Жетісу жылыту маусымына дайын ба?

Былтырғымен салыстырғанда өңірде көмір бағасы 15 пайызға өскен. Халық бұған наразы. Биыл облысқа 453,8 мың тонна көмір керек. Ал жылыту маусымына дайындық үшін бюджеттен 10,9 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Жылыту қазандықтарының жайы қалай?

Екібастұз қаласындағы төтенше жағдай ұлттың басына қара бұлт болып үйірілді. Кеңес заманынан келе жатқан жылыту желілері әбден тозған. Оған тағы бір дәлел, былтыр қыста өңір орталығында жылыту қазандықтары істен шығып, халық әбігерге түскен еді. Абырой болғанда, мәселенің мәні табылды. Бұдан сабақ алған жетісулықтар бүгінде күз басталмай жатып қыстың қамына кірісуде. Жауапты мамандардың сөзіне сүйенсек, жылыту қазандықтарына жүргізілген жаңғырту жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асуда.

Бүгінде бюджеттен қарастырылған 10,9 млрд теңгенің 3,7 млрд-ы жылумен жабдықтау нысандарына, ал қалғаны отын сатып алуға жұмсалған. Одан бөлек кәсіпорындардың меншікті қаражатынан 1,1 млрд теңге қосымша қарастырылған. Энергия кәсіпорындары үшін жылыту маусымына 365 мың тонна көмір, 10,1 мың тонна мазут әзірлеу қажет. Осы мақсатта «Талдықорғанжылусервис», «Алакөлжылу», «Сарқанжылу» «АсуТВК» «Панфиловсуқұбыры» мекемелері мен «Жылыту орталығы» ЖШС-лардың көмір және мазут сатып алуына бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінген. Бюджеттік ұйымдарға көмір және дизель отынын жеткізу, жеке секторды көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі. 2 мыңға жуық көпқабатты тұрғын үй және бюджет саласының 936 объектісін қысқы жылыту маусымына дайындау жұмысы тексерілуде.

Бүгінде орталық қазандықтарды жаңғырту, электр мен жылу желілерін жөндеу қызметі қолға алынды. Биыл облыс орталығы мен Текелі шаһарын және Сарқан, Панфилов, Алакөл секілді алыс аудандарды жылумен жабдықтау басты назарға алынды. Осы мақсатта 3,7 млрд теңге көзделген. Бұл қаржы ағымдағы жөндек жұмыстарына жұмсалады. Оған қоса Талдықорғандағы №4 қазандықты газбен жылытуға ауыстырылмақ. Ал Текелідегі «Алатау» шағынауданындағы жылу желілерін қайта салынады.Үшарал қаласындағы қазандықтар жаңғыртылып, Панфилов ауданына қарасты Нұркент ауылының жылу желісін кеңейтілмек. Сонымен қатар Сарқан кентінің қазандығын ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары жүзеге асады, - дейді жауапты мамандар.

Олардың айтуынша, облыстық бюджеттен «Басқуат» қазандығын қайта құру және кеңейту» жобасын қайта жасақтау үшін 500 млн теңге бөлінген. Қазір соған сай жұмыс жүргізілуде. 2024 жылы наурыз айында тәмамдалып, алдын ала мөлшерленген құны 25 млрд теңгені құрайтын жоба 2024-2025 жылы жүзеге аспақ. Электрмен жабдықтау жобасына да облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, 205 шақырымнан астам электр желісі қайта жаңғыртылады. Осы мәліметтерге сүйенсек, жетісулықтар қысты жылы өткереді деп қортынды жасай беруге болатындай. Ал енді көмірдің мәселесіне келейік…

Көмір қымбат, көңіл күпті

Тамыз аяғы, қыркүйек басы көмір іздеген халықтан көз ашпайсыз. Жылдағы қайталанатын бір оқиға. Кезек күткен адамдар, көмірдің сапасына деген арыз, бағаға келіспеушілік ел ішінде дау-дамайды көтереді. Қазір өңірдегі тұйықтар арнайы белгіленген бағамен тас отынды саудалап, тонналап тасып жатыр.

Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Данияр Искаков биыл көмірдее таршылық көрмейміз деп отыр.

Өңір бойынша 34 көмір тұйығымен 4 қойма қызмет атқарады. Бүгінде онда 30 мыңға тоннаға тарта көмір қоры бар. Орта есеппен тәулігіне 24 вагон 1 656 тонна көмірді жеткізуде. Биыл қыстан аман есен шығу үшін 500 мың тоннаға жуық көмір қоры қажет. Осы айда 65,4 мың тонна көмірді алып келу жоспарланған. Аудан және қала әкімдіктерінің ақпараты бойынша көмірдің бір тоннасы орташа есеппен 17 200 – 18 300 теңге, ал теміржол қатынасы жоқ Ақсу және Сарқан аудандарында 24 000 – 26 500 теңгені құрайды, - дейді Данияр Искаков.

Былтыр көмірдің орташа бағасы 14 800 - 23 000 теңге аралығында болған. Және қыс ортасы бірте-бірте жоғарылағаны белгілі. Жетісу халқының дені көгілдір отынға қосылғанымен көмірге сұраныс азаймай отыр. Өткен жылы тұрғындар қысқы маусымда орташа есеппен 487,8 мың тонна қатты отын жаққан. Биыл да сол көлемде тұтынбақ. Демек, қаншама ауыл көгілдір отынға қосылды дегенімізбен халықтың көмірге деген сенімі азаймай отыр.

