Жетісу облысындағы арнайы экономикалық аймақтың жұмысы таныстырылды
Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысындағы Панфилов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Депутат «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 1200 орындық мектеп құрылысында да болды.
Жүздесуде қазіргі кезде монолит құю жұмыстары аяқталғанын, ішкі әрлеу, электр сымдарын монтаждау, терезе мен сыртқы қоршауларды орнату жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ газ қазандығын салу жоспарланып отырғаны туралы айтылды. Ғалиасқар Сарыбаев құрылысты уақтылы аяқтау мен жұмысты жоғары сапада атқару қажеттігін атап өтті.
Сенатор транзит және логистика саласы бойынша инновациялық жобалар жүзеге асып жатқан «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының қызметімен де танысты. Индустриялық аймақтағы 1000 га алаңда қазіргі заманғы өнеркәсіпті қаланың құрылысы жүріп жатыр.
Депутат сондай-ақ шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының жұмысымен танысты. Онда 20-дан астам инвестициялық жоба жүзеге асуда, сондай-ақ 22 млрд теңге сомаға 750-ден астам жұмыс орнын ашуды көздейтін жаңа 9 жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сенатор іске асып жатқан жобалардың өңір экономикасына қосатын елеулі үлесін атап өтіп, олардың одан әрі дамуына сенім білдірді.