Жетісу облысында Сібір жарасының 33 көмілген ошағы анықталды
Жетісу өңірінде табиғатты қорғау прокуратурасы ветеринариялық заңнаманы сақтамаған 100-ден астам лауазымды тұлғаны жазалады. Бұл туралы BAQ.KZ Informburoға сілтеме жасап хабарлайды.
Облыс бойынша ветеринарияның лауазымды тұлғалары жануарларды вакцинациялау кезінде 33 мың заң бұзушылыққа, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершіліктен босатудың 526 фактісіне жол берген.
Облыс аумағында Сібір жарасы ошақтарының иесіз жерленген 33 жері анықталды. Онда оларды оқшаулау және сәйкестендіру шаралары жүргізілмеген, – деп жазылған хабарламада.
Ветеринариялық мекемелерде қызметкерлердің жалған диплом пайдаланғаны туралы 4 фактісі анықталды, тағы 124 қызметкер білімі мен тәжірибесі бойынша атқаратын қызметтеріне сәйкес келмеген.
Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша 100-ден астам лауазымды тұлға әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде аумақтың 3 инспекция басшысы мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылық үшін жауапқа тартылды.