Жетісу өңірінің өсіп-өркендеуі егемендігіміздің арқасы - Мәслихат төрағасы
Жетісу өңірінің бюджет көлемі жыл санап артып, ауылдағы әлеуметтік салаларға көптеп бөлінуде. Осы ретте Республика күнінің қарсанында, саясаттанушы, Жетісу облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева әңгімелескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Гүлнар Қожағұлқызы, Мемлекет басшысы Жетісу өңірін құру туралы шешім қабылдағанда жаңа облыстың болашағына сенбегендер болды. Бюджет көлемі 3 есе қысқарды. Бүгінде облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қалай баға берер едіңіз?
Әуелі, келе жатқан Республика күнімен барша халықты құттықтап кеткім келеді. Жалпы өңіріміздің өсіп-өркендеуі сол егемендігіміздің арқасы. Көпке аян, 2022 жылы Алматы облысының бюджеті 1 трлн асып тұрған шақта, облыс екіге бөлініп, Жетісуға сол сомманың үштен бірі ғана тиді.
Сонда қаншама адам Талдықорғанды баяғыдай қараңғылық басады деп пессимистік көзқарас танытты. Алайда біз сендік. Өз басым тіпті қуандым. Себебі облыстың негізгі кіріс көзі Алматы облысындағы өндіріс орындарынан келгенімен, сол табысты бөлгенде дені сол мегаполис маңайындағы елді мекендерге кетеді.
Сол себепті қазіргі Жетісу облысының териториясындағы елді мекендерге көңіл жөнді бөлінбеді. Ескірген ғимараттар, ауылдардың ахуалы кейінге қалып отырды. Қазір бұл мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Біз облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен бірлесе жыл сайын аудандарды аралаймыз.
Алғашында ауыл тұрғындары газ, су, жол, жайылымдық жер мәселесін жиі айтатын. Қазір азайды, барған сайын ақсақалдардың батасын алып қайтамыз. Оның үстіне облыстық мәслихат депутаттары халықпен жиі кездесіп, көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал етуде.
Байқасақ, облыстық бюджеттердің басым бөлігі ауылдағы әлеуметтік салаларға бөлініп жатыр. Баяғыдай қаладағы құрылыс қарқынды емес секілді...
Біз халықты қалаға жинағаннан пайда таппаймыз. Қайта ауылды дамытуға күш салуымыз керек. Мемлекет басшысы да өз Жолдауында осы мәселеге басты назар аударған еді. «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», ауылдағы жас мамандарды тұрғын үймен қамтасыз ету жобалары осыны аңғартады.
Қазір өңір халқының жартысы көгілдір отынға қол жеткізді. Ауыл ішіндегі ауыз су мәселесі де шешілді. Жайылым жер де, егін егетін алқап та кәсіппен айналысамын деген ауыл азаматтарына беріліп жатыр. Облыс басшысы Бейбіт Исабаев аграрлы өңір болған соң, ауылдарға көбірек көңіл бөліп отыр.
Сондай-ақ, 2024-2026 жылдарға арналған облыс бюджеті бекітілді. Нақтылаулар мен түзетулерді ескере отырып, 2023 жылға арналған облыс бюджеті 488,9 млрд теңгені құрады. Оның ішінде: кіріс – 68,6 млрд теңге, республикалық бюджеттен трансферттер – 387,6 млрд теңге болды.
Осы ретте облыстық мәслихат депутаттарының атқарған жұмысына тоқтала кетсеңіз?
Биыл Мәслихаттың 30 жылдығына орай көлемді дүниелер атқардық. Былтырғы жылы мемлекеттік органдарға жалпы саны 141 депутаттық сауал жолданып, оның оның 40 жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді талап етіп, 20 қаражат бөлінді. Биылғы жылдың 10 айының өзінде 191 депутаттық сауал жолданған.
Мысалы, биыл Ескелді ауданы, Қоңыр ауылында орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалған, мектептің маңайында ескі электр бағаналары болды. Бұл бағаналар адам өміріне қауіп төндіріп, жаңа мектептің сыртқы келбетіне сай келмегендіктен мен «ТАТЭК» АҚ-ның Басқарма Төрағасы мен Қарабұлақ электр желілеріне депутаттық сауал жолдаған болатынмын. Ұдайы бақылауымда болған бұл мәселе 1 айға жетпей өз шешімін тапты. Қазіргі таңда мектеп ауласында адам өміріне қауіп төндіріп тұрған барлық электр бағаналары алынып тасталды.
Сондай-ақ, Облыстық мәслихат депутаты Секенбай Сейітжанұлы Көксу ауданының тұрғындарымен кездесіп, бір жыл бойы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Жиын соңында шешімі табылмай келе жатқан тоғандар мәселесін көтерген тұрғынның сауалын басты назарға алған депутатымыз тез арада мәселені шешіп берді.
Депутаттық сауал жолданған соң бір апта ішінде Айнабұлақ ауылдық округіндегі Қызылауыз және Алғабас ауылдық округіндегі Бас тоған қоқыстардан тазартылды.
Орындалған уәделер бар ма?
2800-ге жуық халқы бар Қойлық ауылдық округіндегі терапевт дәрігер тапшылығы мәселесі. Аудандық ауруханаға барсақ кезек күтесің, арасында жолға ақша қажет, ауылға аптасына бір рет ауданнан дәрігер келсе екен, деген өтінішін білдірген ауыл тұрғындары.
Аталған мәселені бақылауға алып, облыстық денсаулық сақтау басқармасына шығып, өтінішін орындауды сұрап сауал жолдадым. Бүгінде бұл мәселе өз шешімін тапты.
Сөз соңында Республика күнінің маңыздылығын айта кетсеңіз?
Бұл ұлт үшін ең ұлы мерекені бірі. Оның тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Әр адам оның қасиеті мен тарихи маңызын сезінуі қажет.
Қазір егемен еліміз өркендеу жолында өзге де мемлекеттермен терезесі тең ғұмыр кешіп келеді. Осының бәрі тәуелсіздігіміздің арқасы. Республика күні сол тәуелсіздік жолында жасаған алғашқы қадам болып қала береді.
Жетісу облысының болашағы жарқын. Құнарлы топырағы мен таңғажайып табиғаты әлі талай экономикамыздың іргесін көтереді. Еліміздің мәртебесі биік, тұғыры айқын болсын!
Әңгімеңізге рақмет!