Жетісуда 32 инватакси қызмет көрсетеді
Мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғамның бір бөлігі. Оларды қолдау мақсатында облыста 32 инватакси қызмет көрсетуде. Оған қоса жыл сайын мүгедектігі бар жандар керекті техникамен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңірде инклюзивті орта қалыптастыру жұмыстары бірнеше бағытта қарқынды жүруде. Облыс бойынша мүгедектігі бар тұрғындарға арнайы әзірленген қызмет түрлерін ұсынатын 13 мекеме жұмыс істейді. Талдықорғанда “Асар” спорттық оңалту кешені жұмыс істейді. Сондай-ақ қалада 150 орынды сауықтыру орталығының құрылысы басталады. Ал облыс көлеміндегі ғимараттарды мүгедек жандар үшін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 70 пайызға жақындады.
Инватакси – ерекше қажеттілігі бар жандар үшін үлкен көмек. Қоғамдық көліктердің бәрі бірдей ыңғайлы емес, ал жеке такси қызметтері қымбатқа түседі. Инватаксидің болуы олардың күнделікті өмірін жеңілдетіп, еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Менің таныстарымның арасында да осы қызметті пайдаланатын адамдар бар, олар инватаксидің ыңғайлылығы мен жүргізушілердің сыпайылығын жиі айтып отырады. Қоғам үшін өте маңызды бұл қызметтер барлық қалада қолжетімді болса, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасы жақсара түсер еді деп ойлаймын, - дейді қала тұрғыны Раушан Дүйсенбай.
Жетісу облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы екі жыл аралығында өңір көлемінде 625 нысан мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалысына бейімделген. Биыл тағы 195 мемлекеттік және жекеменшік мекемеде осындай жұмыстар жүргізу көзделген. Алдынғы жылы “Қамқорлық” қорының жәрдемімен аутизм және психикалық дамуында ауытқуы бар балаларға арналған орталық қызмет көрсете бастады. Мұндай нысандар үшін керекті қаражат қарастырылған.