Жетісу облысының әкімі сел басқан үйлерді аралап, тұрғындармен тілдесті
Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатты жауған нөсердің салдарынан су жайылған аулалар мен үйлерді аралап, тұрғындармен тілдесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келтірілген шығындар қалай есептелетінін түсіндіріп, арнайы комиссияның қорытындысы негізінде тиісті көмек көрсетілетінін айтты,
Алдымен аралауды Ескелді ауданының Ешкіөлмес ауылынан бастаған облыс басшысы Чкалов, Шереметьев көшелерінде, сол сияқты Ешкіөлместің Кирзавод аталып кеткен бөлігіндегі Әйтеке би көшесінде су басқан тұрғын үйлерді көріп, үй иелерімен сөйлесті. Бір үйдің ауласына жайылған су қора-жайына, қысқы шөбіне зиян келтірсе, енді бірінің ішіне дейін кіріп, жиһазын, дүние-мүлкін, едені мен жертөлесін зақымдаған. Бір қуанарлығы, мал-жан аман.
Бейбіт Исабаев арнайы құрылған комиссия әрібір ауланы аралап, келтірілген шығынды есептейтінін айтты. Комиссияның қорытындысына сай төтенше жағдайдан келген шығынды өтеуге қанша қаржы керек екені анықталмақ. Соның негізінде облыс бюджетінен қаржы қарастырылады.
Ең алдымен үйлерінің ішіне су кірген азаматтарға көмек көрсетіледі. Содан кейінгі кезекте ауласын су басу салдарынан қорасы, гаражы, басқа да қосалқы жайларына зиян келген тұрғын үйлердің иелеріне жәрдем беріледі. Күздің суығынан бұрын қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауымыз керек. Оған тиісті қаражат бюджетте бар. Ешкім көмексіз қалмайды, - деді Бейбіт Исабаев.
Ауыл тұрғындары облыс әкіміне елді мекеннің шешімін күткен басты мәселелерін де жеткізді. «Қарабұлаққа тартылған газ құбыры неге соның іргесіндегі Ешкіөлмеске жеткізілмейді? Бізге газ қашан келеді?» - деді тұрғындар. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Әсет Қанағатовтың айтуынша, ауылға көгілдір отын 2024 жылы беріледі, яғни Ешкіөлмес ауылы жоспарда бар. Сол сияқты ауыл көшелерінің жайы да айтылды. Ешкіөлместегі Ушаков, Тынышбаев көшелері және «Санжар» сауда үйінен Кирзаводқа дейінгі ұзын көшеге орташа жөндеу жұмыстары жасалады. Қаражаты бөлінген. Тек мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысымен келіспеушіліктеріне байланысты мердігер компаниялардың өзара дауларын заң аясында қарау процестері жүріп жатыр. Бір шешім шыққаннан кейін мердігер анықталып, жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Ауыл балаларының Қарабұлаққа барып оқуы да қиындық туғызады дейді тұрғындар. Және Қарабұлақпен екі араға жүретін қоғамдық көліктің күніне екі рет қатынайтыны да аздық етеді екен. Осы орайда облыс әкімі бұл ауылға 200 орынды жаңа мектеп салу туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Жаңа нысан 2024-2025 жылдары іске қосылады. Ал қоғамдық көлік облыс әкімінің тапсырмасы бойынша енді күніне екі рет емес, төрт рет жүретін болады.
Әйтеке би көшесінің тұрғындары арық тазалап, сенбілік өткізуге халықты жұмылдыру керектігін айтты. Мұндай шаралар су басу қаупін азайтады дейді олар. Облыс әкімі көпшіліктің бұл пікірін қолдайтынын білдіріп, аудан мен ауыл әкімдеріне көктемгі-күзгі мезгілдерде сенбіліктер ұйымдастырып, тұрғындары техникамен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырды.
Мұнан соң Бейбіт Исабаев Абай ауылында болып, Бақтыбай Жолбарысұлы көшесінің тұрғындарымен сөйлесті. Абайлықтар су басу қаупін болдырмау шараларын атқару, ауыл көшелерін жарықтандыру туралы ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі айтылған мәселелердің барлығы назарға алынатынын айтты.
Бірінші кезекте ауладан су шығару, батпақты тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгіннен бастап тексеру комиссиясы аулаларды аралап, барлық шығынды анықтағаннан кейін сіздерге тиісті қолдау көрсетілетін болады. Ендігі жерде біз тау бөктерінен аққан судың ауылға зиян келтірмеу жолын ойластыруымыз керек. Алдымен аудан әкімі арнайы карта әзірлеуі тиіс. Аймақтың су басу қатері бар жерлерін анықтап, тиісті шаралар белгіленуі керек, - деді Б.Исабаев.
Бұдан әрі облыс басшысы аздаған су басу орын алған Көксу ауданындағы Мәмбет ауылында болды, сол сияқты Қаратал ауданы аймағындағы электр жүйелерінің жай-күйін барып көрді.