Облыс әкімдігі бағаны тұрақтандырамыз дегенімен алып-сатарлар ойына келген соманы айтады. Былтыр қыс ұзаққа созылып тоннасын 25 мыңнан сатып алдық. Қаражыраға қарағанда, Шұбаркөл өтімдірек. Сондықтан халық тәуірін алуға асығады. Оның бағасы қазір 20 мыңның үстінде. Қазір көпбалалы отбасылар көп, оларға азын аулақ жеңілдік жасау қажет. Сосын көмір жеткілікті дегенімен, жылда жетпей қалып жатады. Амалсыз үгінін жағып, түтінге көмілуге тура келеді, - дейді Еңбек ауылының тұрғыны Жасар Өтеміс.

«Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, қақаған қыстан қысылмай шығу үшін жетісулықтардың басым бөлігі ерте бастан қамданған. Мысалға, мамыр-тамыз айларында жүз мың тоннадан астам көмір сатылған.

Жұмыстың нақты да заңды орындалуы мамандардың тікелей назарында. Тіпті, арнайы мониторинг те жүргізіледі. Бүгінде бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаменті көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жұмыс істеп жатыр. Теміржол қатынасы жоқ шалғайдағы Сарқан мен Ақсу аудандарына көлікпен Талдықорған мен Алакөлден қатты отын жеткізіледі.

Жылдағыдай Ақсу ауданындағы жалғыз тұйық – І.Жансүгіров ауылында орналасқан. Оған жауапты қызметкер Сейдахмет Жаңабатыров бағаны тұрақтандыруға барынша күш салатынын жеткізді.

30 жыл осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрміз. Бәрі жіті таныс, халықтың сұранысына сай жұмыс істеудеміз. Әрине, жылда баға қосылып отырады, бірақ арнайы белгіленген межеден асып кетпеуін қадағалаймыз. Арнайы жүк көлігін жалдап, тасымалдаймыз. Мысалға, қатты отынның тоннасы 30 мың теңге. Осы бағаны ұстап отырмыз, асып кетпейміз. Қазір қоймада көмір жеткілікті, егер тағы да қажеттілік туындаса қосымша алып келеміз, - дейді Сейдахмет Жаңабатыров.

Сарқандықтардың мәселесі салмақтырақ

Сарқан ауданында көмір әдетдегідей қымбатқа келеді. Оған себеп – пойыз жолының жоқтығы. Шаруалар көлік жалдағаны үшін, көбірек ақша сұрайды. Қазір, Сарқан қаласында 2 қойма жұмыс істеп тұр. Соның біріне жауапты Ерлан Бейсембековпен тілдескен едік.

Көмір қоры жеткілікті, тұрғындар тонналап алып жатыр. Бір тоннасы – 26500 теңге. Үш күн сайын өңір орталығынан тасудамыз. Арнайы «КамАЗ» жалдаймыз. Жағдайға қарай бізде әрекетті ширата түсеміз, - дейді Ерлан Нұрсайынұлы.

Қатты отын қашанда сұранысқа ие, қоймалардың қарекеті көңіл сүйіндіреді. Бұл теміржолы жоқ аудандардың ахуалы. Ал көгілдір отынмен қамтамасыз етілген Ескелді, Кербұлақ, Қаратал аудандарымен Талдықорған қаласындағы қоймаларға жауапты Талғат Диханбаевтың көмір бірте-бірте нарықтан шығатынына сенімді.

Өткен жылы тамыздың аяғы ел жапатармағай кезекке тұрып, тонналап үйіне тасыды. Биыл жағдай басқарақ. Қоймада көмір сол қалпында тұр. Тұрғындар аз-аздан, тіпті мөшектеп алуда. Былтырғыдай талас та, тартыс та жоқ. Меніңше, енді көмірге жарнама қажет болады-ау. Алыпсатарлар 25 мыңнан сатып жүрген Семейдің көмірі бізде 17 200 теңге. Қалтаға қолайлы баға. Келесі айда жалпы мың тонна көмірді жеткізу жоспарланған, - дейді Талғат Диханбаев.

Оның айтуынша, Талдықорғанда 5 мың тонна, Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақта 1,5 мың тонна, Үштөбеде 600 тонна көмір қоры бар. Кенет қара суық келгенде кезек көбейіп, шу шығып кетпеу үшін бар жағдай қарастырылған.

Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облысымызға «Қаражырадан» 216,8 мың тонна, «Шұбаркөлден» 237 мың тонна көмір жеткізіледі. Былтыр да осыдан кем болған жоқ.. Теміржол қызметкерлерінің айтуынша, мамырдан бері 120,8 мың тонна қара отын келген. Бұл пайыздық көрсеткішпен есептегенде 26%. Дегенмен, болжанған өлшемнің жартысына да жетпейді. Демек, алдағы уақытта вагондар көбейіп, көмір мөлшері де көбеймек.

Сарқанның мәселесі қыста көбейеді. Көмірді қыстың аяғы екі есе бағаға аламыз. Газ тартылатын түрі жоқ, көгілдір отынға тек Талдықорғанның маңайындағы ауыл-аймақтар қол жеткізіп жатыр. Бірақ оларда көгілдір отын қыста қатты суықта үйді жылытпайды деседі. Көмірді 5-6 тонна алайық десек, балаларды мектепке киіндіріп қойдық. Амал жоқ қазанның жалақысына қараймыз, - дейді көпбалалы ана Алуа Әнербай.

Осы айдың өзінде өңірге 948 вагон көмір алып келу күнтізбеге енген. Бүгіне 6 мыңға жуық тонна көмір тиеліп тұр. Қатты отыннан тапшылық көрмейміз деп сендіруде жауапты мамандар. Қыстың қалай болатыны белгісіз. Қаңтарда осы тақырыпқа қайта бір соғармыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы