге көлемінде бұзушылықтар анықталған. Оның 60,5 пайызы рәсімдік сипатта болса, қаржылық бағыт 16,2 пайыз.

Өткен жылы аудит объектісінің 336 лауазымды тұлғасы 40,4 миллион теңге көлемінде жаза арқалады. Ең маңыздысы, ол соманың 32,2 миллион теңгесі бюджетке қайтты, ал қалғаны өндіру үшін жұмыс істеліп жатыр. Одан бөлек 120 лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Тіпті, 4-еуін жұмыстан босаттық, - дейді облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Талғат Түлтебаев.

Оның айтуынша, есепті кезеңде анықталған бұзушылықтарды жоюға және оларға жол берген жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарау мақсатында аудит объектілеріне 112 нұсқама жіберілген. Оның 89 нұсқамасы орындалған. Ал 11 нұсқама облыстық прокуратураға табысталыпты. 9 материал бойынша қылмыстық іс қозғалған, 5 нұсқамаға сот процесі жүріп жатыр.

Былтыр 403,2 миллиард теңгеге 19 760 лоттар камералдық бақылаумен қамтылуға тиіс болғанымен, тек қана 386,3 млрд.теңгеге 19 286 лоттары камералдық бақылаумен қамтылған. Яки 97,6 пайыз. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жоюға тапсырыс берушілерге және ұйымдастырушыларға 3 921 хабарлама жолданған. Осы істің нәтижесіне үңілсек, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 207-бабы 2-тармағына сәйкес, 5 мыңнан астам лауазымды тұлға 900 миллионға жуық теңгелік әкімшілік жауапкершіліктен босатылыпты.

Ең ауыры өңірде құқық бұзушылықтар көбіне білім, құрылыс және медицина салаларында болады екен. «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңның 32-бабына сәйкес департамент бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың орындалмағаны үшін 5 мемлекеттік мекемеге шығыс операцияларын тоқтата тұру жөнінде шара қабылдаған. Оларды түстеп көрсетсек, Қаратал ауданының экономика және қаржы бөлімі – 4, Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжі – 13, Нұр Жолы кеден қызметі – 1, Ақсу ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді және спорт бөлімі – 1 хабарлама жолданыпты. Бүгінде бұл хабарламалар толық орындалған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы