Жетісу облысында гидроцикл жүргізу ережесін бұзғандар жауапқа тартылды
Тексеру барысында шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын өрескел бұзудың үш фактісі анықталды.
Жетісу облысында полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық рейдтер жүргізуді жалғастырып жатыр.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, кезекті рейд барысында 23 жастағы азамат анықталып, оған қатысты заңнамаға сәйкес шара қолдану үшін ТЖД қызметкерлеріне тапсырылды.
Тексеру барысында шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын өрескел бұзудың үш фактісі анықталды. Атап айтқанда, гидроциклді басқару құқығы жоқ адамға басқаруды беру, жүргізуші куәлігінсіз гидроцикл басқару және құтқару кеудешесін кимей су көлігін пайдалану деректері тіркелді.
Аталған құқық бұзушылықтар бойынша кінәлі азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицияның мәліметінше, мұндай әрекеттер демалушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, сондықтан халық көп жиналатын демалыс орындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау қатаң бақылауда болады.
Құқық қорғау органдары мен ТЖД өкілдері профилактикалық рейдтердің алдағы уақытта да жалғасатынын, ал қауіпсіздік талаптарын бұзған азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қолданылатынын ескертті.