Жетісуда 100-ге жуық қылмыс тіркелді
Бұл он күн ішінде орын алған айып. Қылмыстың 43-і ашылған, тіпті іздеуде жүрген 2 қылмыскер құрықталған. Қазір полиция қызметкерлері есірткіге әуес жастарды ұстауда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңір шағын болғанымен, қылмыс саны азаяр емес. Мәселен, «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүздеген тәртіпсіздіктің беті ашылған. Нәтижесінде өңір аумағында 79 қылмыс тіркелген.
Бүгінде облыс аумағында 4486 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұрын орын алған 23 қылмыс ашылды. Сонымен қатар өңір көлемінде есірткі заттарын сақтағаны үшін 5 адам ұсталып, қолдағы заттары тәркіленді. Нақты тұратын жері жоқ 10 адам қабылдау тарату-орындарына қамалды. Уақытша бейімдеу және интоксикация орталығына қамалғандар саны – 97 азамат. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына 4 адам орналастырылды. Қазір әріптестеріміз осы бағытта жүйелі жұмыс істеп жатыр, - дейді облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайсар Мухметов.
Қазір өңірде «Қару өткіз – сыйлық ал» атты тіркелмеген қаруды сатып алу акциясы жүріп жатыр. Ондағы мақсат заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды қауіпсізжерге көшіру. Суық қаруды ақшалай сыйақы үшін тапсыруға ниетті азаматтар қалалық не аудандық полиция бөлімдеріне өтініш бере алады. Тіпті, ерікті түрде тапсырған адамға материалдық өтемақы төленеді. Бүгінде оның көлемі 10-нан 100 АЕК-ке дейін көтерілген.
Жақында атыс қаруын алып жүргені үшін бір, оқ-дәрілерді заңсыз алып жүргені үшін 3 адам ұсталған. Сондай-ақ, суық қаруды заңсыз пайдаланған 2 адам анықталған. Заңсыз сақталған қару-жарақты тапсырған тұрғындар әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.