Жетісу жолында қаза тапқандар саны артқан

Өңірде өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы саны +43,3%-ға артқан. Өкінішке қарай, соңғы алты айда 25 адам қаза тапқан екен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жақсы жол жүргізушіге желік бітіреді

Облыс көлемінде жол апаттарының саны неге көбейіп келеді? Бұл жол сапасына қатысты ма? Әлде жүргізушілердің мәдениетінің төмендігі ме? Күн жылына көлге асыққан жолаушылар көбіне жылдамдықты шамадан тыс асырып, өрескел ереже бұзып жатады. Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, соңғы жылы апатты жағдайлар әлдеқайда көп. Ал тұрғындар жолдың сапасы жақсарған сайын керісінше қайғылы жағдайлар көп болатыны айтуда.

Жас жүргізушілердің тәжірибесіздігі апатқа әкеп жатады. Менің бір байқағаным, жол тақтайдай болса жүргізуші көлікті еркіне жібереді. Барар ежріне ерте жетіп алу үшін жылдамдықты асырады. Жол теп-тегіс болған соң рөлдегі адамды ұйқы қысады. Такси қызметіндегілер жөнді тынықпайды да, жолаушы шықса энергетикалық сусындарды ішіп, жолға шығып кетеді. Бүгінде жас жүргізушілердің тәжірибесінің жоқтығы және жауапкершілікті толық сезінбеуі де апаттарға себеп болуда. Олар көлік тізгінін өздеріне сеніп тапсырып, бірақ қауіпті жағдайлардан қалай шығуды білмейді, - дейді автоинструктор Ерлан Ақтанбаев.

Қараңыз, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Жетісу жолдарында тіркелген жол-көлік оқиғалары қоғамды алаңдатпай қоймайды. Статистикалық деректерге сүйенсек, биылғы алты ай ішінде облыс аумағында 86 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 25 адам қаза тауып, 153 адам жарақат алған. 

Өткен 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (60 апат, 36 қаза, 107 жарақат), жол-көлік оқиғаларының саны +43,3%-ға артқан. Дегенмен, қайғылы жағдайдан қаза тапқандар саны -30,6%-ға азайған екен. Мұндай деректер терең талдау мен нақты шешім қабылдауды қажет етеді. Өйткені бір адамның өмірі – бір отбасының тағдыры.

Біз Жетісу облысында апат жиі болатын аймақтар анықтадық. Айрықша қауіпті учаскелер ретінде «Алматы – Өскемен» тас жолының 185–319 шақырым аралығы есепке алынды. Мұнда 31 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 10 адам қаза тауып, 60 адам жарақат алған. Бұл бағытта 3-взвод қызмет көрсетеді. Одан кейін «Алматы – Хоргос» тас жолының 290–355 шақырым аралығы да қауіпке толы. Онда 9 апат тіркеліп, 3 адам қаза тауып, 11 адам зардап шеккен. Бұл аумаққа жауапты – 1-взвод. Қазір аталған аймақтардың жол қауіпсіздігін саралау үшін арнайы мамандар барынша қызмет көрсетіп жатыр, дейді Жетісу облыстық ПД патрульдік полиция батальонының командирі Руслан Сатыбалды.

Полиция қызметкерлері планшет арқылы «Қорғау» қосымшасын қолдану арқылы жедел тапсырмаларды орындайды. Алайда жыл басынан бері бұл жүйені тиімді қолданбағаны үшін 58 қызметкер, оның ішінде 4 взвод командирі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Апаттың алдын алу үшін не істеліп жатыр?

Алматы–Өскемен тас жолы бұрынғыдай емес, қазір тақтайтай тегіс жатыр. Жылда кеткен кем кетікті жамап отырады. Талдықорғаннан ары асқан соң тіпті үргізушінің ұйқысын шақырады. Жол бойында қойылған бақылау камераларын жаттап алған жүргізушілер оларды айналып өтудің амалын тапқан. Сондықтан қазір жол сақшылары арнайы дронмен қадағалап отырады.

Жол апатына бір ғана себеп әсер етпейді. Бұл – жүргізушінің мәдениеті, жол инфрақұрылымының сапасы, жылдамдықты бақылау жүйесінің тиімділігі, әрі адам психологиясы. Түнгі рейстер, шаршаған жүргізуші, телефонға алаңдаушылық – бәрі де өлімге апаратын жол. Жетісудағы басты проблема – апатты аймақтарда жүргізушілерге ескерту белгілерінің жеткіліксіздігі мен кей бағыттарда патруль тығыздығының әлсіздігі, дейді Алакөл ауданының тұрғыны Арнұр Қырықбаев.

Қараңыз, облыстық ПД Патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің ақпараты бойынша, жол қозғалысы ережесін бұзған 26 049 дерек тіркелген. Деректерге үңілсек, қауіпсізді белбеуін тақпай, жылдам жүруге тырысатындар көп екен. Мәселен, мас күйде көлік жүргізу – 114 дерек, қарсы жолаққа шығу – 59 дерек, жылдамдықты асыру – 2453 жүргізуші, қауіпсіздік белбеуін тақпау – 4046 жағдай, телефон қолдану – 1598 дерек, жаяу жүргінші ережесін бұзу – 2434 жағдай анықталып отыр.

Биыл біз әр взводқа дрондар бөліп, апаттық аумақтарды “әуеден бақылау” әдісін енгіздік. Әуедегі бақылау арқылы ӘҚБтК-нің 596-бабы бойынша 59 құқық бұзушылық тіркелді. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Демек, көлік жүргізу мәдениетін күшейту – басты міндет, - дейді Руслан Сатыбалды

Бүгінде облыстық ПД Патрульдік полиция батальоны апаттың алдын алуға бағытталған бірнеше нақты шараларды қолға алған. Мәселенки, қосымша патрульдік нарядтар мен мобильді топтар көбейтілген. «Екин Патруль» жүйесі арқылы тіркеу және автоматты бақылау енгізіліпті. Одан бөлек, дрон көмегімен жол қозғалысына әуе бақылауы жүргізіліп жатыр.

Аталған департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір таңғы 04:00–06:00 аралығында жүргізушілермен профилактикалық жұмыстар күшейтілуген. Әр аптаның демалыс күндері арнайы рейдтер ұйымдастырылып тұрады. Тіпті, БАҚ арқылы халыққа ақпараттық түсіндіру жұмыстары атқарылып жатыр.

Кейбір жүргізушілер жолды өз меншігіндей көреді. Қарсы жолаққа шығып, озуға тырысады. Белбеу тақпайды, телефонмен сөйлесіп отырады. Біз рейс кезінде ондай оқиғаларды жиі көреміз. Қайғылы жағдайлар көбіне осындай жауапсыздықтан болады. Меніңше, жүргізушілерге арналған қайта даярлау курстары міндеттелуі керек, Талдықорған-Үшарал бағытында жүк тасымалдайтын жүргізуші Серікжан Қасымов.

Бір өлім – бүтін ұрпақтың үзілуі

Өкінішке қарай, статистика көңіл көншітпейді. Апат көбейіп, жарақат алғандар саны артқан. Қаза тапқандар саны азайғанымен, әрбір қайғылы оқиға – орны толмас қасірет. Жетісу жолдары ел экономикасы үшін маңызды транзиттік магистральдар болса да, олар – ең алдымен адамның өмір жолы. Бұл жолда жауапкершілік – тек тәртіп сақшыларында емес, әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің өзінде.

Көп жағдайда жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс арттырады, маневр жасау ережесін бұзады немесе бағдаршамды елемейді. Бұл – жол апаттарының негізгі себептерінің бірі. Апат – аяқ астынан келеді. Бірақ оның алдын алу – әркімнің қолында. Белбеу тағу, жылдамдықты шектеу, телефоннан бас тарту – бір ғана ережемен талай жанның өмірін сақтап қалуға болады, - дейді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Ельдар Әбдікенов

Жетісудағы жол апаттарының алдын алу – тек айыппұлмен шектелетін мәселе емес, бұл – кешенді көзқарас пен қоғамдық тәртіпті нығайтуды қажет ететін ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Оның үстіне, соңғы жылдары аймақта автокөліктер саны артты. Адамдар қала мен ауыл арасында жиі қатынайды. Бұл жол жүктемесін ұлғайтып, апат қаупін арттырды.

Ауылдық жерлердегі және кейбір магистральдардағы жолдардың сапасы нашар. Шұңқырлар, белгінің болмауы, жарықтандырудың жетіспеуі апатқа себеп болады. Кейбір жүргізушілер өзара сыпайылық танытпайды, жол бермейді немесе ашулы күйде көлік жүргізеді. Мұндай мінез де апатқа әкелуі мүмкін”, дейді жүргізуші Айбек Балақбаев.

Жол апаттарының көбеюі – бұл бір ғана факторға байланысты емес, бірнеше себептің тоғысуы. Мамандар бұл мәселені шешу үшін жол сапасын жақсарту, қоғамдық тәрбие жұмыстарын күшейту, жаңа жүргізушілерді сапалы оқыту және жол қозғалысын бақылауды автоматтандыру қажеттігін айтады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы