Жетісу облысында кәсіпкерлерге 7 млн теңгеден астам берешек төленді
Жетісу облысының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстарды жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сарқан ауданы прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде «Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ тарапынан шарттық міндеттемелерін толық орындаған кәсіпкерлерге төлем жасалмағаны анықталды. Нәтижесінде 30 кәсіпкерге жалпы сомасы 7,1 млн теңге төленбеген.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заң бұзушылықтар жойылып, берешек толық көлемде өтелді.
Нәтижесінде кәсіпкерлердің бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарының сақталуы қамтамасыз етілді.
Жетісу облысының прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жұмысын жалғастыруда. Осы мақсатта құрылған мобильді топ тұрақты түрде жұмыс істейді.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және заңдылықты қамтамасыз ету – облыс прокуратурасының бақылауында.