Жетісу университетінде зерттеу орталығы ашылды

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің педагогика және психология факультетінде ерекше білім беру саласындағы тың бастаманың бірі – арнайы зерттеу орталығы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ерекше қажеттіліктері бар балалардың болашағына үміт шырағын жағатын, білім беру ісіне жаңа мазмұн, тың көзқарас сыйлайтын игі қадам. Орталық Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің педагогика ғылымдарының докторы, профессор Зүлфия Мовкебаеваның жетекшілігімен жүзеге асып жатқан "Мүмкіндігі шектеулі білім алушыларды бейіндік даярлауға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету" атты ғылыми жоба аясында құрылған.
Осындай орталықтардың құрылуы – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту мен тәрбиелеу үдерісін жетілдіруге жол ашады. Бұл – тек ғылыми-зерттеу алаңы ғана емес, болашақ педагогтардың кәсіби даярлығын арттыратын маңызды дүние, - дейді университет ректоры Ермек Бөрібаев.
Орталық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Есту, көру, қимыл-тірек аппараты бұзылған, сондай-ақ өзге де психофизикалық дамуында ерекшеліктері бар балалармен сапалы жұмыс жүргізуге мүмкіндік қарастырылған. Мұнда әдістемелік құралдар әзірленіп, арнайы педагогика мен психология саласына қатысты жаңа тәсілдер жасақталмақ.
Ашылу аясында "Қазақстан Республикасындағы арнайы білім беру: тәжірибе мен даму үрдістері" атты республикалық деңгейдегі дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл ғылым мен тәжірибені ұштастырып, жүректерге үміт, болашаққа сенім ұялататын инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған тағылымды бастама болмақ.
Айта кетейік, аталған білім ордасы кейінгі жылдары ғылым саласына ерекше ден қойып келеді.