Жетісу педагогтары асық ойнап жарысты
Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық ойындарымызды дәріптеуді ойлаған жетісулық педагогтар өзара асық ойнап, арқан тартысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Игілікті іс-шараны облыстық Білім басқармасына қарасты облыстық Әдістемелік орталықтың қызметкерлері ұйымдастырды. Олар қазақы киім киіп, ұлттық ойындарымызды дәріптеді. Асық ойнап, ләңгі теуіп, арқан тартысып, бес тас пен тоғызқұмалақ ойынын да жаңғыртты.
Бүгін ұлттық спорт күні қарсаңында әріптестерімізбен бірлесіп, бабадан келе жатқан ұлттық ойындарымыздан өзара түрлі жарыс ұйымдастырдық. Қазір облыстағы білім мекемелерінде Наурыз күніне арналған іс-шаралар жүріп жатыр. Биыл жетісулық падагогтар жылдағы дәстүр бойынша дәстүрлерімізді дәріптеуде белсенділік көрсетуде. Жалпы әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізді сақтаған уақытта, оқушылар да сол үрдісті ұстанады деген ойдамын, - дейді облыстық Әдістемелік орталықтың директоры Ғалия Мухметова.
Өңір көлемінде барлық білім ордаларында Әз-Наурызға арналған жиындар өтіп жатыр. Ұлттық киім киген оқушылар көздің жауын алады. Ауылдағы мектептер ұлттық тағамдарымызды ұсынып, келген қонақтарға наурыз көже беруде.
Байырғы дәріпті дәстүрлерімізді санамызда сақтағанымыз жөн. Сол арқылы ұлттық кодымыз жаңғырады. Түркі халықтарына ғана тән Наурыз мерекесі әсіресе қазақ халқы үшін ерекше қуанышқа толы мейрам. Жетісу жерінде ақпан айының ортасынан бастап тойлануда. Қазір екі үйдің бірі наурыз көже қайнатып, дастарханы бауырсақ пен жеті нанға толы. Осындай игілікті жиындар маусымдық қана емес, басқа мезгілдерде де ұйымдастырылып тұрса дейміз. Бүгінде мектеп оқушылары қазақы киім киіп, ұлттық ерекшелігімізді әйгілеп жүр, - дейді педагог Раушан Құрманғалиева.