Жетісу облысының ауылдарына жыл соңына қарай табиғи газ жеткізіледі
Жетісу облысының Үштөбе қаласы 2024 жылы толық газдандырылады. Ал Қанабек ауылына газ жылдың соңында беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы бүгін Қаратал ауданы халқымен кездесуінде Үштөбе қаласы мен Қанабек ауылы тұрғындарының газдандыру туралы сұрақтарына жауап берген облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты.
Үштөбені газдандыру биыл басталады, жоба келесі жылы да жалғасып, 2023 жылы жұмыстарды шамамен 60 % жеткіземіз, газ жүргізу 2024 жылы толық аяқталады. Қаржы бөлінген, - деді Б.Исабаев.
Жалпы ауданда 46 мыңнан астам тұрғыны бар 17 елді мекен газдандыруға жатады. Үштөбе қаласы мен Қанабек ауылынан бөлек он ауылды - Бастөбе, Жаңаталап, Ескелді би, Қызылжар, Ортатөбе, Фрунзе, Оян, Кәлпе, Көкдала, Тастөбе ауылдарын газдандырудың жобалық-сметалық құжаттары дайын. Қалған 5 елді мекенде мұндай жұмыстар 2026 жылға дейін аяқталады.
Кездесуде газға қосылу құны туралы мәселе де сөз болды. Газ қазандығы мен есептегіш құрал және басқа да қосалқы жабдықтарды қоспағанда қазір газға қосылу бағасы 170 мың теңге мен 350 мың теңгенің арасында. Осыған байланысты «ҚазТрансГаз» АҚ-мен және мердігер ұйымдармен газға қосылу құнын төмендету туралы келісімдер жүргізіліп жатқаны айтылды.