Жетісу облысының әкімі Жәнібек Әлімханұлын жеңісімен құттықтады
Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Лас-Вегастағы айтулы бокс додасында жеңіске жетіп, чемпиондық атағын қорғап шыққан кәсіби боксшы Жәнібек Әлімханұлын құттықтап хат жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүкіл әлем көз тіккен бүгінгі кәсіби бокс жекпе-жегіндегі айқын жеңісіңмен Жетісу облысы тұрғындарының атынан шын жүректен құттықтаймыз! Осы жеңісті жетісулықтар барша қазақстандықтармен бірге үлкен ықыласпен күтті және тілеулес болды. Өзіңнің мықты кәсіби дайындығыңның арқасында британдық Дензел Бентлиден басым түсіп, әлем чемпионы атағын қорғап қалдың. Бұл – біз үшін, күллі жанкүйерлер үшін айрықша қуаныш! - деді Бейбіт Исабаев.
Облыс әкімі Жәнібек Әлімханұлына кәсіби бокстағы қадамы әрдайым сәтті болып, даңқты отандасымыз Геннадий Головкиннің жеңісті жолын жалғастыруына тілектес екенін жеткізді.
Еліміздің мәртебесін өсіріп, көк Туын биіктен желбірете бер! Өзіңдей сайыпқыран мықтылармен Қазақстан спортының даңқы арта берсін! - делінген телеграммада.
Еске салсақ, бүгін қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста WBO нұсқасы бойынша британдық Дензел Бентлиге қарсы жекпе-жекте жеңіске жеткен болатын. Жәнібек Әлімханұлы – Алакөл ауданының тумасы.