«Жетісу» радиосы іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында  «Жетісу» радиосы іске қосылады.

Жақын күндері Алматы облысының ақпарат кеңістігінде елеулі жаңалық болмақ. «Жетісу» радиосы іске қосылады! Сонау жылдары Бейсекең марқұм, Досан дос үшеуміз қатар отырып облыс әкімі Амандық Баталовқа шекара маңындағы аудандардың қытай тілінде хабар тыңдап отырғанын, радио аса керек екенін жеткізіп едік. Мақұл деген келісім алдық. Содан беріде том-том қағаз жинадық, түрлі инстанциялардың келісімін алдық. Есболат пен Айнұр топ жинап, радиохабардың қыр-сырын меңгеруге кірісті. Арада достан айырылған қиын күндер өтті. Сонда да істі тастамай, ақырына жеткіздік, - деп жазды Серік Әбікенұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Радио алғашында  Талдықорған қаласы, Көксу, Ескелді аудандарына хабар тарататын болады.

 9 желтоқсанда, Бейсеннің туған күнінде ашсақ деген жоспар сол қағаздар кесірінен жүзеге аспады. Енді міне бар ауыртпалықты артқа тастап, әуе толқынына шығар сәтке келдік. Өткенде тілдескенде жаңа әкім Қанат Бозымбаев та аймаққа ақпарат беру аса маңызды екенін айтып еді. Құдай қаласа Жетісудың ең қиырдағы ауылдары қазақша ән-күй, хабар тыңдайтын болады. Ең әуелі Талдықорған қаласы, Көксу, Ескелді аудандары тыңдарман болмақ. Одан кейін қытайлық радиодан мезі болған Жаркент, Алакөл өңірі кезекте тұр. Райымбек ауданының шекара маңындағы ауылдарына да қондырғы орнатылады. Балқаштың сонау қиырдағы Құйған ауылы да ел тыныс-тіршілігін біліп отырады. «Қазтелерадио» бір қағазға қол қойып, әумин деген сағатта «Жетісудан сөйлеп тұрмыз» деп жүргізушілеріміз сарнай жөнелмек. Бұл жаңалықтың бүгін, қағаз ұстап Астана мен Талдықорған арасын жол қылып, жүктің бір жағын көтерген Досан бауырымның туған күнінде жария болғанын да жақсылыққа жорырсыздар! Жалпы жарты жыл ішінде 9 нүкте қосылады! Құлақтарыңыз түрік жүрсін! - деді ол.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы