Жетісу облысында жасөспірім қыздар арасындағы жүктілік азаймай тұр

Облыста жыл басынан бері 15-18 жас аралығындағы қыздардың 14%-ы жүкті болған. Оның ішінде 57%-ы босанса, 27%-ы жасанды түсік, ал 16%-ы өздігінен түсік тастаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір өңірде жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық мәселелері үлкен дауға айналуда. Мектепте оқып жүріп жүкті болған оқушылар аз емес. Ата-аналары бар балалар да сол күйге түсіп жатыр. Өкінішке қарай, жыныстық қатынастың ерте басталуы және де алдын-ала контрацепция әдістері туралы хабардар болмауы жасөспірімдердің денсаулығына кері әсерін тигізіп отыр. Ерте жыныстық қатынасқа түсу, жұқпалы аурулар мен қажетсіз жүктілікке әкеледі. Мұны облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Жанета Нұрманбетова айтып берді.

Биыл өкінішке қарай 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің 14%-ы жүкті болған. Олардың 57%-ы жүктіліктің тууына, 27%-ы жасанды түсік, ал 16%-ы өздігінен түсік тастаған. Бұл көрсеткіштің алдын алу жұмыстары жүрмесе, жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының нашарлауына алып келеді. Жауапкершілікті әр адам өзі сезінуі шарт. Ата-ана мен ұстазға міндет артпай, қоғам болып күресуіміз абзал, - дейді Жанета Нұрманбетова.

Жас қыздардың репродуктивті және соматикалық денсаулығының бұзылуы бала тууға, сонымен қатар болашақ ана мен нәресте өлімінің коэффициенттеріне тікелей әсер етеді.

Денсаулықты сақтау және жасөспірімдер мен жастарға тегін білікті медициналық, психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсетудің қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету үшін облыс орталығындағы Талдықорған қалалық емханасының базасында Жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Мұнда көтерілген тақырыпқа сай барлық ақпарат ала алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы