«Жетісу» радиосы іске қосылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облыстық «Жетісу» радиосы әуе толқынына шықты.
«Жетісу» телеарнасы базасында іске қосылған жаңа ақпарат құралының Жетісудың барлық аймағына, соның ішінде шекаралық өңірлеріне де кедергісіз хабар таратуға мүмкіндігі бар, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жетісу» телеарнасын басқарған белгілі тележурналист Бейсен Құранбек радио ашу туралы бастама көтерген болатын. Бұл істі оның әріптестері Серік Сарыбай, Досан Қызайбековтер соңына жеткізіп, бүгін «Жетісу» радиосының ресми ашылуын өткізді.
Қазіргі кезде шынайы ақпарат тарату, идеологиялық бағытты нығайту – басты назарда. Бұл ретте «Жетісу» радиосының қосатын үлесі зор болады деп ойлаймын. Біз өз тарапымыздан әрдайым қолдау көрсетеміз. Жаңа ұжымға табысты жұмыс тілеймін, - деді салтанатты жиында құттықтау тілегін білдірген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Керімбек.
«Талдықорғаннан сөйлеп тұрмыз» деп әуе толқынына шыққан радио салтанатты ашылу рәсімін толықтай тікелей эфирде берді.
«Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Данияр Сейсенбаевтың айтуынша, арнаға тыңдарман тәулік бойына әр өңірде әртүрлі жиілікте қосыла алады. Мәселен, Талдықорған қаласында - 107.2, Жаркент - 106.5, Текелі - 104.8, Үшарал - 104.3, Лепсі -103.8, Балқаш ауданы, Балатопар елдімкенінде -102.1, Құйған - 101.7, Райымбек ауданындағы Қызылұш, Жалаңаш ауылдарында 100 жиілігінен эфирге шығады. Болашақта «Жетісу» радиосының толқыны облыстың барлық аумағына таралады. Қазір осы бағытта техникалық және құжаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр.
Радио ақпараттық-танымдық бағытта жұмыс істейді. Ұжымға белгілі қаламгер Есболат Айдабосын жетекшілік етеді. Мұнда саланың қыр-сырын меңгерген Айнұр Төлеу, Мұхит Тоқтасын, Салтанат Жексембек, Аршын Айдынбекұлы сынды редакторлар еңбек етеді. Музыкалық әрлеу, қадағалау Мақсат Арыстанбаев пен дыбыс режиссері Сафа Серғазының мойнында. Шығармашылық құрам алдағы уақытта тағы да жаңа мамандармен толыға түспек.