Жетісуда 153 мың адам – әлеуметтік осал топ өкілі
Өңірде жылдан жылға әлеуметтік осал топқа жататындар саны артып келеді. Биыл оларға 6 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік кодекс аясында халықтың осал топтарынан шыққан 79,8 мың адамға әлеуметтік көмек көрсетуге 6 080 000 теңге көзделген. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек 44 мың адамға жалпы сомасы 4,2 млрд теңге қарастырылған. Соңғы алты айда 4796 отбасыға 1,2 млрд теңге АӘК төленген.
2024 жылы АӘК алушы отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі 9562 балаларға 1,5 АЕК мөлшерінде 409,9 млн теңге қосымша әлеуметтік көмек қарастырылған. Биылғы жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша 1 жастан 6 жасқа дейінгі 7,5 мың балаға 177,5 млн теңге көлемінде әлеуметтік төлем жүргізілді. Келер жылы да жалғастырылатын болады. АӘК алушылардың қатарынан еңбекке қабілетті отбасы мүшелері Мансап орталықтары арқылы жұмыспен қамту шараларына жолданады, - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Ермек Мизамбаев.
Былтыр жұмыспен қамту шараларымен 1,3 мың адам қамтылған. Нәтижесінде АӘК алушылардың жалпы саны 2022 жылмен салыстырғанда 7 мың адамға немесе 20%-ға азайған. Биыл шілдедегі жағдай бойынша АӘК алушылардың ішінен жұмыспен қамту шараларымен 576 адам қамтылған. Биыл халықтың осал тобына жататын 79,8 мың адамға әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Әлеуметтік көмектің біз үшін маңызы зор. Әсіресе көпбалалы ана ретінде қиналып аламыз. Жеті баланы жалғыз асырау оңай емес. Базарға барсаңыз бәрі қымбат, азар да безер болған халық. Өзім жұмыс істейін десем, кішкентайлардан ұзап кете алмаймын. Балаларға ай сайын берілетін қаржыны біраз көбейту керек. Себебі азық-түлік өте қымбат, - дейді көпбалалы ана Әзиза Тасқынбаева.